«Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 6 ақпандағы № 193-VII ҚРЗ Заңы цифрлық активтер айналымын мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздерін қалады. 2023 жылғы 1 сәуірде күшіне енген Заң цифрлық активтердің институционалдық классификациясын бекітті, майнингтің құқықтық режимін лицензияланатын қызмет түрі ретінде айқындады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық активтердің айналымына қойылатын талаптарды белгіледі.
Аталған нормативтік құқықтық акт цифрлық активтерді құқықтық реттеудің негізіне айналды және мемлекеттік реттеу, қадағалау мен бақылау тетіктерін кейіннен дамыту мен жаңғырту үшін алғышарттар қалыптастырды.
«Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу жолдары» атты 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыруды жеделдетуді тапсырды.
Тапсырманы іске асыру үшін ұлттық деңгейде халықаралық қоғамдастық пен халықаралық қаржы ұйымдарының (ХВҚ, ХҚДБ, ЕҚДБ және ЕАГ) ұсынымдарына және технологиялық бейтараптық, теңгерімді және пропорционалды реттеу («бірдей қызмет, бірдей тәуекел, бірдей реттеу» – same activity, same risk, same regulation) қағидаттарына негізделген цифрлық активтерді мемлекеттік реттеудің кешенді моделі енгізілді.
«Цифрлық активтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 2026 жылғы 16 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында заңнамалық түзетулер қабылдау арқылы цифрлық активтер саласын реттеуге жүйелі қайта қарау жүргізілді.
Нәтижесінде қаржы құралдарының жаңа класы – стейблкоиндерді, токенизацияланған шынайы және материалдық активтерді, цифрлық/токенизацияланған нысанда шығарылған қаржы құралдарын қоса алғанда, цифрлық қаржылық активтер (ЦҚА) айналымға енгізілді. Осы мақсатта жалпы құқықтық өріске шынайы активтерді токенизациялау тетіктері және реттелетін цифрлық активтер қызметін провайдерлері (ЦҚА платформасының операторы) ұғымы енгізілді.
Ұлттық Банк лицензиялайтын қызмет провайдерлері (қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы – криптоайырбастау орны, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы – криптобиржа) арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің (криптовалюталар, шетелдік стейблкоиндер және т.б.) заңды айналымы кеңейтілді.
Цифрлық активтер қызметін провайдерлері үшін инфрақұрылымға, капиталға, тәуекелдерді басқаруға, комплаенс-бақылауға және КЖ/ТҚ/БҚҚҚ (ПОД/ФТ/ФРОМУ) бойынша заңнамалық талаптар белгіленді. Бұл реттеушінің бақылауымен қаржы жүйесіне жаңа құралдарды біріктіруге мүмкіндік береді.
Криптофиаттық арналарды қалыптастыру үшін жасалған жағдайлар (криптоактивтерді стейблкоин сияқты қамтамасыз етілген цифрлық активтерге айырбастау) цифрлық платформалардың банк секторымен бақыланатын өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.
Осылайша, Қазақстан үзінді және тыйым салушы реттеуден цифрлық активтер индустриясын реттеудің жүйелі криптофиаттық моделіне көшті.
КРИПТОКАРТАЛАР
2025 жылғы 3 маусымда Алматыда Ұлттық Банк банктердің, криптобиржалардың және финтех-компаниялардың өкілдерімен кездесу өткізіп, онда «криптокарталар» жобасын іске асыруға бастау берілді.
Криптокарталар – тұтынушыларға «Астана» халықаралық қаржы орталығының лицензиялары бар криптобиржалардағы әмияндарда орналастырылған қаражатты пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз транзакциялар жасауға мүмкіндік беретін төлем карточкалары. Бұл шешім цифрлық активтер айналымын қолданыстағы төлем инфрақұрылымына қауіпсіз әрі ыңғайлы біріктіру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ РЕТТЕУШІЛІК ҚҰМСАЛҒЫШЫ
2025 жылғы 30 маусымда Ұлттық Банкте қаржылық технологиялар мен цифрлық активтер саласындағы инновациялық шешімдерді апробациялау мен енгізуге арналған негізгі алаң – реттеушілік құмсалғыш жұмысын бастады.
Бұл – заңнамаға өзгерістер енгізілгенге дейін жобаларды іске қосуға, бизнес-модельдер мен технологияларды реттеушінің және мүдделі тараптардың қатысуымен қауіпсіз әрі бақыланатын ортада тестілеуге мүмкіндік беретін ерекше режим.
Реттеушілік құмсалғыш жобалары жиынтығында халықаралық компанияларды, қаржылық және төлем ұйымдарын, сондай-ақ шағын «стартап жобаларды» қамтитын әмбебап тестілеу экожүйесін қалыптастырады.
Ұлттық Банктің реттеушілік құмсалғышы «озық тестілеу» саясатының негізгі элементі болып табылады – онда реттеу тұрақты негізде енгізілгенге дейін өнімдер мен технологиялардың тиімділігін талдап қана қоймай, нарықтан деректер мен пікірлер жинай отырып, тәуекелдерді де ескеруге болады.
ЦИФРЛЫҚ АКТИВТЕР НАРЫҒЫНЫҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ
Цифрлық активтер нарығының субъектілеріне цифрлық активтер қызметін провайдерлері, цифрлық майнерлер, эмитенттер, инвесторлар, цифрлық қаржылық активтің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдар жатады.
Цифрлық активтер қызметін провайдері – цифрлық активтермен байланысты қызметтерді көрсететін және Ұлттық Банкте тиісті лицензиясы немесе есептік тіркеуі бар цифрлық активтер нарығының субъектісі.
Цифрлық активтер қызметін провайдерлері мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізіліміне енгізілген, цифрлық платформаға қолжетімділікті және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, соның көмегімен цифрлық қаржылық активтерді шығару және (немесе) айналысқа салу, цифрлық қаржылық активтерді есепке алу және сақтау, аталған цифрлық платформада шығарылған және (немесе) айналыстағы цифрлық қаржылық активтер иелерінің есепке алу жүйесін қалыптастыру, жүргізу және сақтау жүзеге асырылатын цифрлық қаржылық активтер платформасының операторы;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізіліміне енгізілген, осы провайдердің сауда жүйесін пайдалана отырып, цифрлық активтермен, соның ішінде қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен сауда-саттықты тікелей өткізу арқылы оларды ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын цифрлық активтердің сауда платформасының операторы;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде цифрлық активтер нарығында дилерлік қызметті, өз клиенттерінің мүдделері үшін қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау, сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы.
Цифрлық майнер – Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің лицензиясы негізінде цифрлық майнинг қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкері немесе заңды тұлғасы.
Цифрлық қаржылық активтің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым – цифрлық қаржылық активтің базалық активін сақтау міндеттемелерін өзіне ала отырып, оны есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын заңды тұлға.
Цифрлық қаржылық активтің эмитенті – цифрлық қаржылық активтерді шығаруды (эмиссиялауды) жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын заңды тұлға.
Цифрлық активтерге инвестор – Қазақстан Республикасының резиденттері және бейрезиденттері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар.