Базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендету туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Жылдық инфляция он екі ай бойы төмендеп, ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен теңге бағамының қолайлы динамикасы жағдайында 2026 жылғы қыркүйекте 9,3% болды. Азық-түлік инфляциясы жеміс-жидек пен көкөніс мейлінше арзандап, ет бағасының өсу қарқыны баяулағанына байланысты 8,5%-ға (9,5%) дейін төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция ЖЖМ (жанар-жағармай) бағасының жылдық өсу қарқыны төмендегендіктен 11,0%-ға (11,4%) дейін баяулады. Қызметтер инфляциясы реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқыны жоғары болған кезде 8,9% деңгейінде сақталды.
Айлық инфляция қыркүйекте 0,6% (тамызда 0,6%), маусымдық факторлардан тазартылғанда 0,7% (0,9%) болды. Базалық инфляцияның маусымдық факторлардан тазартылған медианасы 0,7% деңгейінде қалды, бұл өз кезегінде баға қысымы сақталып отырғанын көрсетеді.
Халықтың алдағы бір жылға инфляцияны күтуі қыркүйекте 11,8%-ға дейін (тамызда 12,1%) төмендеді. Нарықтың кәсіби қатысушылары 2026 жылдың соңына инфляция бойынша күтуін өзгертіп, 10,0%-дан 9,5%-ға дейін, 2027 жылға күтуін 8,3%-ға дейін (тамызда 8,5%) төмендетті.
Сыртқы жағдай проинфляциялық күйде. Таяу Шығыстағы жағдай энергия көздеріне әлемдік бағаның жоғары болғанын қолдап тұр. ФАО азық-түлік бағасының индексі қыркүйекте бір айда 1,5%-ға және жылдық мәнде 5,8%-ға ұлғайып, 136,0 тармаққа дейін көтерілді. Осы өсімге, көбіне, қолайсыз күн райы мен логистикалық шектеулерге байланысты дәнді дақылдардың, қант пен өсімдік майының қымбаттағаны түрткі болды.
Жаһандық монетарлық шарттар қатаңдап келеді. Қыркүйекте ЕОБ – мөлшерлемелерді биыл екінші рет, ал ФРЖ – 2023 жылдан бері алғаш рет көтерді. Ресей Банкі негізгі мөлшерлеме деңгейін сақтап, баға қысымы күшейгесін оны төмендету үрдісін тоқтатты.
Экономиканың өсу барысы орнықты. Алдын ала деректер бойынша, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында ЖІӨ шикізатқа жатпайтын салалар – ең алдымен құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік есебінен 4,2%-ға өсті. Негізгі капиталға инвестиция 7,0%-ға, ал шикізатқа жатпайтын секторға бағытталған инвестиция (бюджет қаражатын есепке алмағанда) 25,0%-ға артты. Тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқыны қалыпты арнаға түсуіне байланысты тұтыну көлемінің өсімі, жалпы алғанда, былтырғы деңгеймен салыстырғанда бәсеңдеді. Дегенмен, фискалдық және квазифискалдық ынталандыру, сондай-ақ жоғары инвестициялық белсенділік ішкі сұраныстың жоғары деңгейде қалуын қамтамасыз етіп отыр.
Сын-қатер теңгерімі проинфляциялық бағытта. Ішкі тәуекелдер фискалдық және квазифискалдық ынталандыруға, инфляциялық күтудің жоғары болуына, ЖЖМ бағасы мен реттелетін тарифтердің динамикасына байланысты. Сыртқы сын-қатерлер энергия көздері мен азық-түлікке әлемдік бағаның жоғары болуымен, сауда-серіктес елдерде инфляцияның қарқын алуымен және жаһандық қаржылық шарттардың қатаңдауымен негізделді.
Инфляцияға ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары, теңге бағамының оң динамикасы, сондай-ақ, өтімділікті, соның ішінде теңестіру операциялары мен минималды резервтік талаптарды арттыруды және тұтынушылық кредиттеуді реттеу шаралары бәсеңдетуші фактор ретінде ықпал етеді.
Жылдық инфляция мен инфляциялық күтулердің үздіксіз баяулауы базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді. Қабылданған шешім дезинфляция процесін орнықтыру және инфляцияны 2028 жылға қарай 5%-дық нысаналы мақсатқа қайтару үшін қажетті ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаң деңгейін сақтап қалады.
Сонымен бірге, баға қысымы әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Ал сын-қатер теңгерімі проинфляциялық жаққа қарай ауысқан. Жыл соңына қарай реттелетін тарифтер бойынша 2025 жылғы төмен база әсерінен жылдық инфляция біршама жеделдеуі мүмкін (2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы наурыздың соңына дейін ТКШ тарифтерін көтеруге мораторий қолданылып, 2025 жылғы 4-тоқсанда коммуналдық тарифтер 14%-ға төмендеген еді).
Қазіргі тәуекелдер теңгерімін ескерсек, базалық мөлшерлемені 2026 жылдың соңына дейін өзгерту ықтималдығы төмен. Мөлшерлемені одан әрі төмендету мәселесі баға қысымының орнықты бәсеңдеуіне байланысты болады. Бұдан кейінгі шешімдер инфляция динамикасы, инфляциялық күтулер мен тәуекелдер теңгерімінің өзгеруіне қарай қабылданады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 4 желтоқсанда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz