1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк резервтік талаптар механизмін өзгерту және цифрлық активтерді дамыту мәселелері бойынша банктермен кездесу өткізді

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп Алматы қаласында екінші деңгейлі банк басшыларымен ақша-кредит саясаты құралдарын жетілдіру мәселелері бойынша кездесу өткізді. Іс-шараға Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері де қатысты.

Кездесу барысында тараптар қолданыстағы минималды резервтік талаптар (бұдан әрі – МРТ) механизмін өзгертуге қатысты Ұлттық Банктің бастамасын талқылады. Бұл құрал коммерциялық банктердің ҚҰБ-та орналасқан корреспонденттік шоттарында сақталатын міндетті резервтерін білдіреді, ол ақша нарығында өтімділік пен ставкаларды реттеу мақсатында қолданылады.

Ұсынылған түзетулер ақша нарығындағы өтімділікті реттеу және оның инфляциялық процестерге трансмиссиялық әсерін жақсарту арқылы жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған. Өзгертілетін МРТ параметрлері банктердің өтімділікке деген тұрақты әрі болжамды сұранысын қалыптастыруға көмектесіп, экономикадағы инфляциялық қысымды төмендетуге ықпал етеді деп күтілуде.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлттық Банк өкілдері МРТ тиімділігін талдау нәтижелерін ұсынған болатын, ол Қазақстанда МРТ нормативтері айтарлықтай төмен екенін көрсетті. Нормативтерді аймақтағы орташа деңгейге дейін көтеру оны реттеуші құрал ретінде тиімдірек етуге мүмкіндік береді.

Тараптар ұсынылған тәсілдерді, параметрлерді және тәуекелдерді, соның ішінде басқа да реттеушілік өзгерістерді ескере отырып, жан-жақты талқылады. МРТ механизмін енгізу бойынша жұмыс сарапшылық пысықтау нәтижелеріне сай жалғасады.

Іс-шара барысында цифрлық қаржылық активтерді реттеу тәсілдері, соның ішінде Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды дамыту және банктерді мобильді төлемдерге арналған Банкаралық жүйеге қосу мәселелері де қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ақша-кредит саясаты құралдарын жетілдіру және қаржы нарығын дамыту жөніндегі негізгі тәсілдерді талқылады.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға