1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№4 баспасөз релизі. Базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін арттыру туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің дағдарысқа қарсы шараларының теріс сценарийі мен жоспарлары шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі геосаяси жағдайдың айтарлықтай нашарлауы кезінде сыртқы сектор тарапынан тәуекелдердің іске асырылуына байланысты қарастырылған баға тұрақтылығын қолдау қажеттігіне негізделген базалық мөлшерлеме деңгейі жөнінде кезектен тыс шешім қабылдады.

2022 жылғы 24 ақпаннан бастап базалық мөлшерлеме +/- 1 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 13,5% деңгейінде белгіленді. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 14,5% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 12,5% болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің инфляциялық таргеттеу шеңберінде жүргізілетін ақша-кредит саясаты ел экономикасына сыртқы күтпеген өзгерістер салдарының таралуының алдын алуға, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және теңгедегі активтерді қорғауға бағытталған. Екінші деңгейдегі банктер ақша-кредит саясаты құралдарының шеңберінде қажетті өтімділікпен қамтамасыз етілуде.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шамадан тыс құбылмалылық орын алған кезде валюталық интервенциялар жүргізу құқығын сақтай отырып, теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстануын жалғастырады. Маңыздылығы сыртқы сектор тарапынан тәуекелдерді іске асыру аясында өскен теңгенің икемді бағамы алтынвалюта активтерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2022 жылғы 24 ақпанда сағат 13:00-дегі жағдай бойынша 104 млн АҚШ доллары сомасына валюталық интервенция жүргізді.  Осы аптада валюталық интервенция 137 млн АҚШ долларын құрады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп іске асыратын халықтың теңгедегі депозиттерін қолдау жөніндегі шаралар туралы қосымша хабарланатын болады.

Ұлттық Банк ішкі ақша және валюта нарықтарындағы жағдайға, сондай-ақ әлемдік шикізат нарықтарындағы ахуалға үздіксіз мониторинг жүргізеді және қажет болған кезде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлеме жөніндегі кезекті  шешімі 2022 жылғы 9 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 15:00-де жарияланатын болады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға