1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстан Ұлттық Банкі мен Brookfield Asset Management инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады

Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов пен «Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ (ҚҰБ ҰИК) басшылығы Brookfield Asset Management халықаралық инвестициялық компаниясының өкілдерімен кездесті.

Тараптар Қазақстанда инвестиция салудың басым бағыттарын, оның ішінде жеке капитал нарықтарын, инфрақұрылым мен цифрлық технологияларды талқылады.

Brookfield Asset Management өкілдері Қазақстан мен жалпы аймақтағы инвестициялық мүмкіндіктердің өсу қарқынына оң баға берді. Олар, сондай-ақ, ҚҰБ ҰИК-пен осы күнгі ұзақмерзімді ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, жақын арада Қазақстандағы әлеуетті жобаларға қатысуға қызығушылық танытты.

Өз кезегінде, ҚҰБ халықаралық ұйымдармен арадағы ынтымақтастық мәселесі мемлекеттің инвестициялық саясатын іске асыруға қолдау көрсету аясында елге капитал тарту үшін ғана емес, сонымен бірге мол тәжірибесі мен заманауи технологияларға қолжетімділігі бар серіктес ретінде маңызды екенін алға тартты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі өзара байланыс орнатып, бірлескен жобаларды іске асыру тетіктерін әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Анықтама үшін: Brookfield Asset Management баламалы құралдарға инвестиция тарту саласында ҚҰБ ҰИК негізгі серіктестерінің бірі саналады. 1 трлн доллардан астам активтерді басқаратын ірі халықаралық инвестициялық компания инфрақұрылымға, жылжымайтын мүлікке, жаңартылатын қуат көздеріне, жеке капиталға және басқа да ұзақмерзімді инвестицияларға маманданған. Brookfield 30-дан астам елде жұмыс істейді және дамушы нарықтарда мол тәжірибеге ие.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына байланыс телефоны арқылы ала алады:
+7 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға