1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының жыл сайынғы кездесулеріне қатысу қорытындылары туралы

Ұлттық Банк Төрағасы Ғ.О. Пірматов бастаған делегация Вашингтон (АҚШ) қаласында өткен Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банк тобының (ДБ) жыл сайынғы кездесуіне қатысты.

Ұлттық Банктің Төрағасы ХВҚ басшылығы, үкімет басшылары, қаржы және экономика министрлері, орталық банктер мен халықаралық қаржы ұйымдары басшыларының қатысуымен өткен ХВҚ Басқарушы Кеңесінің, ХВҚ Халықаралық валюта және қаржы комитетінің (IMFC) пленарлық отырыстарына, орталық банк төрағаларының ұжымдық отырысына қатысты. Сонымен қатар Ұлттық Банктің өкілдері Швейцариялық шағын топтың ресми қабылдауында болды. Бұл шара барысында шағын топтың атқарушы директорлары топтың жұмыс қорытындылары туралы есеп беріп, ХВҚ мен ДБ-ның негізгі бастамалары туралы баяндап берді. Сондай-ақ бүгінгі ғаламдық макроэкономикалық жағдай да талқыға түсті.

ХВҚ ресми шаралары барысында Ұлттық Банк басшылығының қатысуымен бірқатар екіжақты кездесу өтті. Соның бірі – Ұлттық Банк Төрағасының ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиевамен өткен кездесуі. Тараптар төңіректегі қазіргі геоэкономикалық жағдай мен екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Ұлттық Банк делегациясы сондай-ақ ХВҚ Басқарушы директорының бірінші орынбасары Гита Гопинатпен Алматыда ХВҚ өңірлік әлеуетін дамыту орталығының жұмыс істеу мәселелерін қарастырды.

Сонымен қатар, Ұлттық Банк делегациясы ХВҚ-ның бас қаржыгері Тобиас Эдрианмен және ХВҚ Таяу Шығыс, Орталық Азия департаментінің директоры Джихад Азурмен кездесті. Тараптар Кавказ және Орталық Азия өңіріндегі макроэкономикалық жағдайды, сондай-ақ инфляциялық қысым жағдайында ақша-кредит саясатын жүргізу ерекшеліктерін талқылады.

Швейцария, Сингапур, Армения, Венгрия, Нью-Йорк Федералды Резервтік Банкімен де екіжақты кездесулер өтті. Тараптар орталық банктің мандатындағы мәселелер мен екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.

Сонымен қатар, Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерімен бірлесіп, елдегі бүгінгі макроэкономикалық жағдай мен инфляцияны тежеу бойынша мемлекет қабылдаған шаралар туралы ақпарат беру мақсатында рейтинг агенттіктерімен (S&P, Fitch, Moody's) өткен кездесулерге қатысты.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға