Алматыда ақша-кредит саясаты мен қаржылық тұрақтылық мәселелері бойынша ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр
Алматыда Қазақстан Ұлттық Банкінің ұйымдастыруымен «Жаһандық және ішкі шоктар жағдайындағы ақша-кредит саясаты мен қаржылық тұрақтылық» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.
Академиялық қауымдастық өкілдері, Ұлттық Банктің және аймақтағы басқа да орталық банктердің аналитиктері, сондай-ақ экономика және қаржы саласындағы тәуелсіз сарапшылар жаһандық және аймақтық экономиканың негізгі сын-қатерлері мен үрдістерін талқылауда.
«Ғылыми ізденістер мен зерттеулер бүгінде өте өзекті мәселеге айналып отыр. Біз айналамызда болып жатқан жағдайларды талқылап, талдаумен шектелмей, жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, инновациялық тәсілдерді іздей беруіміз керек. Бүгін біз монетарлық саясат саласындағы ғылыми ізденістерімен бөлісу үшін Әзербайжан мен Өзбекстаннан келген әріптестерімізді қарсы алып отырғанымызға қуаныштымыз. Бүгінгі кездесу — өз алдына құнды шара. Себебі пікірталасымызды түрлі көзқарастар мен практикалық мысалдар арқылы байытып, аймақтық ғылыми диалогты нығайтуға әрі зерттеу жұмыстары аясындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді», – деді ҚҰБ Төрағасының орынбасары В.Тутушкин.
Конференцияға қатысушылар ақша-кредит саясаты саласындағы зерттеу нәтижелерін ұсынды. Нақтырақ айтқанда, ҚҰБ және өзге де орталық банктердің сарапшылары тұтынушылардың мінез-құлқына ақша-кредит саясаты құралдарының әсері туралы зерттеу қорытындыларын, сондай-ақ инфляцияны болжаудағы инновациялық тәсілдерді қолдану перспективаларын таныстырды.
«Қазіргі экономикалық ахуал ақша-кредит саясатына қатысты шешім қабылдағанда халықаралық жағдайдан бастап ішкі сұраныс ерекшеліктеріне дейінгі көптеген факторды ескеруді талап етеді. Барынша дәл болжам жасау үшін біз қазіргі заманғы FAVAR және BVAR модельдерін зерттедік. Оның нәтижесі бұл модельдерді қолдану инфляцияға қысқа мерзімге жасалатын болжамның сапасын едәуір жақсартатынын көрсетті. Бұл – ақша-кредит саясатында теңгерімді шешім қабылдау үшін аса маңызды», – деді Өзбекстан Орталық банкінің өкілі Темурбек Боймирзаев.
Конференция сессияларының бірі баға шоктары мен құрылымдық теңгерімсіздік жағдайындағы макроэкономикалық үрдістерге арналды. Қатысушылар Қазақстан экономикасы шикізатқа тәуелді болып қалған жағдайда экономиканың өсуіне әсер ететін факторлар мен тәуекелдер, сондай-ақ төмен инвестициялық белсенділік пен мемлекеттің қолдау шаралары туралы пікір алмасты.
Жалпылай алғанда, V ғылыми-тәжірибелік конференция аясында сарапшылар барлығы 8 зерттеу жұмысының нәтижелерін ұсынды.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон нөміріне хабарласып ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz