Ұлттық Банк «Орталық Азия – АҚШ» екінші саммитіне қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі делегациясы «C5+1» форматында өткен «Орталық Азия – АҚШ» екінші саммитіне қатысты.
Саммит АҚШ пен Орталық Азия елдерінің түрлі саладағы ынтымақтастығын дамытуға арналған. Жиынға мемлекет басшыларының, үкімет өкілдері мен бизнес көшбасшыларының қатысуы – ірі державалардың Орталық Азияға деген қызығушылығын айқындайды, сондай-ақ бұл – көпжақты ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін тиімді алаң.
Саммит барысында ҚРҰБ Төрағасының орынбасары А.Баймағамбетов «C5+1» бизнес-конференциясының арнайы сессиясына қатысып, АҚШ пен Орталық Азия елдері инвестициялық ынтымақтастығының келешегін талқылады.
Саммит алаңында Ұлттық Банк пен Ұлттық Банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясы (NIC) Cerberus Capital Management, Brookfield Asset Management және Ashmore Investment Advisors сияқты АҚШ-тың ірі инвестициялық компанияларымен стратегиялық ынтымақтастық орнату туралы бірқатар келісімге қол қойды.
Осы бастамалар аясында АҚШ инвестициялық компаниялары мен NIC Қазақстанның инвестициядағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, капитал нарығын дамыту үшін институционалдық тәжірибелерін пайдалануға ниетті, әрі бұл жұмысты кеңейтіп, Орталық Азия мен Кавказ аймағын қамту жоспарда бар.
Еске сала кетейік, саммит аясында Ұлттық Банк пен жаһандық төлем жүйесі Visa Ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойды. Тараптар Ұлттық Банктің Ұлттық төлем корпорациясы базасында төлем нарығындағы инновациялық бастамаларды сынап көруге арналған құзырет орталығын құруды жоспарлап отыр, соның ішінде цифрлық активтерді пайдалана отырып карта сервистерін сынақтан өткізу қарастырылған. Бұдан бөлек, Меморандумның басты бағытының бірі – Ұлттық Банктің Антифрод орталығының жұмысын жетілдіру.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына нөмірге хабарласып ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz