1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№2 баспасөз релизі. 2020 жылдың желтоқсанындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

1. Инфляция және инфляциялық күтулер

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2020 жылы желтоқсанда инфляция 0,9% (2019 жылғы желтоқсанда – 0,7%) болды.

Жылдық инфляция 7,5% (2019 жылғы желтоқсанда – 5,4%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 11,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,5%-ға, ақылы қызметтер – 4,2%-ға өсті.

2020 жылы желтоқсанда халық арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 7,6% болды.

2. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

Алдын-ала мәліметтер бойынша, Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 2020 жылдың желтоқсанында алтын бағасының өсуіне, Қарашығанақ консорциумынан салық өтемақысынан шетел валютасының түсуіне және Азия Даму Банкінің үкіметтік несиесіне байланысты 9,8%-ға ұлғайып, 35,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Жалпы алғанда, елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (58,7 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, алдын ала деректер бойынша, 2020 жылы желтоқсанның соңында 94,4 млрд АҚШ долларын құрады.

2020 жылы желтоқсанда ақша базасы 1,1%-ға (жыл басынан бері – 41,8%-ға) кеңейіп, 9 777,6 млрд теңге болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін қоспағандағы ақша базасы 5 087,8 млрд теңгеге дейін 9,7%-ға (жыл басынан бері – 6,3%-ға) тарылды.

Ақша массасы 2020 жылғы желтоқсанда 1,1%-ға (жыл басынан бері 16,9%-ға ұлғайды) ұлғайып, 24 917,8 млрд болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2 828,0 млрд теңгеге дейін 4,5%-ға (жыл басынан бері 22,9%-ға) өсті.

3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банк 2020 жылы 14 желтоқсанда пайыздық дәлізді +/ 1,0 п.т. дейін қысқарта отырып, базалық мөлшерлемені жылдық 9,0% деңгейінде сақтап қалу туралы шешім қабылдады.

Ақша нарығында ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA1 индикаторы 2020 жылғы желтоқсанда пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. 2020 жылғы желтоқсанда TONIA-ның орташа алынған мәні жылдық 8,40% (2020 жылғы қарашада – 8,95%) болды.

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2020 жылы желтоқсанның соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 4,8 трлн теңге болды.

Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі – 100,6 млрд теңге.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 720,4 млрд теңге болды. Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі – 1 129,7 млрд теңге.

Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 7,2%-ға ұлғайып, 2020 жылы желтоқсан соңында 2 927,3 млрд теңге болды.

2020 жылы желтоқсанда жалпы сомасы 1 328,3 млрд теңгеге 6 аукцион өткізілді, оның ішінде 906,2 млрд теңгеге 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кіріс – 9,02%), 322,1 млрд теңгеге 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кіріс – 9,50%), 100,0 млрд теңгеге жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кіріс – 9,74%) өткізілді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2020 жылы желтоқсанда 1 191,7 млрд теңге болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары. 2020 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырмады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2020 жылы желтоқсанда 0,2%-ға қысқарып, 9 477,3 млрд теңге2 болды.

2020 жылы желтоқсанның соңында мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістің төмендеуі аясында кірістілік қисығы3 2020 жылғы қарашаның соңындағы деңгеймен салыстырғанда төмендегенін көрсетті.

3. Валюта нарығы

2020 жылғы желтоқсанда теңгенің биржалық айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 417,42 – 423,01 теңге аралығында өзгерді. 2020 жылғы желтоқсанның соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 1,0%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 420,91 теңгені құрады.

Теңге – АҚШ доллары валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 12,7 млрд АҚШ доллары, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,5 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 10,2 млрд АҚШ доллары болды. Бір еншілес банктің биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлеміндегі үлесі 65,7% немесе 6,7 млрд АҚШ долларын (2020 жылғы қарашада – 80,4% немесе 6,5 млрд АҚШ доллары) құрады, бұл олардың меншікті капиталын валюталық тәуекелдерден хеджирлеумен байланысты. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс пен ұсыныстың ара-қатынасына әсер етпейді.

2020 жылғы желтоқсанда халық нетто-негізде 274,3 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Бұл шығыстар өткен аймен салыстырғанда 3,3%-ға төмендеді (2020 жылғы қарашада – 283,7 млрд теңге), 2019 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда (269,5 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 1,8%-ға өсті. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 73,6% немесе 201,8 млрд теңге, Ресей рублін – 19,3% немесе 53,0 млрд теңге, еуроны – 7,0%, немесе 19,2 млрд теңге сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға жұмсалған шығыстар 1,3%-ға (5,9%-ға ж/ж төмендеу), еуроны сатып алуға жұмсалған шығыстар – 29,8%-ға (7,3%-ға ж/ж төмендеу) қысқарды. Халықтың Ресей рублін сатып алуға жұмсалған шығыстары керісінше 2,6%-ға (57,4%-ға ж/ж өсу) өсті.

5. Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 0,7%-ға ұлғайып, 2020 жылы желтоқсанның соңында 22 089,7 млрд теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 11 297,7 млрд теңгеге дейін 2,0%-ға төмендеді, жеке тұлғалардың депозиттері 10 792,1 млрд теңгеге дейін 3,6%-ға өсті.

Бір айда ұлттық валютадағы депозиттер көлемі 13 855,7 млрд теңгеге дейін 4,0%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер көлемі 8 234,0 млрд теңгеге дейін 4,5%-ға төмендеді. Долларландыру деңгейі 2020 жылғы желтоқсанның соңында 37,3% (2019 жылғы желтоқсанда – 43,1%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2020 жылғы желтоқсанда 7 205,0 млрд теңгеге дейін 1,3%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттері 4 092,7 млрд теңгеге дейін 7,2%-ға азайды (заңды тұлғалар депозиттерінен 36,2%).

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 6 650,7 млрд теңгеге дейін 7,1%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттері 4 141,4 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға қысқарды (жеке тұлғалар депозиттерінен 38,4%).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 3,7%-ға ұлғайып, 15 279,6 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 9 496,8 млрд теңгені, шетел валютасындағы салымдар – 5 782,9 млрд теңгені құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,3% (2019 жылғы желтоқсанда – 7,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 9,2% (9,0%) болды.

6. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 0,2%-ға азайып, 2020 жылғы желтоқсанның соңында 14 623,1 млрд теңге болды (жыл басынан бері 5,5%-ға өсу). Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 7 097,0 млрд теңгеге дейін 2,6%-ға төмендеді, жеке тұлғаларға – 7 526,1 млрд теңгеге дейін 2,3%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі бір айда 12 726,6 млрд теңгеге дейін 1,2%-ға артты. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,6%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредиттер 2,5%-ға ұлғайды. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 896,4 млрд теңгеге дейін 8,3%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 7,9%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредиттер 26,7%-ға азайды. Теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2020 жылы желтоқсанның соңында 87,0% (2019 жылғы желтоқсанда – 83,4%) болды.

Бір айда ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі 12 494,4 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға төмендеді, қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 2 128,7 млрд теңгеге дейін 1,3%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2020 жылғы желтоқсанда 2 515,3 млрд теңгеге дейін 9,1%-ға ұлғайды (экономикаға берілетін кредиттердің жалпы көлемінен 17,2%).

Салалар бойынша бөлуде банктердің экономикаға беретін кредиттерінің анағұрлым қомақты сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 13,6%), сауда (11,7%), құрылыс (4,5%) және көлік (3,3%) сияқты салаларға тиесілі.

2020 жылы желтоқсанда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,4% (2019 жылғы желтоқсанда – 12,1%), жеке тұлғаларға – 14,9% (16,8%) болды.

7. Төлем жүйелері

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 18 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аудару жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2020 жылғы желтоқсанда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 63,1 трлн теңгеге 5,1 млн транзакция жүргізілді (2020 жылғы қарашамен салыстырғанда, саны бойынша ұлғаю 15,0%, ал сомасы 45,0% болды). Орташа алғанда бір күнде аталған төлем жүйелері арқылы 3,2 трлн теңгеге 254,1 мың транзакция жүргізілді.

2021 жылы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын 21 банк пен «Қазпошта» АҚ шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 48,0 млн бірлікті құрады. Олардың ішінде 2020 жылғы желтоқсанда төлем карточкаларының 55,8%-ын ұстаушылар қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) ақша алу операцияларын жүргізу кезінде пайдаланды.

2020 жылғы желтоқсанда Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалану арқылы 6,4 трлн теңгеге 397,6 млн транзакция жүргізілді (2020 жылғы қарашамен салыстырғанда транзакциялар саны 16,1%-ға, сомасы – 20,2%-ға ұлғайды). Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың жалпы құрылымындағы қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі саны бойынша 93,4%-ға дейін (2020 жылғы қарашада – 93,3%) өсті, көлемі бойынша – 72,8%-ға (72,9%) дейін азайды.

2020 жылғы желтоқсанда халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы жөнелтілген ақша аударымдарының жалпы көлемі 81,1 млрд теңгеге 0,3 млн аударымды құрады. 2020 жылғы қарашамен салыстырғанда, ақша аударымдары көлемінің төмендеуі 1,8% болды. Қазақстаннан тыс жерлерге жөнелтілген аударымдардың жалпы көлемінен транзакциялардың жалпы санынан 76,6% (0,2 млн транзакция) және жалпы сомасынан 92,3% (74,9 млрд теңге) бағытталды. Қазақстан бойынша ақша аударымдары жүйелері арқылы жалпы санның 23,4%-ы (0,1 млн транзакция) және жалпы соманың 7,7%-ы (6,2 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы 28,4 млрд теңгеге 0,1 млн транзакция алынды.

8. Зейнетақы жүйесі

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2020 жылы 2 112,9 млрд теңгеге немесе 19,6%-ға ұлғайып, 12 913,5 млрд теңге болды.

2020 жылы зейнетақы активтерін инвестициялаудан «таза» кіріс 1 220 млрд теңгеге 2021 жылы 1 қаңтарда 5 553,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ қосқанда) 2021 жылы 1 қаңтарда 11,0 млн шот болды.

2020 жылы зейнетақы төлемдерінің сомасы 193,4 млрд теңгені құрады.

2021 жылы 1 қаңтарда БЖЗҚ-ның жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінен 44,4% және 25,8%) алады.

1 Биржада МБҚ-мен автоматты репо секторында жасалған, мерзімі бір жұмыс күндік репоны ашу мәмілелері бойынша орташа алынған пайыздық мөлшерлеме

2 Теңгемен айналыстағы МБҚ (шетел валютасында МБҚ есепке алмағанда)

3 Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға