1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№7 баспасөз релизі. Базалық мөлшерлемені 9,00% деңгейінде сақтау туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,00% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,00% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 8,00% болады.

Шешім нақты инфляцияның шамалы баяулауына қарамастан проинфляциялық факторлар әсерінің сақталуымен негізделген. Бағаның өсу тәуекелдері электр энергиясына тарифтердің өсуіне, бензин бағасының жоғарылауына, мемлекеттік бюджет өлшемдерін нақтылауға, азық-түлік тауарларының сыртқы бағалары өсуінің жалғасуына, сауда әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуіне және вакцина егуден туындаған проблемалар аясында әлемде COVID-19-ға байланысты ахуалдың нашарлау ықтималдығының ұлғаюына байланысты. Ішкі секторда сұраныстың біртіндеп жандануын көрсете отырып, іскерлік белсенділіктің қалпына келу белгілері байқалды, бұған халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі ықпал етеді.

Жылдық инфляция серпіні Ұлттық Банктің бағалауынан төмен қалыптасады. 2021 жылдың наурыздағы қорытындысы бойынша ол 2021 жылғы ақпан мен қаңтардағы 7,4%-бен салыстырғанда 7,0%-ға дейін төмендеді.

Азық-түлік компоненті бағаның жылдық өсу қарқынының 2021 жылғы ақпандағы 11,6%-дан наурызда 10,7%-ға дейін баяулауына қарамастан инфляцияға негізгі үлесін қосуды жалғастыруда. Азық-түлік тауарларының құрылымында азық-түлік өнімдерінің басым бөлігіне бағаның жылдық өсу қарқынының баяулауы байқалады, бұл көбінесе сұраныстың артуы және жеткізілімдердің кідірісі аясында бағаның айтарлықтай өсуі байқалған 2020 жылдың жоғары базасымен түсіндіріледі. Бұл ретте, жекелеген тауарлар (күнбағыс майы, жұмыртқа) құнының жылдық өсуі жалғасуда.

Азық-түлікке жатпайтын компоненттер инфляциясы 2021 жылғы ақпандағы 5,2%-дан 2021 жылғы наурыздағы 5,6%-ға дейін жеделдеді. Бұл, атап айтқанда, аяқ киім, киім және бензин бағасының көтерілуіне байланысты. Бұл тауарлар бұрын азық-түлікке жатпайтын инфляцияға негізгі тежеуші әсер еткен еді.
Ақылы қызметтер бағасының өсу қарқынының төмендеуі байқалады. Бұл компоненттің инфляциясы 2020 жылғы желтоқсандағы 4,2%-дан 2021 жылғы наурызда 3,7%-ға дейін баяулады. Реттелетін коммуналдық қызметтерге жылдық дефляция және тұрғын үйді жалдау мен көлік қызметтері бағасының жылдық өсу қарқынының баяулауы төмендеудің негізгі факторлары болды.

Базалық инфляцияның әртүрлі бағалаулары инфляциялық процестердің басым түрде нысаналы дәлізден жоғары қалыптасуын көрсетеді. Экономикада жекелеген азық-түлік тауарларына бағаның жоғары өсуі әлі де сақталып келеді, ал азық-түлікке жатпайтын кейбір тауарлар мен қызметтерге бағаның өсу серпіні тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалпына келуін көрсетуі мүмкін.

Инфляциялық күтулердің жоғарылауы байқалады. 2021 жылғы наурызда бір жылға инфляцияны сандық бағалау 6,9% болды (2021 жылғы ақпанда 6,7%). Келесі 12 ай ішінде қазіргі өсудің сақталуын не бағаның неғұрлым жылдам өсуін күтетін респонденттердің үлесі 44%-ға (2021 жылғы ақпанда 42%) дейін жоғарылады.
Ішкі экономикадағы ахуал біртіндеп жақсарып, Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес дамып келеді (2021 жылы 3,4-3,7%-ға өсті). Қазақстан экономикасы 2021 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жылдық мәнде 1,6%-ға қысқарды. Қаңтарда ІЖӨ-нің төмендеуінен кейін ақпанда экономиканың қысқару қарқыны баяулады. Наурызда ІЖӨ серпіні өсу аймағына өтті. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік сектор салалары тұрақты өсуді көрсетті. Тау-кен, сауда және көлік салалары ІЖӨ серпініне негізгі теріс үлес қосты.

Ұлттық Банктің кәсіпорындарға жүргізген сауалнама қорытындысы нақты секторда көңіл-күйдің жақсарғанын көрсетеді. 2021 жылдың наурызында іскерлік белсенділік индексі 2020 жылдың басынан бері алғаш рет 50 белгісінен асып, 50,6 болды. Экономикалық белсенділіктің қалпына келуі өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласында байқалады. Құрылыста іскерлік белсенділіктің төмендеу үрдісі жалғасып, көрсеткіш 0,9 тармаққа төмендеді. Сонымен қатар кәсіпорындар бизнесті жүргізу жағдайларының жақсарғанын атап өтті.

2021 жылғы қаңтар-ақпанда халықтың нақты кірісі оң серпінді көрсетіп, 3,3%-ға өсті. Кірістің өсуі нақты жалақы мен зейнетақы өсуінің сақталуына байланысты.

Сыртқы сектордағы ахуал белгісіз күйінде қалып отыр. Жүргізіліп жатқан вакцина егу және қосымша қаржылық қолдау шараларын қабылдау аясында бірқатар елдерде бұрын болжанғанға қарағанда әлемдік экономиканың күшті өсуі күтілуде. ХВҚ 2021 жылы әлемдік экономиканың өсу болжамын 5,5%-дан 6,0%-ға дейін, оның ішінде Қазақстанның сауда әріптес елдерінің экономикасы арасында: ЕО бойынша – 4,2%-дан 4,4%-ға дейін, Қытай бойынша – 8,1%-дан 8,4%-ға дейін, Ресей бойынша – 3,0%-дан 3,8%-ға дейін көтерді. Сонымен бірге 2021 жылдың қазан айындағы бағалауымен салыстырғанда, ХВҚ Қазақстан экономикасының өсуін 3,0%-дан 3,2%-ға дейін қайта қарады.

Өнеркәсіп – өсудің негізгі драйверлерінің бірі болып қалып отыр. Бұл ретте әлемдегі тұрақсыз эпидемиологиялық ахуалға және вирустың жаңа штаммдарының пайда болуына, дамыған елдердегі инфляцияның жеделдеуіне, сондай-ақ геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты әлемдік сұраныстың неғұрлым баяу қалпына келу тәуекелі сақталуда.

Әлемдік азық-түлік нарықтарында баға өсіп келеді. ФАО азық-түлік бағаларының индексі қатарынан он айда өсіп, 2021 жылғы наурызда 2014 жылғы маусымнан бастап ең жоғары мәнге жетіп, 118,5 тармақ болды. Бұл өсімдік майларының, ет және сүт өнімдерінің қымбаттауына байланысты.
Қазақстанның сауда әріптес елдерінде инфляциялық процестердің жеделдеуі байқалады. Қытайда екі айлық дефляциядан кейін бағаның өсуі қайта басталды. 2021 жылғы наурыз қорытындысы бойынша жылдық инфляция 0,4% болды. ЕО-да 2021 жылғы наурызда бағаның өсуі 1,7%-ға дейін жеделдеді. Ресейде сұраныстың кеңеюі жағдайында инфляциялық қысымның жоғарылауы аясында жылдық инфляция жеделдеп, 5,8% деңгейінде қалыптасты.

Инфляциялық қысымның өсуі аясында Ресей, Түркия, Бразилия, Украинаны қоса алғанда, жекелеген дамушы елдердің орталық банктері 2021 жылы наурызда монетарлық талаптарды қатаңдатты. Жылдың басынан бері Ресейдің Орталық Банкі негізгі мөлшерлемені 4,25%-дан 5,0%-ға дейін екі рет көтерді.
Әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі жағдай жаһандық вакцина егу бағдарламалары мен негізгі елдердегі ынталандыру топтамаларын қолдау кезінде жақсарып келеді. Brent сұрыпты мұнайдың бағасы 2021 жылғы сәуірдің басынан бастап бір баррель үшін 62 АҚШ долларынан жоғары ұсталуда. Тұтынудың жеделдеуі аясында мұнай тапшылығының қалыптасуы қосымша қолдау факторы болып табылады.

Тұтынудың тез қалпына келуін ескере отырып, халықаралық ұйымдар өз болжамдарын сәл жоғарылатты. EIA бағалауы бойынша, Brent сұрыпты мұнайдың орташа жылдық бағасы 2021 жылы бір баррель үшін 62,3 АҚШ доллар, 2022 жылы – бір баррель үшін 60,5 АҚШ доллары болады. Мұнай нарығының болашақтағы дамуының негізгі тәуекелдері COVID-19 ауруының одан әрі серпініне, ОПЕК+ өндірісінің өсу қарқынына және Иран экспортының әлеуетті ұлғаюына байланысты.

Сыртқы және ішкі проинфляциялық тәуекелдерді ескере отырып, жылдық инфляцияның одан әрі баяулауы неғұрлым баяу қарқынмен жүруі мүмкін. Электр энергиясына тарифтердің күтілетін өсуі және республикалық бюджет шығысының басым түрде Ұлттық қордан 850 млрд теңгеге қосымша нысаналы трансферт бөлу есебінен ұлғаюы болжамның жаңа талаптары болып табылады, сондай-ақ қысқа және орта мерзімді кезеңде инфляция траекториясына әсерді бағалауды талап етеді.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім алдағы «2021 жылғы мамыр-маусым» болжамды раундының нәтижесіне сай қабылданады және инфляция мен басқа макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жаңартылған болжамдарға, сондай-ақ тәуекелдер теңгеріміне негізделеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2021 жылы 7 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 15:00-де жарияланады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға