Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің XIII конгресі өтті
Цифрлық трансформация жағдайындағы реттеу тәсілдері Қаржыгерлер конгресінде талқыланды
Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің XIII конгресі өтті. Іс-шараны Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Конгресс жыл сайын макроэкономикалық саясат пен қаржы жүйесін дамытудағы ең өзекті мәселелерді мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері талқылайтын басты кәсіби диалог алаңына айналады. Биылғы жиынға Ресей, Армения, Қырғызстан және Беларусь орталық банктерінің жетекшілері де қатысты.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова қаржы секторы трансформацияланып жатқан тұста тұрақты сараптамалық диалог аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, Еуразияда қарқынды дамып келе жатқан қаржы орталығы ретінде Қазақстан бұл үдерістердің алдыңғы шебінде болуға ұмтылады.
«Конгресіміздің басты тақырыбы – цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі қаржы нарығын дамыту. Ол бізден кәсіби сараптамамен қатар стратегиялық ойлауды талап етеді. Жаңа технологияларды реттеу практикасына енгізу, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, цифрлық валюталарды дамыту мен орнықты өсімге жағдай жасау – басты міндетіміз», – деді Е. Бахмутова.
Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазір қаржы нарығы толыққанды цифрлық трансформация кезеңінен өтіп жатыр. Конгресс қатысушыларына арнап сөйлеген сөзінде реттеуші басшысы қаржы саласының өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.
«Біздің еліміз ашық жаһандық экономиканың бір бөлігі ретінде қаржы нарығымен бірге толыққанды цифрлық трансформациядан өтіп жатыр. Қазіргі таңда цифрландыру - жай ғана бағыт емес. Бұл өзгерістердің өзегінде Ұлттық Банк тұр: оның инфрақұрылымы негізінде бүкіл қолма-қол ақшасыз экожүйе қалыптасты. Оған цифрлық теңге платформасы, банкаралық мобильді аударымдар жүйесі, Open API және Ұлттық антифрод-орталық кіреді», – деді Т. Сүлейменов.
Бұдан бөлек, пленарлық және тақырыптық сессияларда шетелдік реттеушілер, қаржы институттары, сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдері ішкі-сыртқы факторлардың ақша-кредит саясатына, қаржылық тұрақтылыққа және қаржы институттарына деген сенімге ықпалын талқылады.
Сонымен қатар жеке сессияларда сақтандыру нарығының динамикасы, өсу перспективалары мен халықтың сақтандыру өнімдеріне деген қолжетімділігін арттыруға бағытталған шаралар талқыланды. Спикерлер сақтандыру секторын реттеуге, саладағы ашықтық пен бәсекені дамытуға жағдай жасау мәселелеріне де тоқталды.
Конгреске қатысушылар қаржы қызметін тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін алдын алу шараларын күшейту қажет екеніне айрықша назар аударды. Қорытынды панельдік сессия кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы құралдары мен саланың даму бағыттарына арналды.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына нөмірге хабарласып ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz