1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Макросауалнама: сарапшылар 2026-2028 жылдарға арналған инфляция мен экономиканың өсіміне қатысты болжамдарын жаңартты

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.

Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы – сауалнаманың негізгі параметрі болды.

Мұнай бағасы мен экономиканың өсімі

Мұнай бағасына қатысты сценарий шарттары барлық болжамды кезеңде сәл төмендеді. 2026 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы 1 баррель үшін орта есеппен 62 АҚШ доллары деңгейінде, 2027 және 2028 жылдары тиісінше 63,7 және 65,3 АҚШ доллары деңгейінде болады деп күтіледі.

Дегенмен, Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамдар жақсарды. ЖІӨ өсуіне қатысты болжам 2026 жылға – 4,8%-дан 5%-ға, 2027 жылға – 4,4%-дан 4,5%-ға, 2028 жылға – 4,2%-дан 4,3%-ға дейін өсті.

Инфляция мен базалық мөлшерлеме

Респонденттер 2026 жылы инфляция деңгейі біршама төмен болады деп болжайды – бұл ретте болжам медианасы 10,8%-дан 10%-ға дейін төмендеді. Сарапшылар 2027-2028 жылдары инфляция төмендейді деп күтеді – тиісінше 2027 жылы – 8% және 2028 жылы – 7%.  

Сарапшылардың базалық мөлшерлеме бойынша осы жылға күтулері аса өзгерген жоқ – 15,9% (алдыңғы болжам – 16%). 2027 жылдың соңына күтулер медианасы 12,5%-дан 12%-ға дейін төмендеді, ал 2028 жылға – 10%-дан 11%-ға дейін өсті.

Сауалнамаға қатысушылардың құрамы туралы

Сауалнамаға Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштерін талдап, болжаумен айналысатын 18 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.

Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары кірмейтінін атап өтеміз. Ол қазақстандық және әлемдік нарықтағы жағдайдың дамуына қатысты нарықтағы кәсіби қатысушылардың тәуелсіз пікіріне, бағалауына және күтуіне жасалған шолудан тұрады.

Толығырақ Ұлттық Банктің интернет-ресурсында

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға