ҚР Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесі банк секторын реттеу мәселелерін қарады
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасы Тимур Сүлейменовтің басшылығымен Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің (бұдан әрі – Кеңес) кезекті отырысы өтті.
Кеңес жұмысына Қазақстан Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҚҰБ), Ұлттық экономика министрлігінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) және Қаржы министрлігінің басшылық құрамы қатысты.
Кеңес отырысында капиталдың секторлық контрциклді буферін (бұдан әрі – ККБ) енгізуге қатысты шешім қабылданды. Бұл құрал кредиттеудің жекелеген сегментінде тәуекелдерді төмендетуге бағытталған және жеке тұлғаларды кредиттеу үшін 2% мөлшерінде 2026 жылғы 1 ақпаннан екінші деңгейлі банктер үшін міндетті реттеуші норма ретінде әрекет ететін болады. Осылайша, банктерге капиталды жинақтау және жаңа секторлық ККБ-ға қойылатын талаптарды орындау үшін 12 ай өтпелі кезең беріледі.
Жалпы алғанда, Қазақстанның банк секторы тұрақтылық көрсетіп келеді, яғни қаржылық тұрақтылыққа әсер ететін факторлар қалыпты деңгейде қалып отыр. Алайда, жеке тұлғаларды кредиттеу ісі банктердің кредит портфелі құрылымында үстемдік көрсетіп келеді, бұл Ұлттық Банк тарапынан тұрақты мониторингті талап етеді.
ҚҰБ жағдайды бақылай түседі және қажет болса, өзгеретін жағдайларға сәйкес буфер параметрлерін бейімдейді.
Бұдан басқа, Кеңес отырысында Қазақстанның қаржы секторын бағалау бағдарламасы аясында ХВҚ мен Дүниежүзілік банктің ұсыным қорытындысына сай әзірленген дағдарысқа қарсы ведомствоаралық жоспарлардың архитектурасы мәселесі қаралды. Сондай-ақ, Кеңес мүшелері осы жылы банк секторы активтерінің сапасына тұрақты бағалау (AQR) және қадағалау стресс-тестін (ҚСТ) жүргізу үшін Агенттік ұсынған банктер тізбесін мақұлдады.
Кеңес қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін қаржы секторындағы өзекті мәселелерді талқылау бойынша жұмысын жалғастырады.
Анықтама:
Контрциклдік капитал буфері мен секторлық ККБ банктерге кредиттік портфельдің немесе оның жекелеген сегменттерінің қарқынды өсу кезеңдерінде қосымша резервтер жинақтауға мүмкіндік береді, бұл жүйелік тәуекелдерді төмендетуге ықпал етеді.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон нөмірі арқылы ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz