1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№3 баспасөз релизі. 2021 жылдың қаңтар айындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

1. Инфляция және инфляциялық күтулер

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылдың қаңтар айында инфляция 0,6% (2020 жылы қаңтарда – 0,7%) болды.

Жылдық инфляция 7,4% (2020 жылы желтоқсанда – 7,5%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 11,4%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,3%-ға, ақылы қызметтер – 4,1%-ға өсті.

2021 жылы қаңтарда халық арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 6,7% болды.


2. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 2021 жылы қаңтарда алдын ала деректер бойынша 0,1%-ға аздап төмендеп, 35,6 млрд АҚШ долларын құрады.

Азия Даму Банкінің несиесінен қаражат түсуі нәтижесінде еркін айырбасталатын валютадағы активтердің өсуі сыртқы қарызды төлеумен және екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі шоттарындағы қаражаттарының азаюы есебінен өтелді.

Алдын ала деректер бойынша, елдің жалпы халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (57,7 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, 2021 жылы қаңтардың соңында 93,3 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақша базасы 2021 жылы қаңтарда 6,2%-ға қысқарып, 9 173,8 млрд теңге болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 3,3%-ға – 4 919,8 млрд теңгеге дейін қысқарды.

2021 жылы қаңтарда ақша массасы 1,9%-ға ұлғайып, 25 392,0 млрд теңге болды, айналымдағы қолма-қол ақша 2 716,3 млрд теңгеге дейін 4,0%-ға төмендеді.

3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

2021 жылы 25 қаңтарда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені +/- 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы1 2021 жылы қаңтарда пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. 2021 жылы қаңтарда TONIA орташа алынған мәні жылдық 8,23%-ды құрады (2020 жылы желтоқсанда - 8,40%).

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2021 жылы қаңтардың соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 4,6 трлн теңге болды.

Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі – 99,8 млрд теңге.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 258,2 млрд теңге болды. Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі – 985,8 млрд теңге.

Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 11,9%-ға ұлғайып, 2021 жылы қаңтардың соңында 3 274,7 млрд теңге болды.

2021 жылы қаңтарда жалпы сомасы 1 735,1 млрд теңгеге 5 аукцион өткізілді, оның ішінде 1 172,6 млрд теңгеге 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 3 аукцион (орташа алынған кірістілік - 9,01%), 462,5 млрд теңгеге 3 айлық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,48%), 100,0 млрд теңгеге жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік - 9,63%).

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2021 жылы қаңтарда 1 428,1 млрд теңге болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары. 2021 жылы қаңтарда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 274,3 млрд теңгеге ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. Қаңтарда барлығы 10 облигация шығарылымы орналастырылды, онда 1 жылдан 12,2 жылға дейін өтеу мерзімі бар мемлекеттік бағалы қағаздар орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 9,41%-дан 10,40%-ға дейін болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2021 жылы қаңтарда 2,9%-ға қысқарып, 9 751,6 млрд теңге2 болды.

2021 жылы қаңтардың соңында 1 жылдан басталатын мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістіліктің төмендеуі аясында кірістілік қисығы3 2020 жылы желтоқсанның соңындағы деңгеймен салыстырғанда төмендегенін көрсетті. Қысқа мерзімді кірістілік есепті кезеңнің басымен салыстырғанда өсті.


4. Валюта нарығы

2021 жылы қаңтарда теңгенің биржалық айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 418,46 – 424,21 теңге аралығында өзгерді. 2021 жылы қаңтардың соңында теңгенің АҚШ долларына биржалық бағамы бір айда 0,8%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 424,21 теңге болды.

Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 11,0 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,2 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі - 8,8 млрд АҚШ доллары. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 71,7% немесе 6,3 млрд АҚШ долларын құрады (2020 жылы желтоқсанда – 65,7% немесе 6,7 млрд АҚШ доллары), бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды.

2021 жылы қаңтарда халық нетто-негізде 209,3 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Өткен аймен салыстырғанда, бұл шығыстар 23,7%-ға төмендеді (2020 жылы желтоқсанда - 274,3 млрд теңге), 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда (163,4 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 28,1%-ға өсті. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 64,3% немесе 134,5 млрд теңге, Ресей рублін – 24,0% немесе 50,2 млрд теңге, еуроны – 11,7% немесе 24,5 млрд теңге сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде, бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар – 33,3%-ға (өсім 28,4% ж/ж), Ресей рублін сатып алуға – 5,2%-ға (өсім 1,5 есе ж/ж) қысқарды. Халықтың еуроны сатып алу шығыстары керісінше 27,7%-ға өсті (өсім 4,9% ж/ж).

5. Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозит көлемі 2021 жылы қаңтардың соңында бір айда 2,7%-ға ұлғайып, 22 675,7 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 11 944,0 млрд теңгеге дейін 5,7%-ға өсті, жеке тұлғалардың депозиттері 10 731,7 млрд теңгеге дейін 0,6%-ға төмендеді.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 14 270,9 млрд теңгеге дейін 3,0%-ға, шетел валютасында - 8 404,8 млрд теңгеге дейін 2,1%-ға ұлғайды. Долларландыру деңгейі 2021 жылы қаңтардың соңында 37,1% (2020 жылғы желтоқсанда - 37,3%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылы қаңтарда 7 720,8 млрд теңгеге дейін 7,2%-ға, шетел валютасында – 4 223,2 млрд теңгеге дейін 3,2%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінің 35,4%-ы) ұлғайды.

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 6 550,1 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға төмендеді, шетел валютасында 4 181,7 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға ұлғайды (жеке тұлғалар депозиттерінің 39,0%-ы).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 3,7%-ға ұлғайып, 15 844,0 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 10 059,2 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар – 5 784,8 млрд теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2021 жылы қаңтарда 7,2% (2020 жылы қаңтарда – 7,3%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 9,4% (9,3%) болды.

6. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 0,2%-ға азайып, 2021 жылы қаңтардың соңында 14 594,5 млрд теңге болды. Заңды тұлғаларға кредиттер көлемі 6 994,4 млрд теңгеге дейін 1,4%-ға төмендеді, жеке тұлғаларға кредиттер көлемі 7 600,1 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 12 760,4 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 0,8%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер 1,0%-ға азайды. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 834,2 млрд теңгеге дейін 3,3%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 3,3%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер 3,2%-ға азайды. 2021 жылы қаңтардың соңында теңгемен кредиттердің үлес салмағы 87,4% (2020 жылы желтоқсанда – 87,0%) болды.

Ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі бір айда 12 508,5 млрд теңгеге дейін 0,1%-ға ұлғайды, қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 2 086,0 млрд теңгеге дейін 2,0%-ға төмендеді.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2021 жылы қаңтарда 2 538,9 млрд теңгеге дейін 0,9%-ға (экономикаға кредиттердің жалпы көлемінің 17,4%-ы) ұлғайды.

Салалар бойынша бөлгенде экономикаға банктік несиелердің едәуір мөлшері өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлес - 13,5%), сауда (11,6%), құрылыс (4,3%) және көлік (3,1%) сияқты салаларға тиесілі.

2021 жылы қаңтарда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,5% (2020 жылы қаңтарда – 12,1%), жеке тұлғаларға - 18,5% (19,0%) болды.

7. Төлем жүйелері

2021 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 18 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударымдары жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2021 жылы қаңтарда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 55,6 трлн теңгеге 3,7 млн транзакция жүргізілді (2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда саны бойынша 27,2%-ға, сомасы бойынша - 11,9%-ға төмендеді). Орташа алғанда бір күнде көрсетілген төлем жүйелері арқылы 3,1 трлн теңгеге 205,7 мың транзакция жүргізілді.

2021 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша 21 банк пен «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карталарын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карталарының жалпы саны 49,3 млн бірлік болды. Оның ішінде 2021 жылы қаңтарда төлем карталарының 53,7%-ын ұстаушылар қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) ақшаны алу операцияларын жүргізу кезінде пайдаланды.

Қазақстандық эмитенттердің төлем карталарын пайдалана отырып, 2021 жылы қаңтарда 4,9 трлн теңгеге 356,8 млн транзакция жүргізілді (2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда транзакциялар саны 10%-ға, сомасы – 24%-ға азайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карталары пайдаланылған операциялардың жалпы құрылымындағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 94,4% болды (желтоқсанға қатысты 1%-ға өсті (01.01.2021 ж. – 93,4%). Осы кезеңдегі операция көлемі 74,8% болып, 2020 жылғы желтоқсанға қарағанда 2%-ға өсті.
2021 жылы қаңтарда халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемі 58,9 млрд теңгеге 0,2 млн аударым болды.

2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда ақша аударымдарының көлемі 27,4%-ға төмендеді. Жөнелтілген аударымдардың жалпы көлемінің ішінен Қазақстаннан тыс транзакциялардың жалпы санының 76,2%-ы (0,1 млн транзакция) және транзакциялардың жалпы сомасының 92,6%-ы (54,5 млрд теңге) бағытталды. Қазақстан бойынша ақша аударымдары жүйелері арқылы жалпы санының 23,8%-ы (0,05 млн транзакция) және жалпы сомасының 7,4%-ы (4,4 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы 19,6 млрд теңгеге 0,1 млн транзакция алынды.

8. Зейнетақы жүйесі

2021 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2021 жылы қаңтарда 191,8 млрд теңгеге немесе 1,5%-ға ұлғайып, 13 105,2 млрд теңге болды (2020 жылғы 1 ақпанмен салыстырғанда 2 207,8 млрд теңгеге немесе 20,3%-ға ұлғайды).

2021 жылы қаңтарда зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен «таза» кіріс 2021 жылғы 1 ақпандағы 5 730,2 млрд теңгеге дейін 177 млрд теңгеге ұлғайды (2020 жылғы 1 ақпанмен салыстырғанда 1 368,4 млрд теңгеге өсті).

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескере отырып) 2021 жылы 1 ақпанда 11,0 млн шот болды.

2021 жылы қаңтарда зейнетақы төлемдерінің сомасы 73,8 млрд теңгені құрады.

2021 жылы 1 ақпанда БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 43,1%-ы және 24,8%-ы) алады.

Ең төменгі және ең жоғары кірістілігі бар мәмілелердің 5%-ын қысқарта отырып, МБҚ себетінің бағалы қағаздармен бір күндік репо операциялары кірістілігінің орташа алынған мәні
2 Теңгемен айналыстағы МБҚ (шетел валютасында МБҚ есепке алмағанда)
3 Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға