Алтын
-
1 грамм алтынның теңгелей құнын қайдан біле аламын?
Ұлттық Банк 1 грамм алтынның теңгедегі индикативтік құнын: «Статистика» – «Валюта бағамы және алтынның құны» – «Теңгемен 1 грамм алтынның құны» бөлімінде жариялайды.
-
Теңгемен жарияланған алтын құны ресми санала ма?
Жоқ. Жарияланған баға индикативтік сипатта болады және ақпараттық мақсатта пайдалануға арналған.
Алтынның коммерциялық операцияларындағы (сатып алу, сату, кепілге қою және т.б.) бағасын ұйымдар дербес айқындайды. Баға белгілеуде мыналар ескеріледі:
• нарықтық котировкалар;
• маржа;
• валюта бағамы;
• бұйымның сапасы және басқа да факторлар.
-
Ұлттық Банктің ресми сайтында жарияланатын алтын құны теңгемен қалай есептеледі?
Теңгемен 1 грамм алтынның индикативті бағасы мына формуламен есептеледі:
Алтын бағасы (теңгемен)= LBMA фиксингі × USD/KZT ресми бағамы ÷ 31,1034768
Мұндағы:
• LBMA фиксингі – алдыңғы күндегі таңертеңгі Лондон котировкасының мәні, АҚШ долларымен, бір тройя унциясына;
• 31,1034768 – бір тройя унциясындағы грамм саны;
• USD/KZT ресми бағамы –Ұлттық Банк ағымдағы күнге белгілеген бағам.
-
999(9) сынамасындағы алтын құрамынан өзгеше жағдайда алтынның теңгедегі құнын қалай есептеуге болады?
Есептеу үшін:
• өнімнің салмағын грамммен айқындау;
• таза алтынның пайыздық құрамын көбейту (мысалы, 585 сынамасында 58,5%);
• 1 грамм алтынның ағымдағы бағасын көбейту қажет.
-
Алтын-валюта резервтері құрылымында алтын портфелі не үшін қажет?
Алтын портфелі елдің алтын-валюта резервтері құрылымында елеулі үлеске ие. Бұл халықаралық қаржы нарықтарында валюталық активтердің тартымдылығы төмендеген жағдайда олардың құнын қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол тәуекелдерді әртараптандыруға ықпал етеді және жаһандық құбылмалылық кезеңдерінде резервтердің жалпы көлеміне тұрақтандырушы әсерін тигізе алады. Сонымен қатар, алтынға инвестиция салудағы негізгі мақсат – қысқа мерзімде табыс алу емес, ең алдымен активтердің тұрақтылығы мен сақталуын қамтамасыз ету.
-
Елдің алтын-валюта резервтері туралы ақпаратты қайдан табуға болады?
Ұлттық Банк ай сайын алтын-валюта резервтері туралы деректерді Ұлттық Банктің ресми сайтында жариялап отырады.
-
Аффинирленген алтынды сатып алудағы приоритетті құқық деген не?
2016 жылғы 14 қаңтардағы «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағына сәйкес, Ұлттық Банк активтерді қымбат металдармен толықтыру үшін аффинирленген алтынды сатып алу бойынша мемлекеттің приоритетті құқығын жүзеге асырады.
Ұлттық Банк приоритетті құқықты жүзеге асырған кезде аффинирленген алтынды ішкі нарықтан бағалы металл өндіруші субъектілерден және өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иесі болған тұлғалардан сатып алады. Алайда, бағалы металдар, зергерлік және басқа да бұйымдар құрамындағы шикізатқа қатысты басқарушы уәкілетті орган болып саналмайды.
Приоритетті құқық шегінде алтын сатып алу отандық өндірісті дамытуға ықпал етеді, алтын өндіру және өңдеу салаларын дамытуға үлес қосады және елдің алтын-валюта резервтерін толықтыруға мүмкіндік береді.
-
Мемлекет аффинирленген алтынды сатып алу кезінде приоритетті құқықты қалай іске асырады?
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Заңының 8-бабы 11-тармағына және «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» ҚР Заңының 5-бабына сәйкес (бұдан әрі – Заң), Ұлттық Банк активтерді бағалы металдармен толықтыру мақсатында аффинирленген алтынды сатып алу бойынша мемлекеттің приоритетті құқығын жүзеге асырады.
Алтын сатып алу бағалы металдарды өндіруші субъект немесе өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иесі болған тұлғамен Ұлттық Банк арасындағы аффинирленген алтынды сатып алу-сату шарттарының жалпы шарттары негізінде жүзеге асырылады. Аффинирленген алтын ұлттық валюта – теңгемен, халықаралық алтын нарығында қалыптасқан нарықтық бағалар бойынша сатып алынады.
-
Ұлттық Банк приоритетті құқықты не үшін іске асырады?
Алтынды сатып алу бойынша приоритетті құқықты жүзеге асыру Ұлттық Банкке ішкі ресурстар есебінен халықаралық резервтерді толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл жаһандық тұрақсыздық кезеңдерінде резервтердің тұрақтылығын арттырады. Сонымен қатар, бұл отандық алтын өндіру және өңдеу саласын қолдайды, аффинирленген алтынға ішкі тұрақты сұранысты қамтамасыз етіп, салаға инвестицияларды ынталандырады. Осылайша, приоритетті құқық макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға және нақты секторды дамытуға үлес қосады.
-
Ұлттық Банк алтын сатып алудан туындайтын эмиссиялық әсерді азайту үшін қандай шаралар қабылдайды?
2025 жылғы қаңтарда Ұлттық Банк монетарлық бейтараптықты қамтамасыз ету мақсатында, приоритетті құқықты іске асыру аясында алтын сатып алуға қатысты «айналау» тетігін енгізді. Бұл механизм алтын сатып алу кезінде шығарылған теңге сомасына тең көлемде АҚШ долларын валюталық нарықта сатуды көздейді.
Бұл ақша массасына әсерді бейтараптандыруға және инфляциялық тәуекелдерді шектеуге мүмкіндік береді.