1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк цифрлық теңгеге қатысты алаяқтық схемалар пайда болғанын ескертеді

Қазақстан Ұлттық Банкі цифрлық теңгеге инвестиция салуға шақыратын жалған ұсыныстарға қатысты алаяқтық оқиғалар көбейгенін ескертеді. 

Қаскөйлер әлеуметтік желілерде «цифрлық теңге мемлекеттік инвестициялық жобасы» туралы жарнаманы белсенді түрде тарата бастаған. Сол арқылы қысқа мерзім ішінде мемлекет пен Ұлттық Банк атынан жоғары кірістілік пен қолдауға кепілдік барын айтып сендіруге тырысады. Яғни, алаяқтар осындай хабарламаларды пайдаланып, азаматтарды фишингтік сайттарға тартады. «Шектеулі ұсыныс» немесе «соңғы мүмкіндік» деген желеумен қарапайым адамдарды жалған жобаға ақша салуға шақырады. Жалған платформаларда, әдетте, азаматтарды қайтадан ақша салуға итермелеу үшін «өсіп келе жатқан пайданы» көрсететін жеке кабинеттің көрінісі жасалады. Осылай алдау арқылы қаскөйлер азаматтардың қаржысына қол жеткізеді.

Ұлттық Банк цифрлық теңге – бұл ұлттық валютаның цифрлы түрі және заңды төлем құралы ғана екенін хабарлайды. Яғни, цифрлық теңге инвестициялық құралға жатпайды және пайда табуға арналмаған. 

Осыған байланысты Ұлттық Банк азаматтарды интернет желісіндегі жарнамаларда берілген сілтемеге өткенде және белгісіз нөмірлерден қоңырау шалынған кезде сақ болуға шақырады. Ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріп, қашықтан қол жеткізуге арналған бағдарламаларды орнатпауға кеңес береді. 

Сонымен қатар, Ұлттық Банк дербес деректерді жария етпеуге, SMS-код пен банк картасының деректемелерін хабарламауға, үшінші тараптағы тұлғаларға ақша аудармауға үндейді.

Ұлттық Банк қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, түрлі инвестициялық пай қорларына және қаржы өнімдеріне ақша салуға ұсыныс білдірмейтінін, қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске салады.

Алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуге кеңес береміз.

Консультация алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық Банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуға болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға