Қазақстан Ұлттық Банкінің Халықаралық есеп айырысу банкіне кіруіне қатысты келіссөздердің басталуы туралы
Халықаралық Валюта Қоры мен Дүниежүзілік Банк тобының Көктемгі кездесулері аясында Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев пен Халықаралық есеп айырысу банкінің (Bank of International Settlements – BIS) Басшысы Агустин Карстенс арасында конференц-қоңырау байланысы арқылы кездесу өтті.
Тараптар макроэкономикалық жағдайды, Қазақстанның экономикалық дамуының келешегін, дағдарысқа қарсы шаралар мен экономикалық реформалардың іске асырылуын, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық, соның ішінде орталық банктердің цифрлық валюталарын енгізу мәселелерін талқылады.
Қазақстан Ұлттық Банкі BIS-ке мүшелікке өту жөніндегі процеске кірісуге ниет білдірді. Аталған ұйымның халықаралық қаржы алаңындағы негізгі міндеттеріне – ақша және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және орталық банктер банкі функцияларын атқару жатады.
Келіссөздер сәтті аяқталған жағдайда, Қазақстан Халықаралық есеп айырысу банкіне қосылған Орталық Азияның алғашқы өкілі атанады. BIS-ке мүшелік – оған мүше саналатын орталық банктермен өзара әрекеттестіктің тағы бір халықаралық платформасына қолжетімділік және халықаралық қаржы операциялары, есеп айырысулар мен қаржы технологияларын дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер беретін болады.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты келесі телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz