1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы тарихи анықтама

1987 жылғы реформа қарсаңында бұрынғы КСРО-да КСРО мемлекеттік банкінен, КСРО құрылыс банкінен және КСРО сыртқы сауда банкінен құралған орталықтандырылған банк жүйесі болды. Бұлар үш монополист банк, ірі конгломераттар еді.

КСРО Мембанкі елдің бас банкі, кредит жүйесінің методологиялық орталығы болды. Ол есеп айырысуларды, пайыздық саясат қағидаттарын, кредиттік жоспарлауды, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кредиттеу талаптарын бақылады.

Мембанкке эмиссиялық функцияларды, кредиттік және есеп айырысу бойынша қызмет көрсету мәселелерінің бекітілуі оны мемлекеттік басқару және бақылау органына айналдырды.

КСРО Құрылыс банкі КСРО Мембанкінің кредит саясаты, халық шаруашылығына күрделі салымдарды қаржыландыру жөніндегі  шешімдерін орындады.

КСРО Сыртқы сауда банкі экспорт-импорт операциялары бойынша  есеп айырысуларды ұйымдастыру және жүргізуді қамтамасыз етті, сондай-ақ сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асыратын кәсіпорындарды кредиттеді.

Әкімшілік-әміршілдік жүйе жағдайында экономиканы басқару, кредиттік қарым-қатынастар жоспарлау-басқару сипатында жүргізілді.

КСРО Мембанкінің билігінде кредиттік ресурстарға арналған шектелмеген монополия болды.

КПСС ОК-нің және КСРО Министрлер Кеңесінің «Елдегі банктер жүйесін жетілдіру және олардың экономиканың тиімділігін арттыруға ықпалдары туралы» 1987 жылғы 17 шілдедегі № 821 қаулысымен үкімет бірінші кезеңде басқарудың банктік құрылымын жетілдіруге, банк жұмысының мазмұны мен әдістерін өзгертуге, банктердің ролін арттыруға тырысты.

Нәтижесінде арнайы банктер құрылды: КСРО Сыртэкономбанкі, КСРО Өнеркәсіпқұрылысбанкі, КСРО Агроөнеркәсіпбанкі, Тұрғын-үй әлеуметтік банкі және КСРО Жинақ банкі. Мұндай банктер одақтас республикалардың барлығында, оның ішінде Қазақстанда да құрылды.

Банктердің жаңа жүйесі келісілмеген нормативтік құжаттар шығаруды, бөлімшелер үшін шамадан тыс жүктеме,  басқару аппаратының өсуін тудырды.  Бұл банк реформасының екінші кезеңі деп аталған теріс жақтарын жою жөнінде қосымша шаралар  қабылдауды талап етті.

Банк жүйесін бұдан әрі жетілдіру экономиканы нарықтық басқару үлгісіне көшірумен тұспа-тұс келді. Осыны есепке ала отырып, банк жүйесі де қайта құрылды. Банктердің қызметін реттейтін заңдар шығарылды. Екі деңгейдегі банк жүйесі құрылды. Бірінші деңгейде – Ұлттық Банк, ал екіншіде – қалған барлық банктер.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі аса маңызды екі құжат қабылдады – «Қазақ КСР-індегі банктер және банк қызметі туралы» 1990 жылғы 7 желтоқсандағы Заң және  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР Ұлттық Мемлекеттік Банкінің Жарғысы туралы» 1991 жылғы 20 маусымдағы қаулысы. Ұлттық Мемлекеттік банк республиканың меншігіне көшті және Орталық банк болып табылды.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 13 сәуірдегі Заңымен Қазақ КСР Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып қайта аталды.

Осы заңда: «Қазақстан Республикасының банк жүйесi екi деңгейден тұрады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының орталық банкi болып табылады және Қазақстан Республикасы банк жүйесiнiң жоғары деңгейiн бiлдiредi» деп атап көрсетіледі.

1993 жылғы 14 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы банктер туралы» Заң қабылданды.

Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес  тарихта тұңғыш рет дербес банк жүйесі құрылды. Заңда Ұлттық Банктің басқарушы және атқарушы билік органдарынан  тәуелсіздігіне, оның Жоғарғы Кеңеске және Қазақстан Республикасы Президентіне ғана есеп беретініне баса назар аударылды.

Қазіргі кезде «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 наурыздағы № 2155 Заңы қолданыста.

Әр жылдары ҚР Ұлттық Банкін мына адамдар басқарды:

Байназаров Ғалым Байназарұлы
(20.01.1992 ж. – 20.12.1993 ж.)

Сембаев Дәулет Хамитұлы
(20.12.1993 ж. – 10.01.1996 ж.)

Жандосов Ораз Әлиұлы
(10.01.1996 ж. – 20.02.1998 ж.)

Дамитов Қадыржан Қабдошұлы
(23.02.1998 ж. – 13.10.1999 ж.)

Марченко Григорий Александрович
(12.10.1999 ж. – 06.01.2004 ж.)

Сәйденов Әнуар Ғалимоллаұлы
(26.01.2004 ж. – 21.01.2009 ж.)

Марченко Григорий Александрович
(21.01.2009 ж. – 01.10.2013 ж.)

Келімбетов Қайрат Нематұлы
(01.10.2013 ж.  02.11.2015 ж.)

Ақышев Данияр Талғатұлы
(02.11.2015 ж.  25.02.2019 ж.)

Досаев Ерболат Асқарбекұлы
(25.02.2019 ж. – 31.01.2022 ж.

Пірматов Ғалымжан Олжаұлы
(03.02.2022 ж. – 03.09.2023 ж.) 

Сүлейменов Тимур Мұратұлы
(04.09.2023 ж. – қазіргі уақытқа дейін)

Жоғарыға