Қазақстан Ұлттық Банкі

Орталық банктер қызметінің негізгі мәселелері бойынша Еуропаның орталық банктерімен ынтымақтастық Техникалық көмекті тарту, консультациялар өткізу және тәжірибе алмасу, қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде семинарлар, тағылымдамалар және оқу сапарларын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.

Германия

Автоматтандырылған идентификациялау және замануи логистика негізінде қолма-қол ақша айналымын оңтайландыру және бизнес-процестерді жетілдіру, Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қалаларында орналасатын кассалық орталықтарды жобалау және олардың құрылысы мәселелерін шешу мақсатында 2018 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі мен Дойче Бундесбанктың мамандандырылған орталығы арасында жаңа кассалық орталықтың жобасы бойынша техникалық көмек көрсету туралы келісімге қол қойылды.

Аталған Келісімді іске асыру шеңберінде Дойче Бундесбанк Орталығы сарапшыларымен тұрақты негізде консультациялар мен кездесулер ұйымдастырылады.

Испания

Испанияның орталық банкімен өзара ынтымақтастық 2010 жылғы 21 сәуірдегі Ұлттық Банк пен Испания Банкі арасындағы жасалған меморандум негізінде консультация, семинарлар, тағылымдар және оқу сапарлары негізінде жүзеге асырылады.

Италия

Қазақстан Ұлттық Банкі мен Италия Банкінің арасында ақпарат пен тәжірибе алмасу саласында ынтымақтастық орнату мақсатында 2015 жылдың 29 қыркүйегінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандумды іске асыру шеңберінде төлем балансын қалыптастыру, Макроэкономикалық модельдеу және болжау, тәуекелдерді басқару, орталық банктегі ақпараттық жүйелердің аудиті, банкноттардың айналымы сияқты мәселелер бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкі өкілдерінің Италия Банкіне оқу сапарлары өтті.

Люксембург

2012 жылдың 16 шілдесінде Қазақстан Ұлттық Банкі мен Люксембург қаржылық орталығын дамыту агенттігі арасында өзара түсіністік  туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум қаржылық қызметтердің даму тенденциялары туралы ақпарат алмасуды, қаржылық орталықтарды құрудағы және қаржы нарығында жұмыс жасайтын қызметкерлердің біліктілігін арттырудағы тәжірибе алмасуды көздейді.

Польша

Қазақстан Ұлттық Банкі мен Польша Ұлттық Банкі арасындағы 2007 жылдың 29 наурызындағы ынтымақтастық туралы келісімі негізінде орталық банктің негізгі атқаратын қызметтері шеңберінде семинарлар мен тағылымдамалар өткізіледі.

2016 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Президентінің Польша Республикасына жасаған жұмыс сапары шеңберінде Қазақстан Ұлттық Банкі мен Польша Республикасының қаржылық қадағалау комиссиясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстан Ұлттық Банкі тарапынан Қазақстан Республикасының біршама нормативтік актілеріне өзгерістер енгізілген, соның ішінде Варшава қор биржасы Қазақстан Ұлттық Банкі мойындаған халықаралық биржалар тізіміне енгізілді. Меморандум нормативтік құқықтық база, ақша-несие саясаты, орталық банктің қызметі мен құрылымы және оның адам ресурстары бойынша саясаты мәселелері бойынша тәжірибе алмасу мен жұмысшылардың біліктігін арттыру мәселелеріне негізделген. Жасалынған келісімнің шеңберінде орталық банктің негізгі қызметі аясында семинарлар мен тағылымдалалар жыл сайын ұйымдастырылады.

Швейцария Конфедерациясы

Швейцария Конфедерациясының Ұлттық банкімен (ШҰБ) екіжақты ынтымақтастық, атап айтқанда, тәжірибе алмасу және техникалық көмек көрсету мәселелері бойынша ынтымақтастық жолға қойылды.

ШҰБ Ұлттық Банкке 2000-шы жылдардың басынан бастап ақша-кредит саясаты тұжырымдамасы, тәуекелдер мен активтерді басқару, ішкі аудит, адами ресурстар, құқықтық мәселелер, бизнестің үздіксіздігін басқару, төлем жүйелері, сатып алулар сияқты салаларда техникалық көмек көрсетті.

2010 жылы Қазақстан Швейцария басқаратын ХВҚ-ның кіші тобына қосылды.

Жоғарыға