1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылға арналған Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есеп жарияланды

Қазақстан Ұлттық Банкі 2022 жылға арналған Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есепті (бұдан әрі – Есеп) дайындау аясында макроэкономикалық жағдайларға талдау жасап, банк секторындағы тәуекелдерге бағалау жүргізді.

2022 жылы геосаяси белгісіздік, логистикалық тізбектердің бұзылуы және санкциялық риториканың күшеюі аясында әлемдік экономикада өсім баяулады. Қазақстан экономикасы тұтынушылық инфляцияның рекордтық жоғары қарқынына, монетарлық жағдайлардың қатаңдауына, валюта нарығындағы жоғары құбылмалылыққа байланысты тегеурінді сын-қатерлерге тап болды.

Қазақстанның ЖІӨ өсімі 3,2%-ға дейін (2021 жылы 4,3%) баяулады да, ауыл шаруашылығы тарапынан қолдау тапты. Себебі 2022 жылы егін рекордтық деңгейде бітік шықты. Инвестициялық белсенділік артты. Алайда, ЖІӨ-ге қатысты деңгейі төмен болды.

Қазақстанда қаржылық тұрақтылықты сақтау мақсатында 2022 жылы теңгенің тартымдылығын арттыру үшін бірқатар шара қабылданды. Мәселен, Ұлттық Банк Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттеріне өтемақы төлеуді көздейтін Теңгелік депозиттерді қорғау бағдарламасын қабылдады.

2022 жыл ішінде Қазақстанның банк секторы өзінің тұрақтылығын көрсетіп, орнықты жұмыс істеді. Ресейдің бірқатар ірі банктерінің еншілес ұйымдарының қазақстандық нарықтан шығуына себеп болған 2022 жылдың басындағы геосаяси шок банк секторының құрылымын өзгертіп, шоғырлануды күшейтті. Банктердің несие портфелі өсе түсті. Жеке тұлғаларды кредиттеу сегментінде кредиттеудің ең үлкен көлемі тұтынушылық және ипотекалық қарыздарға тиесілі болды.

2022 жылдың қорытындысы бойынша өтімділігі жоғары активтердің көлемі артты. Ал көптеген банктің өтімділік коэффициенттері нормативті деңгейден жоғары қалпында қала берді. Сыртқы және ішкі факторларға байланысты күйзелістерге қарамастан, банк секторының өтімділік тәуекелдері бірқалыпты.

2022 жылға арналған Қаржылық тұрақтылық туралы есептің негізгі қорытындылары Ұлттық Банк Төрағасының басшылығымен Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды. Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есеп 2006 жылдан бері жарияланып тұрады.

Құжаттың толық нұсқасымен ҚҰБ сайтында танысуға болады.

Толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала аласыз:
+7 (717) 277-52- 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға