1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылдың І жартыжылдығындағы төлем балансын алдын ала бағалау туралы

ҚР ҰБ Төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаевтың түсіндірмесі

Қазақстан Ұлттық Банкі 2022 жылдың І жартыжылдығындағы төлем балансына алдын ала бағалау жүргізді.

Бағалаудың қорытындысы бойынша, ағымдағы шот 6,6 млрд АҚШ доллар профицитпен қалыптасты.

Ағымдағы шоттың профицит аймағына ауысуы – сауда балансының 21,6 млрд АҚШ долларына дейін жақсаруымен байланысты. Бұл ретте, ІІ тоқсанда сауда балансы соңғы сегіз жыл ішінде ең жоғары тоқсандық мәнге жеттіп, 11,7 млрд АҚШ долларын құрады (2014 жылдың І тоқсанында профицит 14,5 млрд АҚШ долларын құрады). Салыстыру үшін, өткен жылдың І жартыжылдығында ағымдағы шот 2,8 млрд АҚШ доллары тапшылығымен қалыптасты, ал сауда балансы 9,1 млрд АҚШ долларын құрады.

Тауар экспорты тұрақты сыртқы сұраныспен және шикізатқа, атап айтқанда, мұнай бағасының жоғары деңгейімен қамтамасыз етілді. Мұнай және газ конденсаты экспортының көлемі өткен жылдың ұқсас көрсеткішімен салыстырғанда 84,7% немесе 11,4 млрд АҚШ долларына ұлғайды. Экспорттың өсуі металдар тобы – ферроқорытпа, мыс, мырыш, қорғасын, алюминий бойынша да байқалады.

Тауар импорты, өз кезегінде, 15,9%-ға өсіп, 20,7 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте импорт барлық негізгі топтар бойынша өсті. Аралық тауарларды жеткізу 21,5%-ға, инвестициялық тауарлар 8,7%-ға өсті. Сырттан келетін азық-түлікке жатпайтын өнімдердің 16,4%-ға ұлғаюы тұтыну импортының 9,8%-ға өсуіне себеп болды. Импорт құрылымында ұялы телефондар, дәрі-дәрмек, шанақтар мен көлік құралына арналған қосалқы бөлшек секілді тауарлар көбейді.

Экономиканың тұрақты өсуі мен фискалдық ынталандыру – импорттың  өсіп келе жатқан көрсеткіштерін негіздейді. Қазақстандық тауарлардың кең спектрлі өндірісі болмағандықтан да сұраныс жоғары болып отыр. Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша, тауар импорты инвестициялық тауарлардан басқа барлық тауар санаты бойынша пандемиялық деңгейден асып түсті.

Шетелдік инвесторлардың кірісі 26,9%-ға ұлғайып, 13,5 млрд АҚШ долларын құрады. Шетелдік инвесторларға төленетін табыстың өсуі тау-кен өнеркәсібіне шетелдік инвестициялардың шоғырлануы есебінен шикізат экспортының ұлғаюымен байланысты.

2022 жылдың І жартыжылдығындағы қорытынды төлем балансы осы жылдың қыркүйек айы соңында қалыптасады.

Статистикалық мәліметтермен мына сілтемеге өтіп танысуға болады: https://nationalbank.kz/kz/news/platezhnyy-balans-vn-sektora

Толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға