Қазақстан Ұлттық Банкі

Бағалы металдардан жасалған монеталарды сақтау жөніндегі ұсынымдар

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын коллекциялық алтын және күміс монеталары «proof» сапасымен дайындалады. Бұл жақсартылған сападағы монеталарды дайындаудың ерекше технологиясы. Мұндай монеталардың басты және негізгі айрықша белгісі тегіс беті және монетаның біркелкі күңгірт бедерлі суреті болып табылады. Бағалы металдардан жасалған монеталар олардың механикалық бүлінуіне жол бермейтін жағдайда сақталуға тиіс. Монеталарды сақтауға ұсынылатын температура 5°C - 40 °C аралығында. Асыл тастар орнатылған монеталарды сақтаған кезде тез өзгеретін температураның әсерінен сақтаған жөн.

Бағалы металдардан жасалған коллекциялық монеталарды:

  • зауыттың орауынсыз – монетаны «proof» бетіне зиян келтіруі мүмкін саусақ іздерінен, шаңнан және бөтен ұсақ заттардан қорғауға арналған қатты мөлдір капсулаларда сақтауға;
  • тұрмыстық химия тауарлары, косметикалық құралдар, дәрі-дәрмектер сияқты заттармен бірге сақтауға болмайды. Монеталарды әсіресе хлор, йод және сынап сияқты қосылыстармен қатар сақтаған қауіпті, себебі монеталарда дақтар немесе қошқыл қақ пайда болуы мүмкін.
  • поливинилхлоридтен (түссіз, мөлдір пластмасса, термопластикалық полимер) жасалған альбомдарда сақтауға болмайды, себебі уақыт өткен сайын поливинилхлорид хлорорганикалық қосылыстарды өзінен бөле отырып бұзылады, олар монеталарда жасыл түсті қақтың пайда болуына себеп болуы мүмкін.
  • банкноттармен бірге сақтауға болмайды, себебі банкнот қағазында күкірт қосылыстары бар, олар монетаның бетінің қараюына әкеп соғуы мүмкін;

Монеталарды қорғаныш капсуласынан алу қажеттілігі туындаған кезде оны арнайы мақта-мата қолғабын киіп немесе ұшы жұмсақ арнайы қысқышпен ғана алуға болады. «Proof» сапасындағы монеталарды өз бетінше тазартуға болмайды.

Бағалы металдардан жасалған инвестициялық монеталар «proof» технологиясын қолданбай дайындалады. Сақтау талаптарына орай, олардың бетінде металдардың қышқылдануынан және бетіне түсетін түрлі заттардың микроскопиялық бөліктерінен дақтар пайда болуы мүмкін. Мұндай дақтардың болуы бұл монеталарды ақаулы ретінде сипаттамайды. Инвестициялық монеталарда дақтар пайда болған жағдайда, оларды күмісті жылтыратуға арналған арнайы мақта-мата майлықтардың көмегімен кетіруге болады.

Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдарында сатып алған кезде монеталарды мұқият қарап, бақылау чегіне қол қояр алдында орауының тұтастығына және көрінетін ақаулардың болмауына көз жеткізу қажет.

Сонымен бірге, монетаның бетінде сыртқы түрін бүлдірмейтін, көзге онша көрінбейтін бірлі-жарым ақауларға, сондай-ақ шамалы қиғаштықтар мен қабыршақтарға жол беріледі.

Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдарында сатып алғаннан кейін оларда зауыттық ақаулар анықталған жағдайда, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы, Өскемен қ., Абай даңғылы, 102/1, F00K8B3, тел.: 8 (7232) 75 33 50, e-mail: admin@kmd.kz мекенжайы бойынша өтініш жасау қажет.

Назар аудару үшін: тұтынушы монетаның қорғаныш капсуласын ашқаннан кейін Теңге сарайы монетаның сапасына шағым-талаптарды қарастырмайды.

Жоғарыға