1991
16 желтоқсан
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды.
Тұрақтылық тірегі
Теңге – тәуелсіздіктің экономикалық тірегі, егемендік символы, Қазақстанның жаңа тарихы мен болашағының бір парағы.
2023 жылы Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толды.
Ұлттық валютаның тарихы
Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы қалай жасалды?
Мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі жұмыс тобын құрды. Топқа Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Дәулет Сембаев жетекшілік етті.
Алғашқы теңгенің дизайнына танымал суретшілер мен дизайнерлер – Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Досбол Қасымов және Хайрулла Ғабжалилов жауапты болды.
Жұмыс архив құжаттарын зерттеуден басталды, Қазақстандағы ақша өндірісі мен айналымының тарихы туралы мәліметтер қаралды.
Алғашқы банкноталар қандай еді?
Алғашқы банкноталарды бейнелі түрде «Портреттер» деп атауға болады. Алғашқы теңге дизайнына тән ерекшелік – ғылым, өнер, мәдениет және мемлекетті қалыптастыруға зор үлес қосқан әйгілі тұлғалардың бейнеленуі.
Банкноталардың келесі бетінде қазақ жерінің табиғи ландшафты – Бурабай, Іле Алатауы, Балқаш көлі, сондай-ақ атақты мешіттер мен кесенелер бейнеленді.
Қазақстандағы монета өндірісі
1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауытында Қазақстан монета сарайы құрылды. 1993 жылы айналымға шыққан алғашқы монеталар осы жерден шығарылды.
Қазақстандағы банкнота өндірісі
Қазақстан теңгеcінің банкноталары (және монеталары) ел ішінде өндіріледі.
1994 жылдың басында Қазақстанда жаңадан банкнот фабрикасын салу туралы келісімшарт жасалды.
Уақыт тығыздығына байланысты жобалау мен құрылыс қатар жүрді. Ал технологиялық жабдықтарды монтаждау жөндеу жұмыстары кезінде басталды. 1995 жылы 19 мамырда Банкнота фабрикасы ресми түрде ашылды.
Сол жылы 83 миллионнан астам банкнота шығарылды. Одан кейінгі жылы 104 миллионнан астам банкнота шығарылып, Банкнота фабрикасының өндірістік қуаты жобалаған межеге жақындады.
Кейін, 1997 жылы Банкнота фабрикасында негізгі өнімдермен қатар Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорты мен жеке куәлігі де шығарыла бастады.
Банкноталар мен монеталардың дизайнын Ұлттық Банк мамандары әзірлейді.
Неліктен теңгені әлемдегі ең жақсы қорғалған валюта дейміз?
Жоғары технологиялық және сапалы өнімдер шығару үшін Банкнота фабрикасы әлемдегі түрлі баспа тәсілдерін, сондай-ақ әртүрлі комбинацияланған баспа әдістерін қолданады.
Теңге банкноталарындағы қорғаныс элементтерінің қатарында банкноталар мен басқа да қорғалған полиграфиялық өнімдерді әзірлеуде қолданылатын қорғалған қағаз, бояулар, қорғаныс деңгейлері бар голографиялық фольга, полимер мен пластик негізіндегі субстраттар бар.
Мәселен, 2022 жылғы үлгідегі 20 000 теңгелік банкнотада 25 қорғаныс элементі бар.
Қазақстан Ұлттық Банкі жаңа мерейтойлық және ескерткіш банкноталарды шығарған кезде қорғаныс элементтері саласындағы ең жаңа әзірлемелерді қолданып, үздіксіз жетілдіріп отырады.
Цифрлық теңге
Цифрлық теңге – ұлттық валютаның цифрлық түрі, яғни заңды төлем құралы. Бірақ ол қолма-қол және қолма-қолсыз ақшаны алмастырмайды, керісінше, қолданыста қатар жүріп, оларды толықтыра түседі.
Цифрлық теңгенің эмиссиялау (шығару), оны айналымға енгізу және жою процесі Ұлттық Банктің Цифрлық теңге платформасында жүзеге асырылады. Ал цифрлық шоттарды банктер мен банк операцияларының кей түрлерін жүзеге асыруға құқығы бар ұйымдар ашады және оларға қызмет көрсетеді.
2025 жылы цифрлық теңге инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруда, мемлекеттік сатып алуларда және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда пилоттық режимде қолданылды.
Цифрлық теңгені «таңбалау» арқылы ақша ағынын толық бақылауда ұстауға болады. Осы тетік арқылы ақша қалай жұмсалып жатқанын бақылап, қаншалықты мақсатқа сай игеріліп жатқанын тексеріп отыруға болады. Ал смарт-келісімшарттар бюджет қаражатының қаншалықты өз мақсатына жұмсалып жатқанын бақылап, заманауи цифрлық сервистерді дамытуға мүмкіндік береді.