1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Теңге бағамы

  1. Ұлттық Банктің ресми бағамы деп нені айтамыз? 

Ұлттық Банктің ресми бағамы – бұл Қазақстан қор биржасында (KASE) 15:30-ға (Астана уақыты) дейін өткен сауда-саттық қорытындысы бойынша USDKZT_TOM валюталық жұбына (келесі күнге есеп айырысумен) қалыптасқан теңгенің АҚШ долларына қатысты орташа мөлшерленген биржалық бағамы. Сол бағам келесі жұмыс күні ресми курс ретінде белгіленеді.

Теңгенің басқа валюталарға қатысты бағамы кросс-курс әдісімен есептеледі. Ол үшін доллар/теңгенің нарықтық курсы және сәйкес валюталардың АҚШ долларына қатысты бағамдары қолданылады. Осы есептеуде халықаралық агенттіктердің мәліметі бойынша сағат 16:00-ға (Астана уақыты) белгіленген сұраныс (bid) котировкалары пайдаланылады.

  1. Ұлттық Банктің ресми бағамы не үшін қолданылады? 

Ресми бағам бухгалтерлік есепте, активтер мен міндеттемелерді қайта бағалауда, статистикалық есептілікте және басқа да есептеу мақсаттарында қолданылады. Ол бағдар ретінде қызмет етеді, бірақ барлық операцияларда міндетті түрде қолданылмайды.

Қаржы субъектілері, оның ішінде мемлекеттік органдар, ресми бағамды қай кезде қолдану қажет екенін өз бетінше анықтауға құқылы.

  1. Биржалық курс қалай қалыптасады?

Биржалық курс KASE сауда-саттығында қалыптасады, онда нарыққа қатысушылар (негізінен банктер мен брокерлік ұйымдар) валютаны сатып алу және сату мәмілелерін жасайды. Мәміле бағамы сұраныс пен ұсыныстың ағымдағы арақатынасын көрсетеді: егер долларға сұраныс артса, USD/KZT бағамы өседі (теңге әлсірейді), ал ұсыныс сұраныстан артық болғанда бағам төмендейді (теңге күшейеді). Осылайша, биржалық  бағам нарықтық тепе-теңдіктің динамикасын көрсетеді. 

  1. Кросс-бағам  деген не? 

Кросс-бағам – екі валюта арасында тікелей нарықтық баға белгілеу болмаған жағдайда, олардың айырбастау бағамын үшінші валюта (көбіне АҚШ доллары) арқылы есептеу тәсілі.

Мысалы, теңгенің Индонезия рупиясына қатысты бағамын есептеу үшін мына формуланы қолдануға болады:

KZT/IDR = (USD/IDR) ÷ (USD/KZT) – 1 теңге (KZT) үшін қанша рупия (IDR) алуға болатынын көрсетеді;
IDR/KZT = (USD/KZT) ÷ (USD/IDR) – 1 рупияны сатып алу үшін қанша теңге қажет екенін көрсетеді.

Есептеу үшін халықаралық платформалар: Bloomberg, LSEG (Reuters), Financial Times-тан USD/KZT және USD/IDR нарықтық бағамын қолдану қажет.

  1. Теңгеге қатысты ресми  бағамдар  туралы ақпаратты қайдан алуға болады? 

Қандай да бір валютаның теңгеге қатысты ресми бағамы бойынша ақпаратты Ұлттық Банктің интернет-ресурсында: «Статистика» – «Валюталар бағамы мен алтын құны» – «Валюталардың күн сайынғы ресми (нарықтық) бағамдары» бөлімінен нақтылауға болады.

Валюталардың орташа ресми бағамдары «Статистика» – «Валюталар бағамы мен алтын құны» – «Валюталардың ресми бағамдары, кезеңде орташа» бөлімінде қолжетімді.

Сіз электронды анықтама беру қызметі арқылы теңгеге қатысты ресми валюталар бағамы туралы электронды анықтаманы нақты бір күнге немесе белгілі бір кезеңге ала аласыз.

  1. Ұлттық Банкте шетел валютасын айырбастауға бола ма?

Ұлттық Банкте шетел валютасын айырбастау мүмкін емес. Қолма-қол шетел валютасын сатып алу немесе сату үшін Сіз екінші деңгейлі банктердің айырбастау пунктеріне, «Қазпошта» АҚ валютаны айырбастау бөлімшелеріне, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың айырбастау пунктеріне (банктік емес айырбастау пунктері) жүгіне аласыз.

Банктік емес айырбастау пунктерінің мекен-жайын Ұлттық Банктің ресми сайтында «Негізгі» – «Функциялар» – «Ұлттық валюта» – «Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операциялары» бөлімінен таба аласыз.

  1. Айырбастау  бағамын белгілеу тәртібі қандай нормативтік құжатта айқындалады? 

Айқындау тәртібі «Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына қатысты ресми бағамын белгілеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2012 жылғы 24 тамыздағы № 242 Басқарма қаулысымен бекітілген. Құжат «Әділет» порталында қолжетімді.

  1. Ұлттық Банкінің шетел валюталарына қатысты қандай да бір бағдарлары бар ма? Ұлттық Банктен болашаққа арналған болжам ала аламын ба?

Ұлттық Банк айырбас бағамы бойынша ешқандай мерзімге болжам жасамайды және оған қатысты бағдар бермейді. Теңге курсы негізінен фундаменталды факторлардың ықпалымен қалыптасады, ал оның ауытқу ауқымы ел ішіндегі қаржы нарығы қатысушыларының күтулеріне және әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.

  1. АҚШ долларына қатысты теңге  бағамына қандай факторлар әсер етеді? 

Теңге бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа сай, бірқатар ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен қалыптасады.

Атап айтқанда, теңге бағамының динамикасына төлем балансының жай-күйі, инфляция мен базалық мөлшерлеменің деңгейі, салық төлеу кезеңдері, бюджет қаражатының қозғалысы, салымдарды долларсыздандыру үрдісі және нарық қатысушыларының күтулері сияқты ішкі факторлар әсер етеді.

Сонымен қатар, теңгенің динамикасына жаһандық үрдістер мен геосаяси жағдай әсер етеді. Ол мұнай бағасы, сауда-серіктес елдердегі айырбастау бағамы мен әлемнің ірі экономикаларындағы орталық банктердің пайыздық мөлшерлемесі сияқты көптеген фактордың жиынтығымен айқындалады.

  1. Ұлттық Банк неге еркін өзгермелі  бағам саясатын ұстанады? 

Қазақстанда инфляциялық таргеттеу режимі қолданылады, оның аясында еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясаты жүргізіледі. Мұндай жағдайда теңге күтпеген сыртқы және ішкі өзгерістерге тікелей тәуелді болмайды және:
• алтын-валюта резервтерін сақтауға;
• экономикада теңгерімсіздікті болдырмауға мүмкіндік береді.
Тәжірибе көрсеткендей, белгіленген бағам қысқамерзімді тұрақтылықты қамтамасыз еткенімен, уақыт өте келе теңгерімсіздікке, резервтердің таусылуына және қаржылық дағдарысқа әкелуі мүмкін.

  1. Белгіленген айырбастау  бағамы деген не? 

Белгіленген бағам – бұл ұлттық валютаның шетел валютасына (немесе валюталар қоржынына) қатысты орталық банк әкімшілік жолмен белгілейтін және валюталық интервенциялар арқылы белгілі бір дәлізде ұстайтын бағам.

  1. Девальвацияны күту керек пе? 

«Девальвация» термині тек белгіленген бағам жағдайында қолданылады. 2015 жылғы тамыздан бастап Қазақстанда еркін өзгермелі бағам режимі енгізілді. Сондықтан бұл ұғым қазір ондай өзекті емес. Қазір теңге бағамы күн сайын нарықтық факторлар негізінде айқындалады, ал бағамның ауытқуы – еркін бағам қалыптасу режимінің ажырамас бөлігі.

  1. Еркін  өзгермелі   айырбастау  бағамына не үшін көштік? 

2015 жылға дейін Қазақстанда белгіленген бағам режимі қолданылды. Ол кезде Ұлттық Банк теңгені тар дәлізде ұстап тұрды. Бұл тұрақты интервенция жасауды және алтын-валюта резервтерін жұмсауды талап етті.

Әлемдік дағдарыс, мұнай бағасының төмендеуі және сауда-серіктестер валютасының әлсіреуі теңге бағамына әсер етті. Бағамды ұстап тұру экономикалық тұрғыдан тиімсіз бола бастады – белгіленген бағам теңгерімсіздік туғызып, экспорттың бәсекеге қабілеттілігін төмендетті.

2015 жылғы тамызда Қазақстан бағамның еркін өзгеруіне негізделген инфляциялық таргеттеу режиміне көшті. Енді бағам нарықтық жолмен қалыптасады. Ал резервтер оны белгілі бір деңгейде жасанды түрде ұстап тұру үшін емес, құбылмалылықты реттеу мақсатында пайдаланылады.

  1. Ұлттық Банк қандай валюталық операциялар  түрін жүргізеді? 

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мынадай негізгі валюталық операцияларды жүзеге асырады:

– Ұлттық қор (ҰҚ) атынан жасалатын операциялар:
Ұлттық Банк ішкі нарықта шетел валютасын сатады, бұл Ұлттық қордан мемлекеттік бюджетке трансферттер қамтамасыз ету үшін жасалады. Мұндай операциялар нарықтық бейтараптылық қағидатын сақтай отырып, біркелкі әрі тұрақты жүргізіледі. Бұл тәсіл Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

– Монетарлық бейтараптылыққа қол жеткізу үшін басым құқықты іске асыру аясындағы операциялар:
2025 жылдан бастап Ұлттық Банк аффинирленген алтынды сатып алудағы басым құқығын іске асырады. Бұл ретте монетарлық бейтараптылықты қамтамасыз ету мақсатында алтын сатып алу көлеміне шығарылған теңге көлеміне тең мөлшерде АҚШ долларын валюта нарығында сату арқылы «айналау» әдісі қолданылады. Мұндай операциялар ішкі нарықта алтын сатып алу кезінде эмиссияланған өтімділікті алу үшін жасалады. Осындай операцияларды жүргізгенде нарықтық бейтараптылық қағидаты сақталады.

– Ұлттық Банктің басқаруындағы қорлардың атынан олардың активтерін әртараптандыру үшін (оның ішінде зейнетақы активтерін сенімді басқару аясында) жасалатын операциялар:
Нарықтық конъюнктура мен инвестициялық стратегияға байланысты нарықтан шетел валютасы сатып алынады.

– Валюталық интервенция жүргізу:
Еркін бағам режимінде Ұлттық Банк айырбастау бағамының күрт ауытқуын азайту және нарыққа деген сенімді қалпына келтіру үшін ерекше жағдайларда валюталық интервенция жүргізе алады. Мұндай әрекеттер нарықтың өтімділігі мен жұмыс сапасын бағалайтын сандық көрсеткіштер негізінде екі бағытта да жүзеге асуы мүмкін. Теңге бағамының айтарлықтай өзгеруі теңгедегі депозиттердің жаппай алынуына және өтімділіктің валюта нарығына ауысуына әкелуі ықтимал болғанда қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін шектеу және бағамның негізсіз қысқамерзімді ауытқуын реттеу үшін интервенция қолданылады.

Ұлттық Банк валюталық операцияларды жүргізу ісінде ашықтық принципін ұстанып, олардың нәтижесін Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында жариялайды - nationalbank.kz/kz/news/operations-NFnationalbank.kz/kz/news/foreign-exchange-market-interventions..

  1. Қазақстан  Республикасының Ұлттық Банкі валюта нарығына қандай жағдайда және қандай қағидаттарға сүйене отырып қатысады? 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі валюта нарығына нарықтық қағидаттарды негізге ала отырып қатысады. Ондағы мақсат – валюта нарығының тұрақтылығы мен тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бұл ретте нарықтық бейтараптық пен ашықтық қағидаттары сақталады: барлық валюталық операциялар баға белгілеу тетігін бұрмалаусыз жүргізіледі және тиісті ақпарат жарияланады.
Ұлттық Банк еркін өзгермелі айырбас бағамы режимін нығайту саясатын ұстанады. Осыған сәйкес, нарықтағы қатысуы барынша азайтылған. Тек қаржылық тұрақтылыққа қатер төнген жағдайларда ғана араласуы мүмкін. Валюталық интервенциялар тек айрықша жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Оларға – теңге бағамының күрт әрі қысқамерзімді ауытқуы, қаржылық тұрақтылыққа төнетін қатерлер, сондай-ақ валюта нарығының өтімділігі мен жұмыс істеуінің нашарлауы жатады.

  1. Экономикалық тұрғыдан теңге бағамын белгілі бір деңгейде ұстап тұру неге мүмкін емес? 

Тіркелген бағам тұрақты валюталық интервенцияларды қажет етеді. Бұл алтын-валюта резервтерінің азаюына және теңгеге деген сенімнің төмендеуіне әкеледі. Резервтер таусылғанда бағам күрт түзетіледі. Сондықтан бағамды жасанды ұстап тұру – уақытша әрі тұрақсыз шара. Ал, нарықтық бағам мұндай күйзелістерді азайтып, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

  1. Коммерциялық ұйымдарда теңге бағамы неліктен Ұлттық Банктің ресми бағамынан өзгеше болады? 

Туристік агенттіктерді қоса алғанда, коммерциялық ұйымдарда пайдаланылатын шетел валютасының бағамы Ұлттық Банктің ресми бағамынан ерекшеленуі мүмкін.

Ресми бағам бухгалтерлік есеп, активтер мен міндеттемелерді қайта бағалау, статистикалық есеп беру және басқа да есептік мақсаттар үшін қолданылады. Ол бағдар ретінде қызмет етеді, бірақ операцияларда пайдалану үшін міндетті саналмайды және азаматтық мәмілелер мен нарықтық операцияларда қолданылмайды.

Шаруашылық жүргізуші субъектілер, мемлекеттік органдарды қоса алғанда, ресми бағамды қандай жағдайларда қолданатынын дербес анықтауға құқылы. Коммерциялық есептерде ұйымдар, оның ішінде турагенттіктер маржаны, комиссияларды, нарықтық ауытқулар мен тәуекелдерді ескере отырып, өз бағамдарын пайдалана алады. 

Жоғарыға