1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк Ислам ынтымақтастығы ұйымы орталық банктерінің форумына қатысты

ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова 29-30 қыркүйек күндері Ыстамбұлда өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер орталық банктерінің VI форумына қатысты.

Биылғы форумның күн тәртібі әлемдік экономика мен қаржы нарықтарының даму перспективалары мен тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Делегаттар пандемиядан кейінгі кезеңде ұйымға мүше мемлекеттердің инфляция динамикасына және ақша-кредит саясатының шараларына назар аударып, орталық банктердің қызметінде технологиялық шешімдерді жасанды интеллект негізінде қолдану әлеуеті мен тәуекелдері туралы пікір алмасты.

Әлия Молдабекова «Инфляцияның пандемиядан кейінгі динамикасы: сын-қатерлер мен әрекет ету шаралары» панельдік сессиясында баяндама жасады. Ол ұйымға мүше мемлекеттердің инфляция деңгейін қалыпқа келтіру бойынша қабылдаған шараларына, инфляцияны төмендетудегі Қазақстанның тәжірибесіне тоқтала келе, ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдарды атап өтті.

Форум аясында Әлия Молдабекова Түркия Орталық банкі Төрағасының орынбасары Хатидже Караханмен кездесті. Олар Қазақстан мен аймақтағы макроэкономикалық ахуалды, сондай-ақ банкаралық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Ислам ынтымақтастығы ұйымы – ауқымдылығы жағынан БҰҰ-дан кейінгі екінші үкіметаралық ұйым. Орталық банктер форумы – тәжірибе алмасуға және институционалдық әлеуетті нығайтуға, ақша-кредит саясатын іске асыру, қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелерін талқылауға арналған алаң.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға