1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі (ҚРҰБ) болжамдау және саясатты талдау жүйесі – бұл инфляция мен макроэкономикалық үдерістерді кешенді бағалау негізінде ақша-кредит саясаты бойынша шешімдер қабылдауды қамтамасыз ететін негізгі талдау құралы.

Болжамдау және саясатты талдау жүйесі дегеніміз не?

Болжамдау және саясатты талдау жүйесі макроэкономикалық болжамдарды қалыптастыру және баға тұрақтылығына тәуекелдерді бағалау үшін қолданылатын модельдер, аналитикалық құралдар және сарапшылық бағалаулар жүйесін білдіреді. Жүйе мыналарға мүмкіндік береді:

  • экономика дамуының базалық және баламалы сценарийлерін қалыптастыру
  • ақша-кредит саясаты бойынша шешімдердің ықпалын бағалау
  • трансмиссия арналары мен тәуекелдерді талдау
  • қабылданған шешімдер жөніндегі коммуникацияның ашықтығын қамтамасыз ету

Болжамдау және саясатты талдау жүйесі қалай жұмыс істейді?

Болжамдау және саясатты талдау жүйесі статистикалық деректерді, сыртқы алғышарттарды және сараптамалық бағалауларды бірыңғай макроэкономикалық болжамға біріктіретін құрылымдалған және итерациялық болжау үдерісіне негізделеді. Жүйе мыналарды қамтиды:

  • негізгі макроэкономикалық модельді
  • қысқа мерзімді болжау құралдарын
  • негізгі бағыттар бойынша қосалқы (сателлиттік) модельдерді
  • тәуекелдер мен баламалы сценарийлерді талдауды

Болжамдық раундтар

ҚРҰБ-тағы болжамдау және саясатты талдау жүйесі шеңберіндегі болжау бүкіл үдерістің негізі болып табылатын тұрақты болжамдық раундтар арқылы жүзеге асырылады. Әрбір раунд мыналарды қамтиды:

Қысқа мерзімді болжау

Қысқа мерзімді болжау негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің, ең алдымен инфляцияның, ЖІӨ-нің және жиынтық сұраныс компоненттерінің ағымдағы және жақын кезеңдегі динамикасын бағалауға бағытталған. Қысқа мерзімді болжам экономикалық циклдің ағымдағы фазасын нақтылауға, қысқа мерзімді инфляциялық күйзелістерді анықтауға және орта мерзімді болжам үшін бастапқы жағдайларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қысқа мерзімді болжау мынадай факторларға негізделеді:

  • жедел статистикалық деректерге (жоғары жиілікті индикаторлар, ай сайынғы статистика);
  • сауалнамалар мен іскерлік белсенділік индекстерінің нәтижелеріне;
  • сыртқы алғышарттарға (шикізат тауарларының бағалары, валюта бағамдары, негізгі сауда серіктес елдердегі макроэкономикалық ахуал);
  • эконометрикалық және статистикалық модельдердің нәтижелеріне.

Орта мерзімді болжамдау

Орта мерзімді болжау - Болжамдау және саясатты талдау жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады және 2 жылға дейінгі кезеңге экономиканың дамуының базалық сценарийін қалыптастыруға бағытталған. Орта мерзімді болжам шеңберінде инфляцияны нысаналы деңгейге қайтарудың келісілген траекториясы қалыптастырылып, сондай-ақ осы мақсатқа жету үшін қажетті ақша-кредит саясатының реакциясы бағаланады. Орта мерзімді болжамдау Тоқсандық болжамдық моделі (ТБМ) пайдалану арқылы жүзеге асырылады. ТБМ – экономикалық агенттердің күтулерін ескере отырып, инфляция мен шығарылым динамикасын мінез-құлық теңдеулері мен ақша-кредит саясатының трансмиссия арналары жүйесі арқылы сипаттайтын макроэкономикалық жартылай құрылымдық модель. ТБМ үш негізгі блоктан тұрады:

  • Филлипс қисығы
  • Жиынтық сұраныс қисығы
  • Ақша-кредит саясаты блогы

Болжамдау және саясатты талдау жүйесінің аясында зерттеу жұмысы 

Болжамдау және саясатты талдау жүйесінің аясында макроэкономикалық болжамдардың сапасын арттыруға және талдау құралдарын дамытуға бағытталған тұрақты зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Негізгі зейін экономикадағы құрылымдық өзгерістерге болжау модельдерін бейімдеуге, сондай-ақ әдіснамалық тәсілдерді жетілдіруге аударылады. Осы жұмыстың аясында қолданыстағы модельдерді қайта қарау және жаңарту, оларды жаңа деректер мен экономикалық ортаның өзгерістерін ескере отырып калибрлеу және жаңғырту жүзеге асырылады. Сонымен қатар, инфляциялық үдерістерді, ақша-кредит саясатының трансмиссия арналарын және баға тұрақтылығына тәуекелдерді неғұрлым дәл бағалауға мүмкіндік беретін жаңа модельдер мен құралдарды әзірлеу жүргізілуде. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері талдау және болжау жүйесінің модельдік аппаратын дамытуда және макроэкономикалық болжамдар мен талдау материалдарын дайындау кезінде пайдаланылады.

Модельдік әдістердің сипаттамасы:

Инфляцияның қысқа мерзімді болжау жүйесі

Түпкілікті пайдалану әдісі арқылы ЖІӨ-ні қысқа мерзімді болжау жүйесі

Өндіріс әдісі арқылы ЖІӨ-ні қысқа мерзімді болжау жүйесі 

Тоқсандық болжамдық модель

989.46 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға