1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банкте қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес отырысы өтті

2023 жылғы 21 және 26 желтоқсанда Ұлттық Банкте Төраға Тимур Сүлейменовтің басшылығымен Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесінің (бұдан әрі – Кеңес) отырыстары өтті.

Кеңес жұмысына монетарлық реттеушінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің, «Астана» халықаралық қаржы орталығының және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшылары қатысты. Кеңестің отырысына 26 желтоқсанда өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігі, «Бәйтерек «ҰБХ», «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ шақырылды. 

Отырыста Кеңес мүшелеріне ҚҰБ-тың макропруденциалдық саясат жөніндегі пайымы, оның ішінде оның мақсаттары, міндеттері, қағидаттары мен құралдары таныстырылды.

Сондай-ақ отырыста капиталдың контрциклдік буферінің (бұдан әрі – ККБ) мониторинг нәтижелері және жеке тұлғаларға кредит беруге қатысты секторлық ККБ енгізу туралы ұсыныстар талқыланды. Ұлттық Банкке 2024 жылғы бірінші тоқсанда секторлық ККБ есептеу әдістемесін жаңа құрал ретінде әзірлеу жөнінде ұсыныс айтылды.

Сонымен қатар, Қазақстанның қаржы секторын бағалаған ХВҚ мен Дүниежүзілік банктің бағдарламасы аясында әзірленген ұсыныстарды іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасы қаралды.

Жиында макроэкономикалық саясаттағы үйлесімділікті арттыру мақсатында Үкіметпен өзара байланыста жұмыс істеуді күшейту туралы ҚҰБ бастамалары талқыланды. Бұл бастамаларда алқалы органдарға бірлесе жұмыс істеу, экономикалық дамуды бағалау және болжау, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық саладағы сын-қатерді бақылау үшін қажет ақпарат пен мәлімет алмасу қамтылған. Бұдан бөлек, болжау және модельдеудегі технология, тәжірибе алмасу, ғылыми-зерттеу қызметіндегі ынтымақтастық, қаржы нарығына қатысушылардың ҚҰБ цифрлық қаржы инфрақұрылымы арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесі және дерекқорларын біріктіру қарастырылған. 

Кеңес отырысында биылғы 26 желтоқсанда Мемлекет басшысының кредиттеуді  ұлғайту, оның ішінде экономиканы кредиттеу үшін банк қорын молайтудың ұзақмерзімді базасын жасақтау, банктер мен кредит бюроларын мемлекеттік ақпараттық сервистермен цифрландыру және біріктіру, синдикатталған кредиттеуді дамыту, АӨК саласындағы кредиттеу тетіктерін жетілдіру және лизинг қаржыландыруын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері талқыланды. Кеңес мүшелері банктер мен кредиттік бюроларды мемлекеттік ақпараттық сервистермен біріктіру мәселесі бойынша елеулі ілгерілеу байқалатынын айтып өтті және экономиканың нақты секторын кредиттеуді кеңейту шаралары бойынша одан әрі жасалатын қадамдарды айқындады.

Кеңес қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін қаржы секторының өзекті мәселелерін талқылау жөніндегі жұмысын әрі қарай жалғастырады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына байланыс нөміріне хабарласып ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға