1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Жиі қойылатын сұрақтардың жауабы

Теңге бағамы
  1. Ұлттық Банктің ресми бағамы деп нені айтамыз? 

Ұлттық Банктің ресми бағамы – бұл Қазақстан қор биржасында (KASE) 15:30-ға (Астана уақыты) дейін өткен сауда-саттық қорытындысы бойынша USDKZT_TOM валюталық жұбына (келесі күнге есеп айырысумен) қалыптасқан теңгенің АҚШ долларына қатысты орташа мөлшерленген биржалық бағамы. Сол бағам келесі жұмыс күні ресми курс ретінде белгіленеді.

Теңгенің басқа валюталарға қатысты бағамы кросс-курс әдісімен есептеледі. Ол үшін доллар/теңгенің нарықтық курсы және сәйкес валюталардың АҚШ долларына қатысты бағамдары қолданылады. Осы есептеуде халықаралық агенттіктердің мәліметі бойынша сағат 16:00-ға (Астана уақыты) белгіленген сұраныс (bid) котировкалары пайдаланылады.

  1. Ұлттық Банктің ресми бағамы не үшін қолданылады? 

Ресми бағам бухгалтерлік есепте, активтер мен міндеттемелерді қайта бағалауда, статистикалық есептілікте және басқа да есептеу мақсаттарында қолданылады. Ол бағдар ретінде қызмет етеді, бірақ барлық операцияларда міндетті түрде қолданылмайды.

Қаржы субъектілері, оның ішінде мемлекеттік органдар, ресми бағамды қай кезде қолдану қажет екенін өз бетінше анықтауға құқылы.

  1. Биржалық курс қалай қалыптасады?

Биржалық курс KASE сауда-саттығында қалыптасады, онда нарыққа қатысушылар (негізінен банктер мен брокерлік ұйымдар) валютаны сатып алу және сату мәмілелерін жасайды. Мәміле бағамы сұраныс пен ұсыныстың ағымдағы арақатынасын көрсетеді: егер долларға сұраныс артса, USD/KZT бағамы өседі (теңге әлсірейді), ал ұсыныс сұраныстан артық болғанда бағам төмендейді (теңге күшейеді). Осылайша, биржалық  бағам нарықтық тепе-теңдіктің динамикасын көрсетеді. 

  1. Кросс-бағам  деген не? 

Кросс-бағам – екі валюта арасында тікелей нарықтық баға белгілеу болмаған жағдайда, олардың айырбастау бағамын үшінші валюта (көбіне АҚШ доллары) арқылы есептеу тәсілі.

Мысалы, теңгенің Индонезия рупиясына қатысты бағамын есептеу үшін мына формуланы қолдануға болады:

KZT/IDR = (USD/IDR) ÷ (USD/KZT) – 1 теңге (KZT) үшін қанша рупия (IDR) алуға болатынын көрсетеді;
IDR/KZT = (USD/KZT) ÷ (USD/IDR) – 1 рупияны сатып алу үшін қанша теңге қажет екенін көрсетеді.

Есептеу үшін халықаралық платформалар: Bloomberg, LSEG (Reuters), Financial Times-тан USD/KZT және USD/IDR нарықтық бағамын қолдану қажет.

  1. Теңгеге қатысты ресми  бағамдар  туралы ақпаратты қайдан алуға болады? 

Қандай да бір валютаның теңгеге қатысты ресми бағамы бойынша ақпаратты Ұлттық Банктің интернет-ресурсында: «Статистика» – «Валюталар бағамы мен алтын құны» – «Валюталардың күн сайынғы ресми (нарықтық) бағамдары» бөлімінен нақтылауға болады.

Валюталардың орташа ресми бағамдары «Статистика» – «Валюталар бағамы мен алтын құны» – «Валюталардың ресми бағамдары, кезеңде орташа» бөлімінде қолжетімді.

Сіз электронды анықтама беру қызметі арқылы теңгеге қатысты ресми валюталар бағамы туралы электронды анықтаманы нақты бір күнге немесе белгілі бір кезеңге ала аласыз.

  1. Ұлттық Банкте шетел валютасын айырбастауға бола ма?

Ұлттық Банкте шетел валютасын айырбастау мүмкін емес. Қолма-қол шетел валютасын сатып алу немесе сату үшін Сіз екінші деңгейлі банктердің айырбастау пунктеріне, «Қазпошта» АҚ валютаны айырбастау бөлімшелеріне, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың айырбастау пунктеріне (банктік емес айырбастау пунктері) жүгіне аласыз.

Банктік емес айырбастау пунктерінің мекен-жайын Ұлттық Банктің ресми сайтында «Негізгі» – «Функциялар» – «Ұлттық валюта» – «Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операциялары» бөлімінен таба аласыз.

  1. Айырбастау  бағамын белгілеу тәртібі қандай нормативтік құжатта айқындалады? 

Айқындау тәртібі «Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына қатысты ресми бағамын белгілеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2012 жылғы 24 тамыздағы № 242 Басқарма қаулысымен бекітілген. Құжат «Әділет» порталында қолжетімді.

  1. Ұлттық Банкінің шетел валюталарына қатысты қандай да бір бағдарлары бар ма? Ұлттық Банктен болашаққа арналған болжам ала аламын ба?

Ұлттық Банк айырбас бағамы бойынша ешқандай мерзімге болжам жасамайды және оған қатысты бағдар бермейді. Теңге курсы негізінен фундаменталды факторлардың ықпалымен қалыптасады, ал оның ауытқу ауқымы ел ішіндегі қаржы нарығы қатысушыларының күтулеріне және әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.

  1. АҚШ долларына қатысты теңге  бағамына қандай факторлар әсер етеді? 

Теңге бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа сай, бірқатар ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен қалыптасады.

Атап айтқанда, теңге бағамының динамикасына төлем балансының жай-күйі, инфляция мен базалық мөлшерлеменің деңгейі, салық төлеу кезеңдері, бюджет қаражатының қозғалысы, салымдарды долларсыздандыру үрдісі және нарық қатысушыларының күтулері сияқты ішкі факторлар әсер етеді.

Сонымен қатар, теңгенің динамикасына жаһандық үрдістер мен геосаяси жағдай әсер етеді. Ол мұнай бағасы, сауда-серіктес елдердегі айырбастау бағамы мен әлемнің ірі экономикаларындағы орталық банктердің пайыздық мөлшерлемесі сияқты көптеген фактордың жиынтығымен айқындалады.

  1. Ұлттық Банк неге еркін өзгермелі  бағам саясатын ұстанады? 

Қазақстанда инфляциялық таргеттеу режимі қолданылады, оның аясында еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясаты жүргізіледі. Мұндай жағдайда теңге күтпеген сыртқы және ішкі өзгерістерге тікелей тәуелді болмайды және:
• алтын-валюта резервтерін сақтауға;
• экономикада теңгерімсіздікті болдырмауға мүмкіндік береді.
Тәжірибе көрсеткендей, белгіленген бағам қысқамерзімді тұрақтылықты қамтамасыз еткенімен, уақыт өте келе теңгерімсіздікке, резервтердің таусылуына және қаржылық дағдарысқа әкелуі мүмкін.

  1. Белгіленген айырбастау  бағамы деген не? 

Белгіленген бағам – бұл ұлттық валютаның шетел валютасына (немесе валюталар қоржынына) қатысты орталық банк әкімшілік жолмен белгілейтін және валюталық интервенциялар арқылы белгілі бір дәлізде ұстайтын бағам.

  1. Девальвацияны күту керек пе? 

«Девальвация» термині тек белгіленген бағам жағдайында қолданылады. 2015 жылғы тамыздан бастап Қазақстанда еркін өзгермелі бағам режимі енгізілді. Сондықтан бұл ұғым қазір ондай өзекті емес. Қазір теңге бағамы күн сайын нарықтық факторлар негізінде айқындалады, ал бағамның ауытқуы – еркін бағам қалыптасу режимінің ажырамас бөлігі.

  1. Еркін  өзгермелі   айырбастау  бағамына не үшін көштік? 

2015 жылға дейін Қазақстанда белгіленген бағам режимі қолданылды. Ол кезде Ұлттық Банк теңгені тар дәлізде ұстап тұрды. Бұл тұрақты интервенция жасауды және алтын-валюта резервтерін жұмсауды талап етті.

Әлемдік дағдарыс, мұнай бағасының төмендеуі және сауда-серіктестер валютасының әлсіреуі теңге бағамына әсер етті. Бағамды ұстап тұру экономикалық тұрғыдан тиімсіз бола бастады – белгіленген бағам теңгерімсіздік туғызып, экспорттың бәсекеге қабілеттілігін төмендетті.

2015 жылғы тамызда Қазақстан бағамның еркін өзгеруіне негізделген инфляциялық таргеттеу режиміне көшті. Енді бағам нарықтық жолмен қалыптасады. Ал резервтер оны белгілі бір деңгейде жасанды түрде ұстап тұру үшін емес, құбылмалылықты реттеу мақсатында пайдаланылады.

  1. Ұлттық Банк қандай валюталық операциялар  түрін жүргізеді? 

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мынадай негізгі валюталық операцияларды жүзеге асырады:

– Ұлттық қор (ҰҚ) атынан жасалатын операциялар:
Ұлттық Банк ішкі нарықта шетел валютасын сатады, бұл Ұлттық қордан мемлекеттік бюджетке трансферттер қамтамасыз ету үшін жасалады. Мұндай операциялар нарықтық бейтараптылық қағидатын сақтай отырып, біркелкі әрі тұрақты жүргізіледі. Бұл тәсіл Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

– Монетарлық бейтараптылыққа қол жеткізу үшін басым құқықты іске асыру аясындағы операциялар:
2025 жылдан бастап Ұлттық Банк аффинирленген алтынды сатып алудағы басым құқығын іске асырады. Бұл ретте монетарлық бейтараптылықты қамтамасыз ету мақсатында алтын сатып алу көлеміне шығарылған теңге көлеміне тең мөлшерде АҚШ долларын валюта нарығында сату арқылы «айналау» әдісі қолданылады. Мұндай операциялар ішкі нарықта алтын сатып алу кезінде эмиссияланған өтімділікті алу үшін жасалады. Осындай операцияларды жүргізгенде нарықтық бейтараптылық қағидаты сақталады.

– Ұлттық Банктің басқаруындағы қорлардың атынан олардың активтерін әртараптандыру үшін (оның ішінде зейнетақы активтерін сенімді басқару аясында) жасалатын операциялар:
Нарықтық конъюнктура мен инвестициялық стратегияға байланысты нарықтан шетел валютасы сатып алынады.

– Валюталық интервенция жүргізу:
Еркін бағам режимінде Ұлттық Банк айырбастау бағамының күрт ауытқуын азайту және нарыққа деген сенімді қалпына келтіру үшін ерекше жағдайларда валюталық интервенция жүргізе алады. Мұндай әрекеттер нарықтың өтімділігі мен жұмыс сапасын бағалайтын сандық көрсеткіштер негізінде екі бағытта да жүзеге асуы мүмкін. Теңге бағамының айтарлықтай өзгеруі теңгедегі депозиттердің жаппай алынуына және өтімділіктің валюта нарығына ауысуына әкелуі ықтимал болғанда қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін шектеу және бағамның негізсіз қысқамерзімді ауытқуын реттеу үшін интервенция қолданылады.

Ұлттық Банк валюталық операцияларды жүргізу ісінде ашықтық принципін ұстанып, олардың нәтижесін Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында жариялайды - nationalbank.kz/kz/news/operations-NFnationalbank.kz/kz/news/foreign-exchange-market-interventions..

  1. Қазақстан  Республикасының Ұлттық Банкі валюта нарығына қандай жағдайда және қандай қағидаттарға сүйене отырып қатысады? 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі валюта нарығына нарықтық қағидаттарды негізге ала отырып қатысады. Ондағы мақсат – валюта нарығының тұрақтылығы мен тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бұл ретте нарықтық бейтараптық пен ашықтық қағидаттары сақталады: барлық валюталық операциялар баға белгілеу тетігін бұрмалаусыз жүргізіледі және тиісті ақпарат жарияланады.
Ұлттық Банк еркін өзгермелі айырбас бағамы режимін нығайту саясатын ұстанады. Осыған сәйкес, нарықтағы қатысуы барынша азайтылған. Тек қаржылық тұрақтылыққа қатер төнген жағдайларда ғана араласуы мүмкін. Валюталық интервенциялар тек айрықша жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Оларға – теңге бағамының күрт әрі қысқамерзімді ауытқуы, қаржылық тұрақтылыққа төнетін қатерлер, сондай-ақ валюта нарығының өтімділігі мен жұмыс істеуінің нашарлауы жатады.

  1. Экономикалық тұрғыдан теңге бағамын белгілі бір деңгейде ұстап тұру неге мүмкін емес? 

Тіркелген бағам тұрақты валюталық интервенцияларды қажет етеді. Бұл алтын-валюта резервтерінің азаюына және теңгеге деген сенімнің төмендеуіне әкеледі. Резервтер таусылғанда бағам күрт түзетіледі. Сондықтан бағамды жасанды ұстап тұру – уақытша әрі тұрақсыз шара. Ал, нарықтық бағам мұндай күйзелістерді азайтып, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

  1. Коммерциялық ұйымдарда теңге бағамы неліктен Ұлттық Банктің ресми бағамынан өзгеше болады? 

Туристік агенттіктерді қоса алғанда, коммерциялық ұйымдарда пайдаланылатын шетел валютасының бағамы Ұлттық Банктің ресми бағамынан ерекшеленуі мүмкін.

Ресми бағам бухгалтерлік есеп, активтер мен міндеттемелерді қайта бағалау, статистикалық есеп беру және басқа да есептік мақсаттар үшін қолданылады. Ол бағдар ретінде қызмет етеді, бірақ операцияларда пайдалану үшін міндетті саналмайды және азаматтық мәмілелер мен нарықтық операцияларда қолданылмайды.

Шаруашылық жүргізуші субъектілер, мемлекеттік органдарды қоса алғанда, ресми бағамды қандай жағдайларда қолданатынын дербес анықтауға құқылы. Коммерциялық есептерде ұйымдар, оның ішінде турагенттіктер маржаны, комиссияларды, нарықтық ауытқулар мен тәуекелдерді ескере отырып, өз бағамдарын пайдалана алады. 

Алтын
  1. 1 грамм алтынның теңгелей құнын қайдан біле аламын? 

Ұлттық Банк 1 грамм алтынның теңгедегі индикативтік құнын: «Статистика» – «Валюта бағамы және алтынның құны» – «Теңгемен 1 грамм алтынның құны» бөлімінде жариялайды.

  1. Теңгемен жарияланған алтын құны ресми санала ма? 

Жоқ. Жарияланған баға индикативтік сипатта болады және ақпараттық мақсатта пайдалануға арналған.

Алтынның коммерциялық операцияларындағы (сатып алу, сату, кепілге қою және т.б.) бағасын ұйымдар дербес айқындайды. Баға белгілеуде мыналар ескеріледі:
• нарықтық котировкалар;
• маржа;
• валюта бағамы;
• бұйымның сапасы және басқа да факторлар.

  1. Ұлттық Банктің ресми сайтында жарияланатын алтын құны теңгемен қалай есептеледі? 

Теңгемен 1 грамм алтынның индикативті бағасы мына формуламен есептеледі:

Алтын бағасы (теңгемен)= LBMA фиксингі × USD/KZT ресми бағамы ÷ 31,1034768

Мұндағы:
• LBMA фиксингі – алдыңғы күндегі таңертеңгі Лондон котировкасының мәні, АҚШ долларымен, бір тройя унциясына;
• 31,1034768 – бір тройя унциясындағы грамм саны;
• USD/KZT ресми бағамы –Ұлттық Банк ағымдағы күнге белгілеген бағам.

  1. 999(9) сынамасындағы алтын құрамынан өзгеше жағдайда алтынның теңгедегі құнын қалай есептеуге болады? 

Есептеу үшін:
• өнімнің салмағын грамммен айқындау;
• таза алтынның пайыздық құрамын көбейту (мысалы, 585 сынамасында 58,5%);
• 1 грамм алтынның ағымдағы бағасын көбейту қажет.

  1. Алтын-валюта резервтері құрылымында алтын портфелі не үшін қажет? 

Алтын портфелі елдің алтын-валюта резервтері құрылымында елеулі үлеске ие. Бұл халықаралық қаржы нарықтарында валюталық активтердің тартымдылығы төмендеген жағдайда олардың құнын қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол тәуекелдерді әртараптандыруға ықпал етеді және жаһандық құбылмалылық кезеңдерінде резервтердің  жалпы көлеміне тұрақтандырушы әсерін тигізе алады. Сонымен қатар, алтынға инвестиция салудағы негізгі мақсат – қысқа мерзімде табыс алу емес, ең алдымен активтердің тұрақтылығы мен сақталуын қамтамасыз ету.

  1. Елдің алтын-валюта резервтері туралы ақпаратты қайдан табуға болады? 

Ұлттық Банк ай сайын алтын-валюта резервтері туралы деректерді Ұлттық Банктің ресми сайтында жариялап отырады.

  1. Аффинирленген алтынды сатып алудағы приоритетті құқық деген не? 

2016 жылғы 14 қаңтардағы «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағына сәйкес, Ұлттық Банк активтерді қымбат металдармен толықтыру үшін аффинирленген алтынды сатып алу бойынша мемлекеттің приоритетті құқығын жүзеге асырады.

Ұлттық Банк приоритетті құқықты жүзеге асырған кезде аффинирленген алтынды ішкі нарықтан бағалы металл өндіруші субъектілерден және өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иесі болған тұлғалардан сатып алады. Алайда, бағалы металдар, зергерлік және басқа да бұйымдар құрамындағы шикізатқа қатысты басқарушы уәкілетті орган болып саналмайды.

Приоритетті құқық шегінде алтын сатып алу отандық өндірісті дамытуға ықпал етеді, алтын өндіру және өңдеу салаларын дамытуға үлес қосады және елдің алтын-валюта резервтерін толықтыруға мүмкіндік береді.

  1. Мемлекет аффинирленген алтынды сатып алу кезінде приоритетті құқықты қалай іске асырады? 

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Заңының 8-бабы 11-тармағына және «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» ҚР Заңының 5-бабына сәйкес (бұдан әрі – Заң), Ұлттық Банк активтерді бағалы металдармен толықтыру мақсатында аффинирленген алтынды сатып алу бойынша мемлекеттің приоритетті құқығын жүзеге асырады.

Алтын сатып алу бағалы металдарды өндіруші субъект немесе өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иесі болған тұлғамен Ұлттық Банк арасындағы аффинирленген алтынды сатып алу-сату шарттарының жалпы шарттары негізінде жүзеге асырылады. Аффинирленген алтын ұлттық валюта – теңгемен, халықаралық алтын нарығында қалыптасқан нарықтық бағалар бойынша сатып алынады.

  1. Ұлттық Банк приоритетті құқықты не үшін іске асырады? 

Алтынды сатып алу бойынша приоритетті құқықты жүзеге асыру Ұлттық Банкке ішкі ресурстар есебінен  халықаралық резервтерді толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл жаһандық тұрақсыздық кезеңдерінде резервтердің тұрақтылығын арттырады. Сонымен қатар, бұл отандық алтын өндіру және өңдеу саласын қолдайды, аффинирленген алтынға ішкі  тұрақты сұранысты қамтамасыз етіп, салаға инвестицияларды ынталандырады. Осылайша,  приоритетті құқық макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға және нақты секторды дамытуға үлес қосады.

  1. Ұлттық Банк алтын сатып алудан туындайтын эмиссиялық әсерді азайту үшін қандай шаралар қабылдайды? 

2025 жылғы қаңтарда Ұлттық Банк монетарлық бейтараптықты қамтамасыз ету мақсатында, приоритетті құқықты іске асыру аясында алтын сатып алуға қатысты «айналау» тетігін енгізді. Бұл механизм алтын сатып алу кезінде шығарылған теңге сомасына тең көлемде АҚШ долларын валюталық нарықта сатуды көздейді.

Бұл ақша массасына әсерді бейтараптандыруға және инфляциялық тәуекелдерді шектеуге мүмкіндік береді.

Банктер және кредит беру
  1. Халық жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары керек деп есептейтінін байқаймыз. Бірақ мұндай бағдарламалар экономикаға кері әсер ететінін жиі айтасыздар. Екінің бірінің баспана алуға мүмкіндігі бола бермейтіні жасырын емес, сонда қарапайым халықтың жағдайы қаншалықты ескеріліп отыр?

Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ, жеңілдетілген бағдарламалар тиімді екені рас. Мәселен, 2023 жылғы 28 желтоқсандағы дерекке сүйенсек, «7–20–25» бағдарламасы аясында 974,1 млрд теңге игеріліп, 71 699 отбасы баспаналы болған.

Одан бөлек, экономикалық белсенділікті ынталандыратын қолдау шарасы ретінде мемлекет қаржыландыруының пайдасы зор, әсіресе, экономикада құлдырау байқалғанда жұмыс орындарын сақтауға, экономикалық сұранысты ынталандыруға мүмкіндік береді.

Әйтсе де, кез келген жеңілдетілген бағдарламаның кері әсері болатынын ұмытпаған жөн. Мемлекет шығысын көбейтіп, инфляцияға әсер етеді, сондай-ақ ұлттық валютаның айырбас бағамына салмақ салады. Сол себепті жеңілдетілген бағдарламалар қысқа мерзімде аяқталғаны жөн және белгілі бір топқа ғана арналған болуы керек.

Кредит беруде мемлекет қаржысының үлесі көп болуы немесе мемлекеттің субсидия беруі ақша-кредит саясатының тиімді іске асуына кедергі келтіреді және баға тұрақтылығына кері әсер етеді. Яғни, экономикаға осылайша қосымша демеу беру, негізінен, инфляцияның өсуіне себеп болады.

Осыған байланысты, мемлекет жеңілдікпен қаржыландыру арқылы экономиканың өсімін ынталандыратын шаралар мен нарықтың өзіндік даму тетіктері арасындағы теңгерімді сақтауға тиіс.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «7–20–25» бағдарламасын іске асыру одан әрі жалғасып жатыр, бірақ бағдарлама бюджеті жыл сайын 100 млрд теңгеден аспауы керек.

  1. Жеке сот орындаушысының жұмысына шағымдану үшін қай мемлекеттік органға жүгіну керек?

Жеке сот орындаушысына шағымыңыз болса, Әділет министрлігіне және оның аумақтық органдарына, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының республикалық және өңірлік палаталарына жүгінуге болады.

  1. Банктің жұмысына шағым түсіру үшін қай мемлекеттік органға жүгіну керек?

Екінші деңгейлі банк дұрыс қызмет көрсетпесе немесе мүлдем қызмет көрсетпегеніне байланысты шағымыңыз болған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінген жөн. Бұл мекеме – қаржы нарығындағы тұтынушылардың құқығы мен заңда бекітілген мүддесін қорғайтын орган.

  1. Клиенттің келісімінсіз оның банк шотынан бәзбіреулердің ақша алуы мүмкін бе? Қалай алуы мүмкін?

Клиенттің ақшасы өзінің келісімінсіз заңды күшіне енген сот актісі негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық, кедендік және әлеуметтік кодекстерінде, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген жағдайларда ғана алынуы мүмкін.

Мәселен, көбіне, клиент салық төлемеген жағдайда немесе бюджетке төлеуі керек төлемдерден қашса және үшінші тұлғалар алдындағы міндетін орындамаса (алимент, сот тәртібімен өндіріп алынатын жалақы берешегі) оның шотынан келісімсіз ақша алынады.

Борышкерге қызмет көрсететін банктерге уәкілетті органдар төлем құжатын – ақша аударған азаматтың банк шотынан оның келісімінсіз ақша алуға рұқсат беретін инкассалық өкім жолдайды.

  1. Банктің қызмет көрсету тарифі қалай белгіленеді?

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, екінші деңгейлі банктер қызмет көрсеткені үшін алатын комиссиялары мен тарифтерін өздері белгілейді. Оларды белгілеген кезінде банк қызмет көрсету құнын, нарықтағы бәсекелестік ортаны ескереді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді де негізге алады. 

  1. Екінші деңгейлі банктерге, микроқаржы ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге шағым болса, қайда жүгіну керек?

ЕДБ, МҚҰ, КА-ға шағымдану үшін қаржы нарығын реттейтін уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне аласыз. Агенттікке жолдайтын өтініш тәртібі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде бекітілген.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау міндеттері Ұлттық Банктен Агенттікке өткенін еске саламыз.

  1. Жеке тұлғалар өз-өзін банкрот деп жариялауы үшін өтініш беру тәртібі қандай?

Бұл – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құзыретіндегі мәселе.

Дегенмен, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 1-тармағына сәйкес, борышкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, eGov.kz электрондық үкімет порталы және ұялы телефондағы eGov Mobile қосымшасы арқылы соттан тыс банкрот деп тану туралы жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) формада өтініш бере алатынын назарға саламыз.

  1. «7–20–25» бағдарламасымен кредит алу үшін қай екінші деңгейлі банкке жүгінуге болады? Неліктен қаражат жоқ?

Қазір бұл бағдарлама бойынша «Bank RBK» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ сияқты екінші деңгейлі банктер кредит береді.

2023 жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыру тәртібі өзгерді: 1 трлн теңгелік жалпы бюджеттің орнына жылына 100 млрд теңгеден аспайтын шек белгіленді. Бұдан кейін бағдарламаны қаржыландыру тәртібін өзгерту жоспарда жоқ.

Бағдарламаның жыл сайынғы бюджетін біркелкі игеру үшін банк берген қарыздарды талап ету құқығын сатып алуға бағытталатын қаражат тоқсан сайын бөлінеді. Осы арқылы үй алуды жоспарлаған азаматтар жылдың қай уағында болмасын жеңілдетілген несие ала алады.

Банктер өтініш қабылдауға, қарыз алушыны бағалауға және кредит беру /беруден бас тартуға байланысты шешімді өз бетінше қабылдайды. Ұлттық Банк және бағдарлама операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ банктердің шешім қабылдауына ықпал ете алмайды. Бағдарламаға қатысушы банктер өз қаражатынан қарыз береді. Кейін оператор қарызды банктерден сатып алады.

Қолма-қол ақша айналымы
  1. Шетел валютасын Ұлттық Банкте айырбастай аламыз ба?

Шетел валютасын Ұлттық Банкте айырбастай алмайсыз. Қолма-қол шетел валютасын сатып алу немесе сату үшін екінші деңгейлі банктердің айырбастау пунктеріне, «Қазпошта» АҚ валюта айырбастау пунктеріне, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың айырбастау пунктеріне (банкке жатпайтын айырбастау пунктеріне) жүгіне аласыз.

Банкке жатпайтын айырбастау пунктерінің мекенжайын Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында таба аласыз.

  1. Ескі үлгідегі банкноталарды қалай айырбастауға болады?

Жаңа банкнота шығарылса да, ескі банкноталар 12 ай бойы жаңа банкноталармен қолданыста қатар жүреді. Ескі және жаңа үлгідегі банкноталар заңды төлем құралы саналады және олар жыл бойы төлемнің барлық түрі бойынша қабылданады.

Белгілі бір банкнота айналымнан шыққан соң 3 жыл ішінде оны Ұлттық Банктің филиалдарында да, ЕДБ бөлімшелерінде де, «Қазпошта» АҚ кеңселерінде де айырбастауға болады. Бұл ретте ЕДБ ішкі нормативтік құжаттарға сәйкес қызмет көрсеткені үшін комиссия белгілеуге құқылы.

Ұлттық Банк филиалдарында ұлттық валюта банкноталары мен монеталарын айырбастау және ауыстыру – тегін. Ұлттық Банк филиалдарының мекенжайы мен байланыс деректері туралы ақпаратты Ұлттық Банктің интернет-ресурсынан табуға болады.

Ұлттық валютаның барлық ақша белгісі туралы толығырақ ақпарат Ұлттық Банктің интернет-ресурсында, «Ұлттық валюта» бөлімінде жарияланған.

Сонымен қатар, 2006 жылдан бері және одан кейін шығарылған банкноталар 2021 жылғы 12 маусымнан бастап шектеусіз айырбасталады.

Валюталық реттеу
  1. Белгілі бір күнгі белгілі бір валюта бағамын қалай білуге болады?

Қандай да бір валютаның теңгеге шаққандағы ресми бағамы туралы ақпаратты Ұлттық Банктің интернет-ресурсында «Статистика» – «Валюта бағамдары және алтын құны» – «Валюталардың күнделікті ресми (нарықтық) бағамдары» бөлімінен білуге болады.

Сондай-ақ, белгілі бір күнгі немесе белгілі бір кезеңдегі теңгеге шаққандағы валюталардың ресми бағамына қатысты электронды анықтама бар екенін де назарға саламыз. Бұл мәліметті https://digital.nationalbank.kz/landing/exchange электронды анықтама беру сервисінен біле аласыз.

Монеталар мен құймалар
  1. Монетаны қалай сатып алуға болады?

Қазір Ұлттық Банк бағалы металдардан соғылған монеталардың екі түрін – инвестициялық және коллекциялық монеталарды сатылымға шығарады.

Инвестициялық монеталарды қалай сатып алуға болады?

Алтыннан соғылған инвестициялық монеталар 10 теңге (салмағы – 3,11 грамм), 20 теңге (7,78 г), 50 теңге (15,55 г), 100 теңге (31,1 г), 200 теңге (62,2 г), 500 теңге (155,5 г) номиналдарында шығарылады. Күмістен соғылған инвестициялық монеталар 1 теңге (31,1 г), 2 теңге (62,2 г), 5 теңге (155,5 г) және 10 теңге (311 г) номиналдарында шығарылады.

Инвестициялық монеталар Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарының кассасында сатылады.

Ұлттық Банктің филиалдарында инвестициялық монеталардың сатылымда бар-жоғы, құны көрсетілген мәліметтерді Ұлттық Банктің интернет-ресурсында жүктеп алуға болады.

Коллекциялық монеталардың сатылымы туралы ақпарат

Коллекциялық монеталар Ұлттық Банктің kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкенінде сатылады. Коллекциялық монеталарды сатып алу үшін интернет-дүкенде тіркеуден өту қажет. Интернет-дүкенде жеке тұлға жеке электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы тіркеледі. Тіркеуден өту және монеталарды сатып алу процесі туралы ҚҰБ интернет-ресурсынан оқуға болады. 

«Қазпошта» АҚ интернет-дүкені арқылы сатып алынған коллекциялық монеталар пайдаланушы тіркелген кезде көрсеткен мекенжайға жұмыс күндері жеткізілетінін хабарлаймыз.

  1. Алтын құймаларды қайдан сатып алуға болады?

Қазір алтын құймалардың 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық бес сорты бар.

Ұлттық Банк құймаларды ЕДБ және банктік емес айырбастау пунктері арқылы өткізеді. Құймаларды сату және сатып алу тәртібі ЕДБ-мен (Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank және Банк ЦентрКредит) және банктік емес жекелеген айырбастау пунктерімен жасалатын шарт негізінде реттеледі.

ЕДБ және банктік емес айырбастау пунктерінің құймаларды клиенттерге (заңды және жеке тұлғалар) сату тәртібі ішкі құжаттарға сәйкес жеке-жеке айқындалады. ЕДБ мен банктік емес айырбастау пунктерінің клиенттермен қарым-қатынасы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы арқылы реттеледі.

Сонымен қатар, әрбір құймада қорғаныс элементтері бар (құймалардың беті айна тәрізді болуы, микротекст және бедерлі гурт) және құймалар механикалық зақымданудан қорғайтын және сапа сертификаты саналатын арнайы қаптамада шығарылатынын хабарлаймыз. Арнайы қаптама жалпы қаптаманың ашылған-ашылмағанын тексеріп алу жолдарын жеңілдетеді.

Төлем инфрақұрылымы
  1. Төлем ұйымы дегеніміз не?

Төлем ұйымы дегеніміз – төлем қызметін көрсету мақсатында құрылған, жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген заңды тұлға. Бұл – Қазақстан төлем нарығының банкке жатпайтын қатысушысы. Төлем қызметін көрсету үшін төлем ұйымдары Қазақстан Ұлттық Банкінде тіркелуге тиіс, онсыз төлем ұйымдары қызмет көрсете алмайды.

Төлем ұйымы белгілі бір (шектеулі) қызмет түрлерін, атап айтқанда, төлем терминалдары арқылы қолма-қол ақшаны қабылдауға, электрондық ақшаны таратуға және оларды пайдалана отырып операцияларды өңдеуге, сондай-ақ интернет пен мобильді қосымшалар арқылы төлем операцияларын қабылдауға және өңдеуге құқылы. Төлем ұйымы екінші деңгейлі банкпен бірлесіп жұмыс істейді. Екінші деңгейлі банк өңдеу қорытындысына, төлемнің аяқталуына және (немесе) төлем ұйымынан түскен ақпарат негізінде аударылған ақша операциясына жауап береді.

Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін төлем ұйымдарының тізімін Ұлттық Банктің интернет-ресурсынан білуге болады. 

Төлем балансы
  1. Төлем балансындағы ағымдағы шот дегеніміз не?

Төлем балансының ағымдағы шотында тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импортына, инвестициялық кірістерге және ағымдағы трансферттерге байланысты елдің басқа елдермен арадағы барлық операциясы көрсетіледі. Бұл шот шетелден түскен кірістер мен сыртқы операцияларға жұмсалған шығындар арасындағы айырмашылықты айшықтайды.

  1. Ағымдағы шот балансы: Дефицит немесе профицит және оның экономикаға әсері.

Ағымдағы шоттың оң сальдосы (профициті) импортқа қарағанда тауарлар мен қызметтерді елдің көбірек экспорттайтынын білдіреді. Бұл, әдетте, күшті экономиканы білдіреді және ұлттық валютаны нығайта алады. Теріс сальдо (дефицит) экспорттан түсетін кіріске қарағанда елдің импортқа көбірек шығындайтынын көрсетуі мүмкін. Бұл ұлттық валютаны әлсіретіп, сыртқы қарызды көбейтуі ықтимал. 

  1. Төлем балансының ағымдағы шоты қандай негізгі құрамдас бөліктерден тұрады?

Ағымдағы шоттың негізгі құрамдас бөліктері:
- Сауда балансы: тауар экспорты мен импорты арасындағы айырмашылық.
- Қызмет көрсету балансы: қызмет экспорты мен импорты арасындағы айырмашылық.
- Бастапқы кіріс: еңбекақы, пайыз, дивиденд сияқты жұмыс пен инвестициядан түскен табыс.
- Қайталама кіріс: мигранттардың ақша аударымдары және халықаралық көмек сияқты біржақты аударымдарды қамтитын ағымдағы трансферттер.

  1. Бастапқы және қайталама кірістер арасындағы айырмашылық неде?

Бастапқы және қайталама кірістер арасындағы негізгі айырмашылық операциялардың сипатына байланысты. Бастапқы кіріс еңбек немесе капитал төлемдерімен байланысты (мысалы, жалақы мен пайыздар), ал қайталама кірістер біржақты трансферттерді қамтиды. Мысалы, ақша аударымдары немесе гуманитарлық көмек. Олар тауарларды немесе қызметтерді жеткізуді көздемейді. 

  1. Төлем балансындағы қаржылық шот нені қамтиды?

Төлем балансының қаржылық есебіне ел мен дүниежүзі арасындағы капитал қозғалысына байланысты операциялар кіреді. Оларға тікелей инвестиция, портфельдік инвестиция, қарыз алу мен несие беру, халықаралық резервтердегі өзгерістер жатады. 

  1. Қаржылық шотта тікелей инвестициялардың рөлі қандай?

Тікелей инвестиция зауыттар салу немесе жылжымайтын мүлік немесе компанияларды сатып алу сияқты шетелдік инвесторлардың ел экономикасына салған ұзақмерзімді инвестицияларын көрсетеді. Тікелей инвестициялардың ағыны экономиканың өсуіне және жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Ал әкетулер ел экономикасына инвесторлар сенімінің төмендеуін көрсетуі мүмкін. 

  1. Портфельдік инвестициялар дегеніміз не және олар төлем балансына қалай әсер етеді?

Портфельдік инвестициялар – бұл акцияларды, облигацияларды немесе басқа бағалы қағаздарды сатып алу сияқты қысқамерзімді қаржылық инвестициялар. Портфельдік инвестициялардың ағыны қолда бар капиталды ұлғайту арқылы қаржылық есепті нығайта алады. Сонымен қатар құбылмалылыққа әкелуі мүмкін. Өйткені нарықтық жағдайлар өзгерген жағдайда мұндай инвестициялар тез қозғалуы мүмкін. 

  1. Төлем балансындағы резервтік активтер дегеніміз не?

Резервтік активтер – ұлттық валютаны тұрақтандыру мақсатында валюта нарығына интервенция жасау үшін пайдаланылатын әрі елдегі орталық банктің немесе үкіметтің бақылауындағы жоғары өтімді шетелдік активтер. Оларға валюта, алтын, арнайы қарыз алу құқығы (SDR) және Халықаралық валюта қорындағы (ХВҚ) резервтер жатады. 

  1. Резервтік активтердің ел экономикасындағы рөлі қандай?

Резервтік активтер елге қаржылық икемділік пен ұлттық валютаны айырбас бағамының күрт ауытқуынан қорғауға мүмкіндік береді. Оларды төлем балансының тапшылығын жабу үшін де, ел экономикасына халықаралық инвесторлардың сенімін қолдау үшін де пайдалануға болады. 

  1. Төлем балансындағы қателер және олқылықтар деген не?

Төлем балансында кезігетін қателер және олқылықтар шоттарды теңгерімдеу үшін қолданылатын түзетуші элемент саналады. Ол барлық операцияны есепке алу кезінде туындауы мүмкін дәлсіздіктерді, кемшіліктерді және сәйкессіздіктерді көрсетеді. Бұл қателер қате есеп берудің, деректердегі кідірістердің немесе жасырын транзакциялардың нәтижесі болуы мүмкін. 

  1. Төлем балансындағы қателер және олқылықтар қандай жағдайда туындайды?

Қателер мен олқылықтар әртүрлі себептерге байланысты болуы мүмкін, соның ішінде:
- Елдер арасындағы транзакцияларды жазу уақытындағы айырмашылықтар.
- Мәліметтерді жинау және өңдеу кезіндегі қателер.
- Есепке алынбаған немесе жасырын қаржылық операциялар (мысалы, бейресми ақша аударымдары).
- Әртүрлі елдерде операциялардың құнын бағалаудағы сан түрлі әдістер.

  1. Төлем балансындағы шетелдік тікелей инвестиция (ШТИ) дегеніміз не?

Шетелдік тікелей инвестициялар (ШТИ) – бұл компанияны басқаруға ұзақмерзімді бақылау немесе елеулі әсер ету мақсатында бір елдің инвесторларының басқа елдің экономикасына салған инвестициясы. Төлем балансында олар Қазақстанға тікелей инвестиция (шетелдік компаниялар жергілікті компанияларға инвестициялағанда) немесе шетелге тікелей инвестиция (жергілікті компаниялар шетелге инвестициялағанда) ретінде есепке алынады. 

  1. Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы және таза ағыны нені қамтиды? Олардың айырмашылығы неде?

Тікелей шетелдік инвестициялар капиталға қатысу құралдарын, қайта инвестицияланған пайданы және борыштық құралдарды (тікелей инвесторлардың еншілес кәсіпорындарына берген несиелері мен қарыздары) қамтиды. ТШИ-дің жалпы ағыны жоғарыда аталған құралдар бойынша түсімдерді ғана ескереді, яғни, шетелдік иеленуші алдындағы борыштық құралдар бойынша берешекті өтеу, сондай-ақ шетелдік инвестордың қазақстандық кәсіпорын капиталынан кетуі ТШИ-дің жалпы ағынында ескерілмейді. Таза ағынның көрсеткіші қаражаттың түсуін де, кетуін де ескереді. 

  1. Тікелей шетелдік инвестициялар құрамындағы қайта инвестициялау нені білдіреді?

Қайта инвестицияланған пайда – бұл шетелдік иеленуші дивиденд түрінде әлі алмаған белгілі бір кезеңдегі кәсіпорынның кірісі (немесе шығыны). Пайданы қайта инвестициялау шетелдік инвесторлардың дивиденд төлемдерін болашақ кезеңдерге қалдыру немесе алынған табысты кәсіпорынды дамыту, оның ішінде жаңа және (немесе) қолданыстағы жобаларға пайдалану ниетін көрсетеді. 

Цифрлық теңге
  1. Цифрлық валюталар мен цифрлық теңгенің артықшылықтары қандай? Қоғам бұл өзгерістерден қауіп көріп, алаңдайтыны байқалады. Жалпы, цифрлық теңге нендей пайда әкеледі?

Цифрлық теңгеде қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың қасиеттері біріккен. Ол цифрлық экономика құруда экономика агенттеріне қажетті жағдай жасайды. Смарт-келісімшарттар мен бағдарламалану нарық қатысушыларына жаңа инновациялық сервистер құруға мүмкіндік береді. Төлем жүргізу, оның ішінде проактивті төлемдер мен бюджет қаражатын жұмсау тиімді бола түседі, цифрлық активтер саласындағы есептеулер қауіпсіз болады. Офлайн төлемнің арқасында қолма-қол ақшасыз төлем жүргізу мүмкіндігі артады, әсіресе, интернет желісі тартылмаған немесе әлсіз жерлерде бұл мүмкіндік қолжетімді болады.

  1. Цифрлық теңге «қазақстандықтардың қаржысын толықтай бақылауға алу үшін» енгізілетіні рас па?

Бұл – жалған ақпарат. Цифрлық теңге платформасын әзірлеу аясында киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Цифрлық теңгені Ұлттық Банк шығарады, сәйкесінше, бұл – оның міндеттемесінде, яғни азаматтардың қаражаты мен толықтай қауіпсіздік сақталатынына кепілдік береді.

Бұл ретте, банк құпиясының қазіргі қолданыстағы режимі цифрлық теңгеге де қолданылатынын айта кеткен жөн. Ұлттық Банк банк құпиясының сақталуына және азаматтар жүргізген транзакциялардың құпиялылығына кепілдік береді. Қандай да бір ақпарат тек клиенттің өзіне немесе оның келісімімен ғана беріледі.

  1. Ұлттық Банк цифрлық теңгені пайдалану қағидаларына өзгеріс енгізе ала ма?

Ұлттық Банк төлемдер мен аударымдар саласындағы реттеуші және цифрлық теңге операторы ретінде цифрлық теңгенің айналым тәртібін, қолданыстағы төлем жүйелері – ақша аударымдарының банкаралық жүйесі, банкаралық клиринг жүйесі және т.б. соған ұқсас жүйенің жұмыс істеу қағидаларын айқындау бойынша өкілеттіктерге ие.

Бұл ретте ереже әзірлеу және өзгеріс енгізу әрқашан мүдделі тараптар – қаржы нарығының қатысушыларымен, мемлекеттік органдармен және т.б. бірлесіп жүргізіледі.

  1. Цифрлық теңгені қолдануға шектеу белгіленеді деген де қауесет бар. Яғни, сатып алуға болатын тауардың саны немесе ақшаның жарамдылық мерзімі бойынша шектеу қойылады. Осы рас па?

Цифрлық теңгенің қолданысы бойынша мұндай шектеулер енгізу жоспарда жоқ.

  1. Болашақта Ұлттық Банк цифрлық теңгеден басқа есеп айырысу құралына тыйым салады деген де сөз шықты. Бұл қауесет пе, әлде шынымен солай ма?

Цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз теңгеге қосымша төлем құралы ретінде жүреді, оларды алмастыру үшін енгізілмейді.

Киберсауаттылық және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл

Ең көп кездесетін алаяқтықтың түрі қандай?  

Ең кең таралған алаяқтықтың түрі – фишинг. Фишинг дегеніміз – белгілі ұйымдардың жалған сайттардағы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жалған профильдер және электрондық поштада жаппай хат тарату арқылы жасалатын алаяқтық түрі. Яғни осы тәсіл арқылы интернет-алаяқтары құпиясөз, несие карталарының нөмірі, банк шотына кіру деректері және басқа да құпия ақпарат саналатын жеке деректерді алып, соның арқасында ақша табуға тырысады.

  1. Алаяқтарды қалай тануға болады және олардың схемалары қалай жұмыс істейді?

Алаяқтар табыс табуға арналған жалған бағдарламаларды, сондай-ақ биржа саудасында тез ақша табудың қарапайым тәсілдерін түсіндіретін жарнама роликтері бар сайттар мен мобильді қосымшалар әзірлейді.

Сонымен қатар, мұндай ресурстар әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, бейнехостингтерде жарнама арқылы белсенді түрде жарнамаланып, насихатталады.

Мұндай сайттар мен қосымшаларда танымал адамдардың жалған ақпараты, жалған лицензиялар және басқа да құқықтық құжаттар болады. Сондай-ақ, пайдаланушылардың сеніміне кіру үшін мұндай сайттарда инвестицияға қатысты болжамды кірістің калькуляторлары да болуы мүмкін.

Мысалы, кейбір белгілі алаяқтық схемаларда биржа саудасында ақша табатын сайтқа тіркелу үшін алдымен ақша салу қажет. Осыдан кейін пайдаланушыға Ұлттық Банктің атынан сауда шоты ашылғаны туралы жалған сертификат жіберіледі. Бұл ретте сертификатта Ұлттық Банктің логотипі, қойылған жалған қолдар мен мөрлерді қоса алғанда, Ұлттық Банктің қызметкерлері туралы жалған ақпарат беріледі.

Мұндай ресурстарда алаяқтықтың айқын белгілері бар екенін еске салады, өйткені:

 – Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жүргізбейді;

 – Ұлттық Банк Мемлекеттік қорлардан ақша табуға арналған қандай да бір платформалар әзірлемейді;

– мұндай ресурстарда аз уақытта көп пайдаға кенелуге кепілдік беретін жалған ақпарат болады, сонымен қатар байланысуға арналған ақпараттар болмайды;

– алаяқтар тіркелмеген нөмірлерден жиі қоңырау шалып, жалған құқықтық құжаттарды ұсынады;

Активтерді инвестициялық басқаруға лицензиясы бар ұйымдардың тізімі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің ресми интернет-ресурсында бар.

  1. Алаяқтардан қалай қорғану керек?

Жеке дерегіңізді немесе қаржылық мәліметтеріңізді сұраған, сондай-ақ күдікті сілтемелері немесе тіркемелері бар электронды хаттардан абай болыңыз.

Келген хаттардың емле және грамматикалық қателерін, сондай-ақ жіберушінің электрондық пошта мекенжайы мен сілтеменің дұрыс жазылғанын әрқашан мұқият тексеріңіз.

Егер электронды поштаның мазмұны күдік тудырса және хат жіберген адаммен байланысудың басқа жолы болса (мысалы, ұялы байланыс немесе әлеуметтік желілер), хат жіберушіден осы электронды хатты жібергенін растап алу қажет.

Сондай-ақ, онлайн-банкингке немесе өзге де қаржылық сервистерге қосылған кезде жалпыға қолжетімді Wi-Fi желілерін пайдаланбағаныңыз абзал.

Логин мен парольдерді енгізу арқылы тіркелу қажет интернет-ресурстарға кірген кезде, қауіпсіздігіңіз қорғалатынына көз жеткізіңіз (браузер жолағында https деп жазылуы керек).

Сонымен қатар, белгісіз нөмірлерден қоңырау түскен кезде қырағылық танытып, жеке дерегіңізді айтпаңыз, күдікті платформалардан мобильді қосымшалар жазып алмаңыз, ұялы телефонды қашықтан басқаруға рұқсат бермеңіз. Сондай-ақ телефон арқылы айтылған нұсқау бойынша үшінші тұлғалардың шоттарына ақша аудармаған дұрыс.

  1. Жеке деректер алаяқтардың қолына өтіп кетсе, не істеу керек?

Алаяқтарға тап болған азаматтар банк карталарын бұғаттап, (шабуылдаушылар банк картасының деректерін – карта иесінің аты-жөні, нөмірі және жарамдылық мерзімі, CVC2 немесе CVV2 кодын, PIN-кодын біліп қойса) құқық қорғау органдарына шағымдануы керек.

ҚҰ ҰБ-қа жұмысқа тұру
  1. ҚР ҰБ-қа қалай жұмысқа тұруға болады?

ҚР ҰБ қызметкерін жұмысқа алу процесі «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Сонымен қатар, үміткерлер «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметшілерімен лауазымға тағайындау және еңбек шартын тоқтату қағидаларына» (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 261 қаулысымен бекітілген) сәйкес жұмысқа алынады.

Ұлттық Банкте жұмыс істегісі келетін адам кадр резервіне тұрып, реттеушінің іріктеуіне қатысуы қажет. Үміткерлерді таңдаудағы негізгі критерийлер – білімі, шет тілдерін білуі, халықаралық сертификаттардың болуы (тілдік, қаржылық, IT және т.б.), сондай-ақ жұмыс тәжірибесі. Үміткердің ерік-жігері мен кәсіби қабілеттеріне, мысалы, мақсатқа жетудегі ұмтылысы, бастамашылдығы, шешім қабылдаудағы батылдығына баса мән беріледі.

  1. Түйіндемені қайда жіберу керек?

Кадр резервіне алу үшін іріктеуді өткізу кезінде түйіндемеңізді Ұлттық Банктің интернет-ресурстындағы nationalbank.kz формаға сәйкес толтырып жіберу қажет.

Іріктеуді өткізу туралы хабарландыру кезінде кандидаттар өздерінің актуалды түйіндемелерін және біліктілігін растайтын сертификаттарын HR@nationalbank.kz электрондық мекенжайға жібере алады.

  1. Кадр резервіне қабылдау үшін іріктеу қашан басталады?

Кадр резервіне қабылдау үшін кезекті іріктеудің басталуы туралы білу үшін, сондай-ақ Ұлттық Банктің жаңалықтарынан, соның ішінде жұмысқа орналасуға байланысты ақпараттардан хабардар болу үшін Ұлттық Банктің интернет-ресурстындағы жаңалықтарды қадағалауға, біздің ресми парақшаларымызға жазылуға кеңес береміз:

Facebook

Instagram

  1. Ұлттық Банк жеке тұлғаларға оқу гранттарын бере ме?

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында Ұлттық Банкке мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары, елдің бейрезидент банктерінің филиалдары, бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары, бейрезидент сақтандыру брокерлерінің филиалдары үшін кадр даярлауға және қайта даярлауға қатысу жөніндегі қызмет бекітілген.

Ұлттық Банк серіктес жоғары оқу орындарымен магистратураның бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.

Бағдарламалар аясында ҚР ҰБ магистранттарды оқытуды және стипендия төлеуді қаржыландырады және олардың ҚР ҰБ құрылымына немесе ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жұмысқа орналасуына жағдай жасайды. Ал білім алушылар болса, алған білімін кемінде үш жыл жұмыс істеп өтеуге міндеттеледі.

  1. ҚР ҰБ қандай жоғары оқу орындарымен қандай бағдарламалар бойынша ынтымақтастық орнатқан?

Ұлттық Банк «Назарбаев Университеті» ДББҰ-мен – Master of Science in Finance бағдарламасын, «Қазақстан-Британ техникалық университеті» АҚ-мен – Financial Risk Management and Data Science, Macrofinance and Data Science, Financial Technology бағдарламаларын және «Нархоз университеті» КЕАҚ-мен бірлесіп – «Қаржы талдаушысы», «Қаржылық тәуекел менеджері», «Макроаналитика және болжау» магистрлік бағдарламаларын іске асырады.

Бағдарламалардың сипаттамасы, қабылдау науқаны туралы ақпарат университеттердің ресми сайттарында бар, сондай-ақ Ұлттық Банктің интернет-ресурсында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қосымша жарияланады.

  1. ҚР ҰБ-та тәжірибеден қалай өтуге болады?

Ұлттық Банк тәжірибеден өту жұмыстарын ұйымдастыруда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының 22.09.2022 жылғы № 232 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттерінің, магистранттарының және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі шетелдік жоғары оқу орындарының кәсіптік практикасын ұйымдастыру тәртібін» басшылыққа алады.

Ұлттық Банкте тәжірибеден өту үшін Ұлттық Банктің интернет-ресурсындағы nationalbank.kz тіркелу формасын толтыру қажет.

Тәжірибеден өтуге үміткерлерге қойылатын міндетті талаптар бар: үміткерлер жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша соңғы курста оқуға тиіс.

Қажетті құжаттар (міндетті):

  1. тіркелу формасы;
  2. жоғары оқу орны басшылығынан немесе факультет басшылығынан ұсыныс хат;
  3. үлгерімнің орташа балы (GPA) көрсетілген, оқыған пәндерді және олардың бағалары (транскрипт) берілген құжат;
  4. студенттің жоғары оқу орнында оқитынын растайтын, оқу орны берген анықтама.

Қосымша құжаттар (міндетті емес):

  1. шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы халықаралық сертификаттардың көшірмелері (IELTS, TOEFL және т. б.);
  2. сертификаттардың, грамоталардың, дипломдардың және т.б. көшірмелері.

Құжаттарды жіберетін электрондық мекенжай: KuralayMukashova@nationalbank.kz.

Жоғарыға