Ұлттық Банктің Сараптамалық-талдау клубы секторалды ККБ мен минималды резервтік талаптар механизмін өзгерту перспективаларын талқылады
Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен қаржы нарығы өкілдерінің, академиялық қауымдастықтың және сарапшылардың қатысуымен сараптамалық-талдау пікірталас клубының үшінші отырысын өткізді.
Іс-шарада кредит портфелінің жекелеген сегменттері қарқынды өскен кезеңде жүйелік тәуекелдерді азайту үшін банктерге қосымша резерв жинақтауға мүмкіндік беретін секторалды контрциклдік капитал буферін (бұдан әрі – ККБ) енгізу мәселесі бойынша егжей-тегжейлі тәсілдер мен есептеулер ұсынылды. Секторалды ККБ енгізу туралы шешім Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңеспен қабылданып, елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталды. Жаңа талаптарға сәйкес, 2026 жылғы 1 сәуірге дейін екінші деңгейлі банктер жеке тұлғаларды кредиттеу үшін 2% мөлшерінде буфер қалыптастырып, оны әрі қарай сақтауға міндетті.
Сондай-ақ, іс-шара барысында Ұлттық Банк өкілдері минималды резервтік талаптар (бұдан әрі – МРТ) механизмінің тиімділігін талдау нәтижелерін ұсынды. Қолданыстағы МРТ нормативтерін зерттеу халықаралық тәжірибені ескере отырып, осы механизмге өзгерістер енгізу бойынша бірқатар ұсыныс әзірлеуге мүмкіндік берді.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, Қазақстанда минималды резервтік талаптардың нормативтері аймақтағы ең төмен деңгейде. Оларды өңірлік орташа деңгейге дейін көтеру МРТ-ның реттеуші құрал ретіндегі тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Мәселен, Орталық Азия елдерінде, Ресейде, Армения мен Беларусь елінде минималды резервтік талаптардың (МРТ) орташа деңгейі ұлттық валютадағы міндеттемелер бойынша – 4-4,5%, ал шетел валютасындағы міндеттемелер бойынша шамамен 15%-ды құрайды. Қазақстанда бұл нормативтер айтарлықтай төмен (0-3%), бұл олардың құрылымдық өтімділік профициті жағдайында тиімділігін едәуір шектейді.
Сонымен қатар, сарапшылық клуб қатысушыларымен МРТ параметрлеріне өзгерістер енгізу перспективалары мен механизмдерін талқылау барысында Ұлттық Банк сарапшылары резервтік талаптар нормативін арттыру банктердің өтімділікке деген тұрақты және болжамды сұранысын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұның, өз кезегінде, экономикаға жанама түрде дезинфляциялық әсері болмақ. Эмпирикалық талдау нәтижелері көрсеткендей, МРТ нормативтерінің деңгейі кредит беру қарқынына ықпал етпейді.
Сараптамалық-талдау пікірталас клубының отырысы барлық қатысушылар арасында ұсынылған бастамалар, олардың банк секторы мен жалпы қаржы жүйесіне әсері бойынша белсенді пікір алмасу және талқылау форматында өтті.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz