Ұлттық Банк жалған құжаттар мен реквизиттер пайдаланылатын алаяқтық схема туралы ескертеді
Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) азаматтарға ескертеді, ҚҰБ-тың фирмалық бланкісін қолданып, жалған құжат тарату арқылы жасалатын алаяқтық оқиғалар жиілеген.
Қаскөйлер ҚҰБ атынан азаматтарға жалған хаттар жіберіп, алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлайды. Сөйтіп, қаражатты қауіпсіз қайтару үшін ақша аударуды ұсынады. Кейбір жағдайларда алаяқтар ақша аударылғанын хабарлап, әртүрлі сылтаумен белгілі бір сомаға төлем жүргізу керек екенін айтады. Оның ішінде операцияны аяқтау үшін қаражатты тіркеп, декларациялау қажет деген сылтаулар бар.
Мұндай схемалар «инкассатор көлігіне тапсырыс беру және мекенжайға жеткізу» деген сылтаумен «ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің немесе Қазақстан Ұлттық Банкінің қызметкері» қатысып отырғандай ұйымдастырылуы мүмкін.
Алайда сол құжаттардағы электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) мен мөр бедері белгіленген талаптарға сәйкес келмейді.
Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, қаржы көзін декларациялаумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске салады. Осыған байланысты ҚҰБ азаматтарды сақ болуға үндеп, күмәнді шоттарға ақша жібермеуге, таратылып жатқан сенімсіз ақпаратқа және тексерілмеген құжаттарға сенбеуге кеңес береді.
Алаяқтық схемаларға тап болған жағдайда тиісті арызбен Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінген дұрыс.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өкілеттік аясында Ұлттық Банк негізінен мемлекеттік органдармен, қаржы ұйымдарымен және басқа заңды тұлғалармен өзінің құзыретіне келетін мәселелер бойынша қызмет бабында ғана хат алмасады.
Азаматтармен өзара байланыс заңнамада белгіленген тәртіпте орындалады, оның ішінде «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы түсетін өтініштер қаралады.
Ұлттық Банк жеке тұлғалармен мессенджер, электрондық пошта немесе әлеуметтік желі арқылы хат алыспайды.
Қосымша ақпарат алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы ҚҰБ Байланыс орталығына хабарласуға болады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz