1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылдың қаңтар айындағы іскерлік белсенділік индексі туралы

2022 жылдың қаңтар айындағы іскерлік белсенділік индексі туралы ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймардановтың түсіндірмесі  

Алынған бағалаудың нәтижесі бойынша, іскерлік белсенділік индексі қаңтар айында төмендеп, 50,0 құрады (2021 жылғы желтоқсанда – 50,6). Индекстің төмендуі құрылыс саласы мен қызмет көрсету секторында көрсеткіштің сәйкесінше, 45,7 және 49,4-ке дейін төмендеуімен байланысты болды (2021 жылғы желтоқсанда – 51,3 және 50,4, сәйкесінше), бұл өз кезегінде жаңа тапсырыстар көлемінің және жұмыспен қамту деңгейінің төмендеуімен түсіндіріледі. Өнеркәсіпте көрсеткіш жоғарылап, 51,8 деңгейінде қалыптасты (2021 жылғы желтоқсанда – 50,7).

Аймақтар арасында қаңтарда 7 өңірде іскерлік белсенділік жақсарып, 10 өңірде нашарлағаны байқалды. Іскерлік белсенділіктің неғұрлым жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан (60,7) және Түркістан (54,4) облыстарында, неғұрлым төмен деңгейі Қызылорда облысы (44,1) мен Алматы қаласында (44,7) көрінді. Қызылорда облысы мен Алматы қаласында іскерлік белсенділік үш секторда да төмендегенін атап өткен жөн.

2022 жылғы қаңтарда ағымдағы бизнес-жағдай теріс бағаланды: оң және кері бағалардың айырмасы бойынша жауаптар теңгерімі (-)2,3 құрады.

Кәсіпорындар сұраныстың төмендегенін атап өтті: жауаптар теңгерімі 2021 жылғы ақпаннан бері алғаш рет теріс мәнге ие болып, (-)5,9 құрады. Инфрақұрылымның бағалауы да 2021 жылғы қаңтардан бері алғаш рет теріс мәнге ие болып, (-)2,8 құрады. Бағалаудың жақсаруы тек бизнесті қорғау мәселелеріне қатысты болды, алайда баға әлі теріс болып қалып отыр (-2,3). 2022 жылғы қаңтарда қаржы/несиенің қол жетімділігінен басқа факторлардың бәрі бойынша кері бағалау басым болды.  

Алдағы 6 айдағы болашақ бизнес-жағдайға қатысты оптимизм жоғарылады: болашақ жағдайды бағалау 17,9 құрады (2021 жылғы желтоқсанда – 15,2), сонымен қатар ағымдағы бизнес жағдайдың бағасы нашарлап, (-)2,3 құрады (2021 жылғы желтоқсанда (-)0,1). Нәтижесінде экономика бойынша бизнес ахуал индексі 7,5-ға дейін аздап төмендеді (2021 жылғы желтоқсанда – 7,7).  

2022 жылы қаңтарда сауалнамаға 459 кәсіпорын қатысты: құрылыста – 67, өнеркәсіпте – 175, қызмет көрсетуде – 217.

Толығырақ

Жоғарыға