Серверлік жабдықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты 19 мамыр күні сағат 10-нан 11-ге дейін ҚҰБ-тың интернет-ресурсы уақытша ажырауы мүмкін

1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтау туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Ақпанда және наурызда жылдық инфляция төмендеу үрдісін жалғастырды. Алайда, ол баяу қарқынмен төмендеді. Инфляциялық күтулер біршама әлсіреді. Бірақ, мейлінше, жоғары деңгейде қалды. Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап түрде қалыптасып отыр. Әлемдік нарықтарда астық бағасы төмендеп келеді. Ішкі экономикада орнықты ішкі сұранысқа және тұрақтанбаған инфляциялық күтулерге байланысты инфляциялық қысым сақталып отыр.

Инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет. Қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатын жеңілдетуге арналған кеңістік әлі де шектеулі. Оның қалыптасуы инфляцияның орнықты бөлігінің тұрақты түрде баяулауына байлынысты. 

Жылдық инфляция 2024 жылдың наурыз айында 9,1%-ға дейін баяулап, болжамды траекториядан біршама жоғары қалыптасты. Ауытқу құбылысы тұрғын үй-коммуналдық қызметтер (ТКҚ) бағасының мейлінше тез өсу әсерінен орын алып отыр. Ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен астықтың әлемдік бағасының төмендеуі – инфляцияның төмендеуіне септігін тигізуде.

Айлық инфляция алдыңғы айдағы күрт өсуден (1,1%) кейін наурызда 0,7%-ға дейін баяулады. Бірақ орташа тарихи мәндерінен жоғары (0,6%) қалыптасты. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция көрсеткіштері ұқсас динамиканы көрсетіп отыр. Яғни ақпан айында күрт үдеуден кейін наурыз айында айтарлықтай төмендеді.

Халықтың инфляциялық күтулері біршама төмендеді. Алайда, күтулер әлі де жоғары деңгейде.  Бұл негізінен тамақ өнімдері, ТКҚ мен жанар-жағармай (ЖЖМ) бағасының өсуіне байланысты.

Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап түрде қалыптасуда. Наурызда негізінен өсімдік майы бағасының көтерілуі есебінен әлемдік нарықтарда азық-түлік құны аздап өсті. Экспорттаушы елдерде жиналған өнімнің есебінен және теңіз арқылы сауда жолдарының үздіксіз жұмыс істеуіне байланысты астық бағасы төмендеп келеді.

Мұнай бағасы базалық сценарийден сәл жоғары қалыптасып отыр. Бұл Қазақстанның сауда балансына оң әсер етеді. Алайда, мұнайдың жоғары бағасы сыртқы инфляциялық әсердің артуына себеп болуы мүмкін.

Сыртқы ақша-кредит жағдайлары қатаң қалпында қалып отыр. 2024-2025 жылдары АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерді мейлінше ұстамды түрде төмендетеді деп күтілуде. Сонымен бірге, ЕОБ 2024 жылы экономикалық өсім мейлінше әлсіз болады деген күтуге қарамастан, инфляция ортамерзімді нысанаға қайтарылғанша тежеуіш ақша-кредит шарттарын сақтауды жоспарлап отыр.

2024 жылғы қаңтар-ақпан айларында экономиканың өсуі Ұлттық Банктің болжам шегінде қалыптасып, жылдық негізде 4,2% деңгейде бағалануда. Бөлшек сауда көрсеткіштерінің, тұтынушылық кредиттер беру көлемінің динамикасы, сондай-ақ іскерлік белсенділік индексінің динамикасы экономикадағы орнықты ішкі сұраныстың сақталуын көрсетеді. Ұлттық Банктің ай сайынғы индикаторлары наурызда экономикалық өсу үрдісінің сақталғанын көрсетеді.

Проинфляциялық тәуекелдер реттелетін бағалардағы реформалардың жалғасуымен, Қазақстанның аумағындағы су тасқынының салдарымен, сондай-ақ оларды жою үшін қажет бюджет шығысы көлемінің белгісіз болуымен негізделеді.

Ұлттық Банк ортамерзімді перспективада инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету міндетін берік ұстанады. Бұл ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізуді қажет етеді. Осыған байланысты қазіргі жағдайларда ақша-кредит саясатын одан әрі жеңілдетуге арналған кеңістік әлі де шектеулі. Ұлттық Банк реттелетін бағалар реформасы секілді біржолғы факторларды ескермейтін инфляцияның орнықты бөлігін бақылай түседі. Инфляцияның орнықты бөлігінің тұрақты түрде баяулауы базалық мөлшерлеменің төмендеуіне кеңістік қалыптастырады. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2024 жылғы 31 мамырда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz

Жоғарыға