1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресі өтіп жатыр

Қаржы жүйесінің жаңа архитектурасы, капитал нарығын дамыту және цифрлық активтерді интеграциялау мәселелері Қаржыгерлер конгресінде талқылануда

Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресі өтіп жатыр. Іс-шараны Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Қазақстан Ұлттық Банкі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Жыл сайын өтетін Конгресс мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдары мен сарапшылар қауымдастығы өкілдері бас қосып, кәсіби пікір алмасатын алаңға айналған. Биылғы күн тәрібінде қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайту, капитал нарығын дамыту және жаңа қаржы технологияларын енгізу сияқты мәлелерге баса назар аударылды.

Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов жиынға қатысушыларды Ұлттық валюта күнімен және қаржыгерлердің кәсіби мерекесімен құттықтап, қаржы секторындағы басты жетістіктер мен алдағы міндеттерге тоқталды. Ол Қазақстанда инфляция 12 ай қатарынан баяулап, 9,2%-ға дейін төмендегенін атап өтті. Ұлттық Банк 2028 жылға қарай инфляцияны 5%-ға дейін төмендетуді мақсат етіп отыр.

Тимур Сүлейменов цифрлық қаржы активтері нарығының дамуына арнайы тоқталды. Қарашада Ұлттық Банк алғаш рет KASE биржасына токенделген нота шығарды. Ал 2027 жылдың бірінші тоқсанында Қаржы министрлігімен бірлесіп, токенделген мемлекеттік облигация шығаруды жоспарлап отыр.

Бұл ретте, Ұлттық Банк Төрағасы Қазақстан қор биржасының (KASE), «Астана» халықаралық қаржы орталығының және Alatau City жобасының мүмкіндіктерін ұштастыру маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, бұл құрылымдар бірін-бірі толықтыра отырып, қаржы нарығының жаңа архитектурасын қалыптастыруға және экономикаға инвестиция тарту мүмкіндігін кеңейтуге үлес қосуға тиіс.

«Біз айналымдағы қаржы құралдарын өзара тануға, әкімшілік ынтымақтастық орнатуға, ақпарат алмасуға, еліміздің қаржы жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықаралық деңгейде ортақ ұстаныммен әрекет жасауға мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Соған қажет құқықтық негіз қаланып, инфрақұрылым қалыптасты. Енді осы мүмкіндіктерді іске асыруға нарықтың барлық қатысушысы белсене атсалысуы қажет», – деді Тимур Сүлейменов.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова банктерді инвестициялық жобаларды қаржыландыруға барынша ынталандыру шаралары, соның ішінде «Халық құрылысы» бастамасы туралы айта келіп, 2027-2030 жылдарға арналған қаржы нарығын цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту стратегиясы жобасының басты бағыттарын таныстырды.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Кеңесінің Төрағасы Елена Бахмутова қаржы секторы өзгеріп жатқан кезеңде кәсіби пікір алмасудың маңызы еселене түсетініне тоқталды.

«Технологиялар мен реттеу жүйесіндегі өзгерістер экономикаға нақты пайда әуелуі керек. Атап айтқанда, олар бизнестің қаржы тарту мүмкіндігін кеңейтіп, бәсекені күшейтуге, қаржы қызметтерін барынша қолжетімді етуге және экономикаға ұзақ мерзімде инвестиция тартуға ықпал етуге тиіс. Біз жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін дәл осы өлшемдерге сүйене отырып бағалауымыз керек», – деді ол.

Конгрестің пленарлық отырыстарында мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері Қазақстанның қаржы жүйесін дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, қаржы нарығындағы бәсекені күшейту, бизнесті жүргізудің жаңа үлгілерін дамыту және инновацияларды енгізу жайы сөз болды.

Сонымен қатар жеке тақырыптық сессияларда Қазақстанның капитал нарығын жаңғырту, оны дамытудағы зейнетақы активтерін басқару рөлі, сақтандыру нарығының болашағы, сақтандыру өнімдерін халыққа қолжетімді ету және саланың тиімділігін арттыру мәселелері сараланды.

Конгреске қатысушылар криптоиндустрияны дамыту, цифрлық активтер нарығын реттеу және оларды дәстүрлі қаржы жүйесіне енгізу мәселелеріне де ерекше назар аударды. Талқылау барысында цифрлық активтерді қолданудағы жаңа мүмкіндіктер, инфрақұрылымды дамыту мен Қазақстанда заманауи цифрлық қаржы экожүйесін құрудағы келесі қадамдар қаралды.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға