1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк Алматыдағы ХВҚ өңірлік орталығы Үйлестіру комитетінің отырысына қатысты

Қазақстан Ұлттық Банкі Халықаралық валюта қоры жанындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдері үшін әлеуетті дамыту өңірлік орталығы Үйлестіру комитетінің екінші отырысына қатысты.

Үйлестіру комитетінің құрамына өңір елдерінің[1], серіктестер мен донорлар өкілдері, сондай-ақ ХВҚ өкілдері кіреді. Биыл Комитетке Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова басшылық етеді.

Үйлестіру комитетінің мүшелері онлайн-кездесу барысында 2022 жылдың сәуір айына дейінгі жұмыс жоспарын бекітті. Орталық өңір елдері үшін макроэкономика, мемлекеттік қаржыны басқару, ақша-кредит саясаты, қаржы нарығын реттеу, статистика сияқты бағыттар бойынша ХВҚ-ның бірқатар консультациялық жобаларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Консультациялық жобалар әлемдік озық тәжірибе мен ХВҚ сараптамасы ескеріле отырып, 2021 жылдың ақпанынан бастап жүргізіледі. Сонымен қатар Орталық 2020 жылғы шілдеден бастап тәжірибе алмасу үшін қысқа мерзімді жобалар – семинарлар мен вебинарларды да іске асырады. Атап айтқанда, Ұлттық Банктің қызметкерлері 12 вебинар мен 3 өңірлік іс-шараға спикер әрі тыңдаушы ретінде қатысты.

Осындай ұйымның өңірде орналасуы аймақтағы барлық мүдделі елдер үшін үздік халықаралық тәжірибеге жол ашады және адам капиталын дамытуға, мемлекеттік басқару тәжірибесіне елеулі үлес қосады.

Үйлестіру комитетінің келесі отырысы 2021 жылы 7 желтоқсанда өтеді.

[1] Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға