ҚРҰБ Басқарма мүшелері 2026-2028 жылдарға арналған макрокөрсеткіштердің жаңартылған болжамы туралы баяндаманы қарады
Ұлттық Банктің Басқарма мүшелері 2026-2028 жылдарға арналған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша ҚРҰБ жаңартылған болжамы туралы баяндаманы тыңдады.
Бұдан бөлек Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Инвестициялық декларациясына инвестиция мүмкіндіктерін кеңейтуге және тәуекелдердің теңгерімді деңгейін сақтай отырып, инвестициялық портфельді одан әрі әртараптандыруға бағытталған өзгерістер енгізілді. Бұл ұзақ мерзімде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыруға ықпал етеді деген болжам бар.
Бұдан бөлек, ҰҚБ Басқармасы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Директорлар кеңесінің жаңа құрамын үш жылға бекітті. Бұл шешім «Акционерлік қоғам туралы» ҚР Заңының талаптарына, ESG халықаралық стандарттарына және ЭЫДҰ-ның корпоративтік басқару туралы ұсыныстарына байланысты қабылданды.
Сонымен қатар, Басқарма мүшелері Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына ресми бағамын белгілеу қағидаларына өзгеріс енгізу туралы Қаулыны бекітті. Қағидаға енгізілген өзгерістер ұлттық валютаның ресми бағамы белгіленетін шетел валюталарының тізімін кеңейтуді және өзектендіруді көздейді. Осылайша, олардың саны 39-дан 48-ге дейін жетті. Бұл шешім Қазақстан Республикасының сыртқы сауда айналымы статистикасын, трансшекаралық төлемдердің көлемі мен валюталары туралы деректерді талдау негізінде, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін ескере отырып қабылданды.
Отырыста бухгалтерлік есеп жүргізу мәселелері туралы Ұлттық Банк Басқармасының бірқатар қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Түзетулер Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілеріне, ҚР Цифрлық кодексіне, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған Халықаралық қаржы есебін беру стандарты талаптарына сәйкестендіру мақсатында қабылданды.
Сонымен бірге, Басқарма мүшелері 2027 жылы Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының инвестициялық монеталары дизайнын, олардың дайындалу параметрлерін және айналымға енгізу туралы шешімді бекітіп, мақұлдады.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz