Нью-Йоркте Kazakhstan Finance Day өткізу туралы
28 қазан күні Нью-Йоркте Ұлттық Банк Citi қолдауымен АҚШ-тағы ҚР Елшілігімен бірлесіп «Kazakhstan Finance Day» іс-шарасын өткізді.
«Kazakhstan Finance Day» басты мақсаты – Қазақстандағы бірлескен бизнесті, инновацияларды және технологияларды дамыту мүмкіндіктеріне халықаралық инвесторлар мен әлеуетті іскер серіктестердің назарын арттыру. Қазақстан күнін халықаралық қаржы орталықтарының бірінде өткізу экономикалық байланыстарды нығайтуға және Қазақстанға капитал тартуға бағытталған.
Бұл платформа жаһандық құбылмалық жағдайында әлемдік қаржы нарығының негізгі ойыншыларына, инвесторлар мен қорларға Қазақстан экономикасының даму динамикасымен, оның әлеуетімен және ағымдағы инвестициялық жобаларымен танысуға зор мүмкіндік берді.
Конференцияға 450-ден астам делегат, оның ішінде шетелдік инвесторлар, халықаралық қаржы институттарының өкілдері, қаржы-экономикалық блоктағы мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік компаниялардың, екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарының бірінші басшылары қатысты.
Іс-шарада Ұлттық Банктің, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қазақстан Даму банкінің, «Бәйтерек» ҰБХ, Қазақстан қор биржасының, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының, Қазақстан Халық банкі, Kaspi.kz, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Citi, Mastercard, Visa, ірі қаржылық және инвестициялық компаниялардың, өнеркәсіптік және басқа да ұйымдардың басшылары спикер ретінде сөз сөйледі.
Іс-шара кезінде экономикаға макрошолу, қаржылық қызметтер мен капитал нарығының даму динамикасы, инвестициялық мүмкіндіктер мен мемлекет дамуының ұзақмерзімді жоспарлары ұсынылды. Инвесторлар цифрландыру саласындағы жетістіктер мен ұлттық қаржы инфрақұрылымының технологиясын, қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға негізделен алдағы жоспарлар туралы да маңызды ақпарат алды. Сонымен қатар, қазақстандық нарыққа шығу үшін банк заңнамасын ырықтандыру, қаржы құралдары мен инвестициялау тетіктері туралы да ақпарат берілді.
Капитал нарығына арналған панельдік пікірталаста Қазақстанның Даму банкі, Қазақстан қор биржасы, Mastercard, Visa, Freedom Holding, Cerberus Global Investments, Bloomberg басшылары қызметтердің тиімділігі мен қолжетімділігін арттырудағы жаңа мүмкіндіктерді ұсыну арқылы цифрландыру мен технологиялық инновациялар контекстінде қаржылық қызметтерді ілгерілету қаржы секторының ландшафтын қалай өзгерткенін талқылады.
«Бәйтерек» ҰБХ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, АҚШ Сауда палатасы және басқа да компания басшыларының қатысуымен экономиканың нақты секторындағы инвестициялық мүмкіндіктерге арналған сессия барысында нақты экономиканың ұзақмерзімді өсу перспективалары талқыланып, шетелдік инвесторларға ұсынылатын шарттар мен артықшылықтар атап өтілді.
Инвесторлар мен нарықтың кәсіби қатысушылары үшін тікелей және портфельдік инвестициялар бойынша жеке сессиялар мен презентациялар өткізілді. Конференция аясында іскерлік байланыстарды орнату және серіктестікті нығайту мақсатында нетворкинг-сессиялар да ұйымдастырылды.
Іс-шара Қазақстан нарығына қызығушылықты арттырып, жаңа бірлескен жобалар мен бастамалардың іске асуына ұйытқы болмақ. Инвестор тарту – Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері мен сыртқы саудасын дамытуға да ықпал етеді.
Kazakhstan Finance Day – Қазақстанның қаржы секторы мен экономикалық блок өкілдерінің халықаралық инвесторлармен кездесуіне және диалог орнатуына арналған алаң. Іс-шара инвестициялық мүмкіндіктерді көрсетуге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Мұндай халықаралық іс-шара бизнес үшін ашық және тартымды мемлекет ретінде Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz