1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын айналымға шығару туралы

Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) 2023 жылғы 8 қарашада «Көшпенділердің тотемдері» сериясынан KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын айналымға шығарады.

Монеталардың сатуға шығарылатын күніне қатысты ақпарат ҚҰБ ресми сайтында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі парақшаларында қосымша орналастырылады.

Инвестициялық монеталардың ребрендингі туралы

Жаңа KÓKBÓRI инвестициялық монеталары – ALTYN BARYS және KÚMIS BARYS инвестициялық монеталарына ҚҰБ жүргізген ребрендингтің нәтижесі.

KÓKBÓRI дизайнында «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясындағы монеталардың стилистикасы қолданылған. Эксклюзивті дизайн KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын тек инвестициялық тұрғыдан ғана емес, жинау және сыйға тарту үшін де тартымды ете алады.

Инвестициялық монеталар алғаш рет бірнеше нұсқада шығарылатын болды:

- proof сапада алтыннан дайындалған номиналдар – 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңгелік (қорғаныш элементтері, лимитті таралым, кәдесый орамасы).

- uncirculated сапада алтыннан дайындалған номиналдар – 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңгелік

- uncirculated сапада күмістен дайындалған номиналдар – 1, 2, 5 және 10 теңгелік.

- proof сапада күмістен дайындалған номиналдар – 1, 2, 5 және 10 теңгелік (қорғаныш элементтері, лимитті таралым, кәдесый орамасы).

Рroof сападағы алтын және күміс монеталар интерференциялық кедергі жабыны ретіндегі қорғаныш элементін пайдалана отырып жасалған. Сондай-ақ, uncirculated сападағы монеталардан айырмашылығы, бұл монеталар жеке ағаш қорапта, қара (алтын монеталар үшін) және ақ (күміс монеталар үшін) түстермен шығарылады.

Инвестициялық монеталарды шығарудағы негізгі мақсат – халыққа бағалы металдарға  жинақ және/немесе инвестициялаудың балама құралын ұсыну.

Инвестициялық монеталардың ерекшеліктері:

  • ұзақмерзімді перспективада инвестициялық табыс табуға болады;
  • монеталарды сатып алу кезінде қосымша құн салығы болмайды;
  • бағалы металдың құрамы 99,99% құрайды (сынамасы 999,9).

Еске сала кетейік, барлық номиналдағы инвестициялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға және аударылуға, шектеусіз ұсақталуға және айырбасталуға тиіс.

ҚҰБ филиалдары инвестициялық монеталарды монетадағы химиялық таза бағалы металдың салмағына қарай есептелген баға бойынша, сондай-ақ LBMA (Лондон құймалар нарығы қауымдастығы) бағалы металдардың таңғы фиксингімен кері сатып ала алады.

Инвестициялық монеталар Қазақстан Теңге сарайында дайындалды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға