1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Сұрақтар 420 сұрақ

Өздерін Ұлттық Банктің және құқық қорғау органдарының қызметкерлері деп таныстыратын белгісіз адамдар маған қоңырау шалады. Олар алаяқтарды ұстау үшін арнайы операция жүргізгені туралы хабарлайды. Менің банктік деректерімді ұсынуды және депозиттен аударым жасауды сұрайды. Оған қоса, кредиттік тарихыма, депозиттеріме, шоттарыма қатысты сұрақтар қояды.

Санат: Қаржы қызметтері

Бұл – кеңінен таралған алаяқтық схемасы.

Егер сізге алаяқтар қоңырау шалса, өзіңіздің шотыңыз, банктік деректемелеріңіз, депозиттеріңіз бен кредиттеріңіз, әсіресе кіріс SMS-хабарлардан алынған деректер және т.б. туралы ешқандай ақпарат бермеуіңізді сұраймыз. Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, жеке тұлғалармен ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жүргізбейтінін, жеке тұлғаларға азаматтардың шоттарымен алаяқтық әрекеттер жасау, дербес деректерді заңсыз пайдалану және екінші деңгейдегі банктердегі кредиттерді ресімдеу әрекеттері жөнінде қоңырау шалмайтынын қосымша хабарлаймыз.  Ұлттық Банктегі шоттар тек Ұлттық Банктің, екінші деңгейдегі банктердің және заңды тұлғалардың шектеулі санының операцияларын есепке алу үшін ғана ашылады. Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, мұндай жағдай туындаған кезде жедел іс-қимылдар мен тексеру жұмысын жүргізу үшін құқық қорғау органдарына тиісті өтінішпен жүгінуді ұсынамыз.

Қазақстан Ұлттық Банкі белгілеген базалық мөлшерлеме/ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі туралы анықтаманы қайдан алуға болады?

Санат: Ақша-кредит саясаты

Базалық мөлшерлеме деңгейі, бұрын – ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі туралы анықтама ҚР Ұлттық Банкі порталының «Электрондық анықтамалар» бөлімінде дербес қалыптастыру үшін қолжетімді.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі» деген ұғым «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы
2 қаңтардағы ҚР Заңына сәйкес «базалық мөлшерлеме» деген ұғыммен ауыстырылғанына назар аударған жөн.

Беларусь рублін қайдан айырбастауға болады?

Санат: Ұлттық валюта

Қазақстан Республикасындағы жеке тұлғалар қолма-қол шетелдік валютаны басқа қолма-қол шетелдік валютаға тек уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдардың (банктік емес айырбастау пункттері) айрыбастау пункттерінен ғана сатып ала алады және (немесе) сата алады.

Айырбастау пунктері нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай, айырбастау операцияларын жасау үшін қолма-қол шетелдік валютаның тізімін өздері белгілейді.

Осылайша, шетелдік валютаны айырбастау (соның ішінде, Беларусь рублін айырбастау) мәселесіне қатысты  сұрақпен Сіз айырбастау пунктіне жүгіне аласыз.

Банктік емес айырбастау пунктерінің мекен-жайын біздің сайтымыздан білуге болады.

Еуро монетасын (номиналы 2 евро) қайдан айырбастап алуға болады?

Санат: Ұлттық валюта

Еуро монетасын айырбастауға қатысты сұрақтың мән-жайын тікелей уәкілетті банк пен уәкілетті ұйымның (банктік емес айырбастау пункті) айырбастау пункттерінен білуге болады. Банктік емес айырбастау пункттерінің мекен-жайын  біздің сайтымыздан біле аласыз.

Айта кетейік, уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдардың айырбастау пунктері шетелдік монеталарды (мемлекеттер тобының монеталарын), соның ішінде, еуро монеталарын сатып алу, сату және айырбастау мәселесіне қатысты шешімді өздері қабылдайды.

Ұлттық Банктен шетелдік валютаны айырбастап алуға бола ма?

Санат: Ұлттық валюта

Қазақстан Республикасындағы жеке тұлғалар қолма-қол шетелдік валютаны басқа қолма-қол шетелдік валютаға немесе қолма-қол ұлттық валютаға тек уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдардың (банктік емес айырбастау пункттері) айрыбастау пункттерінен ғана сатып ала алады және (немесе) сата алады.

Менде шетел валютасындағы мыжылған және жыртылған банкноттар бар. Осы банкноттарды қайда және қалай айырбастап ала аламын?

Санат: Ұлттық валюта

Егер қолма-қол ақшадағы шетелдік валютаның банкноты бүлінген болса (мыжылып, жыртылған болса) ол ақшаның айналымға қаншалықты жарамды-жарамсыз екенін анықтап алу керек.

Айналымға жарамсыз, соның ішінде, төлемге жарамсыз банкноттарды ауыстыру үшін (валютаны шығарған банк айналымнан алып тастаған банкноттар) тиісті шетелдік валютамен инкассалық операция жасайтын шетелдік банктермен корреспонденттік қарым-қатынас және (немесе) келісім орнатқан екінші деңгейлі банктерге бару керек.

Тазартылған алтын құймалардың құны?

Санат: Ұлттық валюта

Алтын құймалардың бағасын екінші деңгейлі банктер мен уәкілетті органдар (банктік емес айырбастау пунктері) өздері бекітеді. Құймалардың бағасын банкттердің сайтынан білуге болады («Қазақстанның Халық Банкі» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «First Heartland Jysan Bank» АҚ, «Банк ЦенрКредит» АҚ және банктік емес жекелеген айырбастау пунктері).

Тазартылған өлшемді алтын құймаларын қайдан сатып алуға болады?

Санат: Ұлттық валюта

Тазартылған алтын құймаларды екінші деңгейлі банктерден («Қазақстанның Халық Банкі» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «First Heartland Jysan Bank» АҚ, «Банк ЦенрКредит» АҚ) және банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінен сатып алуға болады. Ұйымдардың тізімін Ұлттық Банктің филиалдарынан біле аласыз. Ұлттық Банк филиалдарының мекен-жайы мен байланыс деректері сайтымызға жазылған.

Монета «proof» сапасында жасалды дегеніміз қандай мағына береді?

Санат: Ұлттық валюта

«Proof» сапасы – монета соққан кезде айнадай жылтыр беті жасалатын  ерекше технология. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 1999 жылдан бері «proof» сапасында бағалы металлдардан коллекциялық монеталар шығарып келеді.

Бұрын сатып алған коллекциялық монетаны Қазақстанның Ұлттық Банкіне қайтарып беруге бола ма, болатын болса, қалай қайтару керек?

Санат: Ұлттық валюта

Коллекциялық монеталар бағалы металлдардан (алтын мен күміс) және бағалы емес металлдардан (мельхиор мен никель күмісінен) санаулы тиражда дайындалады. Олар коллекция ретінде жинап, нумизматикалық (екінші) нарықты дамытуға арналған, екінші нарықта олардың сұранысы тиражына, тақырыбына, дизайнына, дайындалған сапасына және қолданылған технологияның жаңалығына байланысты болады.

Ұлттық Банк жеке және заңды тұлғалардан тек Ұлттық Банк шығарған коллекциялық монеталарды сатып алады. Басқа мемлекеттердің коллекциялық монеталары қабылданбайды.

Бағалы емес металлдан жасалған коллекциялық монетаны сатып алған кезде клиентке оның номиналды құны төленеді. Бағалы металлдардан жасалған коллекциялық монеталарды сатып алған жағдайда, таза бағалы металл екенін, оның құймасы мен граммен өлшенетін салмағын анықтау үшін сараптама жасалады.

Бағалы металлдардан жасалған коллекциялық монеталарды сатып алған кезде оның бағасы таңғы фиксинг (АҚШ долларымен есептегендегі тиісті бағалы металл бағасы) пен АҚШ долларына шаққандағы теңгенің орта биржалық бағамы ескеріліп есептеледі. АҚШ долларына шаққандағы бағалы металлдардың бағасын www.lbma.org.uk сайтынан көруге болады.

Егер бағалы металлдардан жасалған коллекциялық монетаны сатып алу бағасы монетадағы таза металл құрамының (құймасы мен салмағы көрсетілген) құны бойынша Ұлттық Банк Директорлар кеңесі бекіткен сату бағасынан асып кетсе, онда клиентке монетаның әуел бастағы сатылған бағасы төленеді.

Жоғарыға