ҚҰБ экономикалық шолуы: бюджет ережелерін жетілдіру және сақтандыру аннуитетін дамыту перспективалары
Ұлттық Банк «ҚР Ұлттық Банкінің экономикалық шолуы» басылымының жаңа санын жариялады.
Басылымның бұл санында бюджет ережелерін жетілдіру тетіктері және оларды сақтау жолдары, сақтандыру аннуитеті мен life-insurance саласын дамыту перспективалары туралы мақалалар, сондай-ақ мемлекет борышы нарығындағы бастапқы дилерлерге шолу жасалған мақала жарық көрді.
ҚҰБ сарапшылары бюджет ережелерін енгізу тетіктері, сонымен қатар мемлекет қаржысының тұрақтылығын сақтау үшін қажет тәсілдер қарастырылған жұмысты ұсынды. Мақалада Қазақстанның бюджет қағидаларын енгізудегі тәжірибесіне талдау жасалған және фискалдық тәртіпті сақтау, қағидалардың сақталуына мониторинг пен бақылау жүргізу тетіктерін жақсарту, бюджет саясатын одан әрі ашық ету мәселелері туралы ұсыныстар айтылған.
Одан бөлек, басылымда өмірді сақтандыру нарығының және оның кей топтарының қазіргі жағдайы талданатын мақала жарияланды. Бұл мақалада саланы дамытудың халықаралық тәжірибесі қарастырылады, Қазақстандағы сақтандыру компанияларының ахуалы талданып, сақтандыру саласының өзекті мәселелері қозғалады.
Басылымның жаңа санында, сондай-ақ бастапқы дилерлер институтын енгізудің халықаралық тәжірибесіне шолу жасалған. ҚҰБ талдаушылары бастапқы дилерлердің негізгі міндеттері мен артықшылықтарын және институттың түрлі елдегі басқа да ерекшеліктерін, сондай-ақ осы институтты Қазақстан нарығына енгізудің маңызын қарастырды.
Экономикалық шолуды Ұлттық Банктің интернет-ресурсынан оқи аласыздар: nationalbank.kz/kz/news/ekonomicheskoe-obozrenie.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz