1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

«Цифрлық теңге» жобасының бірінші кезеңі қорытындыланды

Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) Ұлттық төлем корпорациясымен (бұдан әрі – корпорация, ҰТК) бірлесіп, цифрлық теңгені енгізу жобасының бірінші кезеңінің алдын ала қорытындысы туралы мәлімдеме жасады.

Цифрлық теңге платформасы пилоттық режимде іске қосылды. ҚҰБ пилоттық жобаға қатысушы банктердің цифрлық шоттарына цифрлық теңге эмиссиясын шығарды. 2023 жылғы 15 қарашада Қазақстан қаржыгерлерінің XI конгресінде цифрлық теңгедегі алғашқы бөлшек транзакция жүргізілді.

«Цифрлық теңге – ұлттық валютаның қосымша, үшінші формасы. Қолма-қол ақша сияқты цифрлық теңге де эмитенттеледі және Ұлттық Банктің міндеттемесіне жатады. Сонымен қатар, цифрлық теңге платформасының архитектурасы қаржы нарығының екі деңгейлі моделі негізінде құрылған. Түпкі тұтынушылар – жеке және заңды тұлғалармен байланыс бұрынғысынша, қаржы нарығына қатысушылар арқылы ғана жүргізіледі, – деп атап өтті ҚҰБ Төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов.

Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік төлемдерге цифрлық ваучер беру тетігі сынақтан өткізілді.

«Ұлттық валютаның жаңа формасы бірқатар бірегей қасиетке ие: бағдарламалану, халықаралық деңгейде төлем жасау, сонымен қатар смарт-келісімшарт орындау кезінде де технологиялық мүмкіндіктер ашу. Ал келешекте интернетсіз-ақ төлем жасауға мүмкіндік береді. Цифрлық теңге – ҚҰБ құратын цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі компонентінің бірі», – деді ҚҰБ Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.

Цифрлық теңгеге арналған цифрлық карталар екі халықаралық төлем жүйесі – Visa мен Mastercard және екінші деңгейлі төрт банкпен серіктестікте шығарылып жатыр. Бұл карталар – клиенттердің цифрлық шоттары орталық банктің цифрлық валютасымен байланыстырылған әлемдегі алғашқы карталар.

«Цифрлық теңге инновациялық қаржылық қызмет көрсетудің негізін құрайтын блокчейн технологиясының әлеуетін ашады, төлемдерді тиімді етеді, сонымен қатар дәстүрлі қаржы мен цифрлық активтер арасына «көпір» болады. Цифрлық теңге экожүйесі іске қосылды, енді көп ұзамай қазақстандықтар оның алғашқы өнімдерін пайдалана алады», – дейді ҰТК Төрағасы Бинур Жаленов.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

 

Жоғарыға