1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның егемен рейтингін «BBB» деңгейінде растады

Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі (Агенттік) Қазақстанның егемен кредиттік рейтингін «тұрақты» деген болжаммен «BBB» деңгейінде растады. Қазақстанның кредиттік рейтингі елдегі халықаралық резервтердің қомақты көлемі мен мемлекеттік қарыздың төмен деңгейін көрсетеді. 

Агенттіктің бағалауы бойынша, 2025 жылдың соңында алтынды қоса алғандағы жалпы халықаралық резервтер 65,4 млрд АҚШ долларына жетті, ал 2026 жылғы мамырға қарай 67,6 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды. Ұлттық қордағы валюта активтерінің көлемі 2026 жылғы мамырдың соңында 66,4 млрд АҚШ долларын (ЖІӨ-нің 18%-ы) құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6,8 млрд АҚШ долларына өсті.

Агенттік сарапшыларының болжамына сәйкес, мұнай өндіру көлемінің тұрақтануы аясында 2026–2028 жылдары Қазақстанның ЖІӨ өсімі жылына 4% деңгейінде болады деп күтіледі (2025 жылғы 6,5%-бен салыстырғанда). Экономикалық белсенділікке мұнайдан тыс секторлар: көлік, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және мемлекеттік инвестициялар қолдау көрсетеді.

Агенттік Үкіметтің квазифискалдық операциялары мен азық-түлік тауарларының жоғары бағасына байланысты ішінара туындаған инфляциялық қысым сақталып отырғанына да назар аударады. Сонымен қатар, Fitch Ratings 2026–2027 жылдар аралығында инфляция біртіндеп төмендейді деп болжайды.

Агенттік Қазақстанның егемен рейтингін көтеру макроэкономикалық тұрақтылықты одан әрі нығайту және байыпты фискалдық саясатты дәйекті жүргізу жағдайында ғана мүмкін болатынын айтады. Агенттік сарапшылары экономиканың шикізат секторына тәуелділігін және институционалдық ортаны нығайту қажеттігін алға тартады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға