Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің XII Конгресі өтіп жатыр
Қаржыгерлер конгресінде экономиканы либерализациялау және қаржы секторын ары қарай цифрландыру мәселелері талқыланды.
Алматы қаласында Қазақстан қаржыгерлерінің XII Конгресі өтіп жатыр. Іс-шараны Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Ұлттық банк пен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Қаржыгерлер конгресі дәстүрлі түрде өтетін, мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының өкілдері макроэкономикалық саясат пен қаржы саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылайтын басты диалог алаңына айналды. Биыл қатысушылар қаржы секторын либерализациялау және оның экономикалық өсімге тигізетін әсерін жан-жақты талықылап жатыр.
Конгреске қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы елдегі қаржы саласының өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Төраға Қазақстан жаһандық экономикалық жүйенің бір бөлігі ретінде жаңа сын-қатерлер мен өзгерістерге бейімделуі қажет екеніне тоқталды. Осыған байланысты қаржы саласы тиімді жұмыс істеп, тұрақтылық пен экономикалық өсімге жағдай жасауға тиіс екеніне назар аударды.
«Реттеудің тиімді шараларымен қатар, инфрақұрылым мен дұрыс әзірленген заң аясындағы жанама реттеу де қажет. Осы мақсатта біз ҚНРДА және нарық қатысушыларымен бірлесе отырып, алдағы 5 жылға арналған қаржылық реттеушілерді цифрландыру стратегиясын әзірлеп жатырмыз. Біз нарықтың дамуын тежегіміз келмейді, саланың өзі мен оған қатысушылар қалай дамып жатқанын байқап отырмыз. Сондықтан біздің технологиялық мүмкіндіктеріміздің қарқынды түрде өсуі бүкіл саланың цифрлық дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймыз», – деді Тимур Сүлейменов.
Конгреске қатысушылар ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту бағыттарын өз алдына бөлек талқылады. Ұлттық Банк Төрағасының кеңесшісі – цифрлық трансформация жетекшісі Бинұр Жаленовтің айтуынша, реттеушінің Цифрлық Ұлттық Банк ретінде дамуы оның тиімділігін арттырып, жалпы саланың дамуына жаңа серпін береді.
«Біз жоғары технологиялық және инновациялық нарыққа дәл сондай жоғары технологиялық және инновациялық реттеуші қажет деп есептейміз. Цифрландыруға белсенді түрде кірісуіміз барлық нарықтағы инновацияларға серпін береді. Ал бұл елде сенімді, қауіпсіз және ашық цифрлық қаржы экожүйесін бірге құруға мүмкіндік береді», –деді Бинұр Жаленов.
Панельдік сессияларда қаржы нарығының өкілдері банк секторындағы бәсекелестікті дамытуды және заңнамаға қатысты жаңа бастамаларды талқылады.
«Мемлекет басшысының банктер туралы жаңа заң әзірлеу жөніндегі тапсырмасы бойынша үлкен ашық пікірталас өтті. Менің ойымша, бұл талқылаулар заң жобасын әзірлеу және қаржы секторын дамыту бағыттарын анықтауға көмектеседі. Жаңа заңда либерализация, қаржы технологияларын дамыту, пропорционалды реттеу мәселелері, сонымен қатар банк нарығындағы жаңа лицензиялар сияқты тақырыптар жеке қарастырылатын болады. Қазір барлық мәселені Ұлттық банк, ҚНРДА, сондай-ақ, әлбетте, нарық өз арасында ашық талқылап жатыр. Заң келесі жылы таныстырылады деген жоспар бар», – деді ҚҰБ Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.
Бұдан бөлек, Конгресс жұмысы аясында Қазақстан Ұлттық Банкі «Цифрлық инвестициялық монета» атты жаңа жобаны таныстырды, сондай-ақ банктер арасындағы QR-төлемдерді енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Қаржы институттарының өкілдері халыққа арналған бөлшек қаржы қызметтерін — кредит беру, сақтандыру және инвестициялық өнімдерді дамыту жөніндегі көзқарастарын ортаға салды.
Конгреске қатысушылар корпоративтік секторды қаржыландыру мәселесін, ондағы мүмкіндіктер мен кедергілерді талқылады. Қорытынды панельдік сессия инвестициялық және эндаументтік қорларды дамыту бағыттарына арналатын болады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон нөміріне хабарласып ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz