1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№5 баспасөз релизі. Ұлттық Банк пен Үкімет бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асырады 

Геосаяси жағдайдың шиеленісуі аясында Қазақстанның қаржы нарығына қысым елеулі түрде өсті. Ресей рублінің айтарлықтай әлсіреуі салдарынан (АҚШ доллары үшін 85 рубльден жоғары) теңге бүгінгі сауда-саттық барысында АҚШ доллары үшін 475,75 деңгейінде тарихи белгілерге жетті.

2022 жылғы 24 ақпанда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін көтерді. Бұл шешім ұлттық валюта мен инфляция деңгейіне түсіп жатқан қысымды төмендетуге бағытталған. Нарықтағы ахуал түбегейлі нашарлаған жағдайда Ұлттық Банк пайыздық саясат шеңберінде одан әрі шешім қабылдау үшін кеңістік қалдырды.  

Ұлттық Банк пен Үкімет Бірлескен іс-қимыл жоспарын тез арада іске асыруға кірісті. Ұлттық Банк қаржылық тұрақтылықты қолдауға бағытталған  іс-қимылдарды, ал Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар кешенін іске асыруда.

Бюджет қаражаты есебінен жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақы (сыйақы) есептеуді қарастыратын Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы жарияланды. Бұл шара банк секторының өтімділігін сақтауға, сондай-ақ теңгедегі депозиттердің тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Базалық мөлшерлеменің артуынан кейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынатын теңгедегі салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер арттырылды.

Ұсынылған жедел шаралар Қазақстанның қаржы нарығына, атап айтқанда оның валюталық сегментіне тұрақтандырушы әсер етуге, ал болашақта – инфляциялық күтулерді төмендетуге бағытталған.

Ұлттық Банк болжамдылық, жүйелілік және айқындылық  қағидаттарын басшылыққа ала отырып, байланыс орнатуды жалғастырады. Бұл нарықтардағы бұрын-соңды болмаған белгісіздік жағдайында ерекше маңызды болып табылады.

Ұлттық Банктің белсенді коммуникациялық саясаты, басқалармен қоса, валюта нарығындағы операциялар көлемін, сондай-ақ олардың себептерін үнемі жариялап отыруды да қамтиды. Қазіргі жағдайда жүргізіліп отырған саясаттың транспаренттілік деңгейі мен нарықтың сенімін сақтау үшін валюталық операциялардың жедел статистикасы жарияланды. Мәселен, 2022 жылғы 25 ақпан, 12:00 сағатына аптаның басынан бері жүргізілген валюталық интервенция көлемі 176 млн АҚШ доллары, оның ішінде 24 ақпанда – 138 млн АҚШ доллары болды. Бұл сыртқы күтпеген өзгерістің Қазақстан нарығына ауысуын реттеуге мүмкіндік береді.

Ұлттық Банк қаржылық тұрақтылық тәуекелдері күшейген жағдайда одан әрі валюталық интервенциялар жүргізу құқығын сақтайды. Осы құралды қолдана отырып, Ұлттық Банк бейтараптық қағидатын басшылыққа алады және нарықтық баға белгілеуге кедергі келтірмейді. Айырбастау бағамының қандай да бір деңгейі таргеттелмейді.

Теңгенің икемді бағамы сыртқы сектордың тәуекелдері іске асырылуы аясында маңыздылығы өскен алтынвалюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ақша-кредит саясаты жөніндегі бұдан былайғы шешімдер геосаяси жағдайдың дамуына және қаржы нарықтарының ықпалына байланысты болады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға