1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының Көктемгі кездесулеріне қатысу қорытындысы туралы

Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов бастаған делегация Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының Көктемгі кездесулеріне қатысу үшін Вашингтонға сапармен барды.

Ұлттық Банктің басшылығы ХВҚ Халықаралық валюта және қаржы комитетінің (IMFC) пленарлық отырыстарына, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінің орталық банктері басшыларының алқа отырысына, сонымен қатар ХВҚ-ның Швейцариялық шағын тобы отырысына қатысты. Қатысушы елдер пікірталас барысында ақша-кредит саясатын жүргізуде орталық банктер алдында тұрған сын-қатерлер мен олардың қаржылық тұрақтылыққа әсерін талқылады.

ХВҚ мен ДБ тобының Көктемгі кездесулері алаңында орталық банктер мен халықаралық қаржы ұйымдарының басшылығымен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды. ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиева мен Еуропа орталық банкінің Президенті Кристин Лагардпен кездесулер өтті. Тараптар өңірдегі бүгінгі макроэкономикалық жағдай мен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Орталық банктің мандатына қатысты мәселелер бойынша Швейцария, Үндістан, Израиль, Қытай, Венгрия орталық банктері, сондай-ақ Нью-Йорк Федералды Резерв банкі басшыларымен екіжақты кездесулер өткізілді.

Сонымен қатар, Ұлттық Банк делегациясы осы жылы Қазақстанда өткізіледі деп жоспарланған ХВҚ-мен арадағы ортақ іс-шаралардың мазмұны мен ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты талқылау үшін Таяу Шығыс пен Орталық Азия департаменті басшылығымен келіссөздер жүргізді.

Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерімен бірлесіп, елдегі бүгінгі макроэкономикалық жағдай туралы ақпарат беру мақсатында рейтинг агенттіктерімен (S&P, Fitch Ratings, Moody's) келіссөздер өткізді.

Сонымен қатар, делегация потенциалды инвесторлар үшін сессиялар мен активтерді басқару бойынша Ұлттық Банктің әріптестерімен екіжақты кездесулерге қатысты.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға