1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік Банк тобының көктемгі кездесулеріне қатысқан Қазақстан Ұлттық Банкінің жұмыс қорытындысы туралы

Ұлттық Банктің Төрағасы Е. Досаев бастаған Ұлттық Банктің делегациясы виртуалды форматта Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік Банк тобының (ДБ) көктемгі кездесулері аясында ресми іс-шараларға қатысып, бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

5 сәуірде Кавказ және Орталық Азия елдері орталық банктерінің басшылары, экономика/қаржы министрлері дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігін талқылап, құрылымдық реформаларды іске асыру қажеттілігі мен тәуекелдердің жүйелі мониторингі, үйлестіру мен коммуникациялардың маңыздылығын атап өтті.

6 сәуірде Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Е. Досаев Кавказ, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка мемлекеттері орталық банктерінің басшыларына арналған алқалық дискуссия (MENA) барысында баяндама жасады. Қатысушылар экономикаға қолдау көрсетудің дағдарысқа қарсы шараларын уақытылы тоқтату мәселелерін қарастырып, қолдау көрсету мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету арасындағы теңгерімді сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Ұлттық Банкі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері Швейцария Қаржы министрі У. Маурердің төрағалығымен өткен ХВҚ мен ДБ-ның Швейцариялық шағын тобының (Swiss Constituency) отырысына қатысты. Шағын топқа мүше мемлекеттер пандемия салдарымен күресуге бағытталған шаралар мен ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына қатысты пікірлерін ортаға салды.

15 сәуірде Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Е. Досаев пен ХВҚ-ның Басқарушы директоры К. Георгиева онлайн-кездесу өткізді. Тараптар Қазақстанның қазіргі макроэкономикалық ахуалын және екіжақтық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

ХВҚ Басқарушы директорының орынбасары Т. Чжанмен өкізілген онлайн-кездесу барысында ХВҚ-дан техникалық көмек алу, Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия әлеуетін дамытудың өңірлік орталығын ашу, ХВҚ миссиясының сапары аясында консультациялар өткізу мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Швейцария Ұлттық банкінің Басшысы Т. Йорданмен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, атап айтқанда, техникалық көмек көрсету, ХВҚ мен ДБ-ның Швейцариялық шағын тобы аясындағы өзара іс-қимылды нығайту жөнінде пікір алмасты.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты төмендегі телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға