1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

ҚР Ұлттық қорының инвестициялық қызметіне қатысты кеңейтілген деректерді жариялау туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ашықтық пен айқындылық қағидатын басшылыққа ала отырып, сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының іске асырыла бастауын ескере келе, ҚҰБ nationalbank.kz ресми интернет-ресурсының «Статистика» бөлімінде «ҚР Ұлттық қорының статистикасы» деген жаңа шағын бөлім құрылғанын хабарлайды.

Бұл бөлім Ұлттық қордың валюталық активтерін басқару нәтижелері туралы ақпараттан, сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша міндеттемелеріне қатысты мәліметтерден тұрады. Сонымен бірге, Ұлттық қордың операциялары бойынша бұрын жарияланған ақпарат жаңа шағын бөлімге көшіріліп, Ұлттық қордың теңгедегі активтері туралы деректермен толықтырылады.

Жаңа шағын бөлімдегі «Валюталық активтерді басқару нәтижелері» деген парақшада қордың әр жылдағы пайыздық мәнмен берілген кірістілігі туралы мәліметтер қамтылады. Сондай-ақ арнайы графикада портфельдердің актуальды үлесі мен қаржы құралдарын типіне қарай қалай бөлінгені (активтердің аллокациясы) көрсетілген. Бұл беттегі ақпарат қордың әр жылдағы пайыздық кірісін дәйектейтін мәліметтер негізінде жыл сайын жаңартылып отырады.

«Ұлттық қор – балаларға» бетінде есепті жылы барлық баланың шотына есептелген Ұлттық қордан алынған ақша сомасы (есептелген нысаналы талаптар) туралы ақпарат көрсетіледі. Сондай-ақ осы бөлімде есепті жылы нақты төлем үшін БЖЗҚ-ға аударылған қаражаттың мөлшерін ашып көрсететін деректер жарияланады. Осы беттің статистикасы да нысаналы талаптарды есептеу және БЖЗҚ-ға төлемдерді жүзеге асыру фактісі бойынша жыл сайын жаңартылып отырады.

18 жасқа толған балаларға нысаналы талаптарды есептеу және төлем жүргізу ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қағидаға сәйкес жылына бір рет жүргізіледі.  

Ұлттық қордың операциялары туралы ақпарат Ұлттық қордағы қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдары туралы мәліметпен толықтырылып, енді «Ұлттық қордың операциялары және қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдары» бетінде жарияланады. Ұлттық қордағы қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдары теңгедегі үлестік және борыштық құралдарды қамтиды. Ұлттық қордағы қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдары номиналды және әділ құнымен, сондай-ақ сатып алу бағасымен көрсетіледі. Осы беттегі ақпарат ай сайын жаңартылады.

Бұл ретте Ұлттық қордың валюталық активтері жөніндегі ай сайынғы деректер ҰБ ресми интернет-ресурсының «Статистика» – «Ақша-кредит және банк статистикасы» – «Монетарлық статистика» – «ҚР Ұлттық қорының халықаралық резервтері мен валюталық активтері» бөлімінде орналастырылады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 205
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға