1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстан Ұлттық Банкі мен Дүниежүзілік банк ынтымақтастық аясын кеңейтеді

2025 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) мен Халықаралық қайта құру және даму банкі (Дүниежүзілік банк) басым бағыттар бойынша ынтымақтастыққа негіз болған консультациялық қызметтер туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Жұмыстың бірінші кезеңі міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамытуға қолдау көрсетуге бағытталды.

Келесі қадам ретінде 2026 жылғы 12–18 қазанда Бангкок қаласында өткен Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банк тобының жыл сайынғы кездесуі барысында Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов пен Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша вице-президенті Антонелла Бассани принципиалды келісімге қол жеткізді. Ол Қазақстан қаржы жүйесінің орнықтылығын симуляциялық сынақтан өткізуге Дүниежүзілік банк тарапынан консультациялық қолдау көрсетуді көздейді.

Мұндай жаттығуды Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес (FSB) те құптайды. Ал оны әлемнің орталық банктері мен қаржы реттеушілері тұрақты өткізіп тұрады. Мұндай жаттығу уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын үйлестіріп, практикада шешім қабылдау тетіктерін пысықтауға, сондай-ақ ықтимал қаржылық сын-қатерлерге қарсы ұтымды әрекет етуге дайындық деңгейін арттыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын нығайтуға мүмкіндік береді. 

Қазақстан тарапынан сценарлық симуляциялық сынақты бірқатар ведомство, атап айтқанда, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі өткізеді. ҚҰБ – бұл позицияда ұлттық үйлестіруші. Дайындық кезеңі 2026 жылдың соңына жоспарланған, ал симуляциялық жаттығудың өзі 2027 жылы өткізілмек.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға