2022 жылдың 9 айындағы төлем балансын алдын ала бағалау туралы

ҚР ҰБ төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаевтың түсіндірмесі

Ұлттық Банк 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы төлем балансының алдын ала бағалауын қалыптастырды.

Төлем балансының ағымдағы шоты 7,9 млрд АҚШ доллар көлемінде профицитпен қалыптасты. Өткен жылдың осы кезеңінде 5,6 млрд АҚШ доллар көлемінде дефицит болған еді.

Ағымдағы шоттың теріс сальдодан оң аймаққа өтуі сауда балансы жағдайының жақсаруымен байланысты. Оның сальдосы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,9 млрд АҚШ долларына айтарлықтай жақсарып, 29,3 млрд АҚШ долларын (2,2 есе) құрады.  Профициттің өсуі импортқа қарағанда тауар экспортындағы өсу қарқынның анағұрлым жоғары болуына байланысты.

Тауар экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 47,9%-ға өсіп, 63,9 млрд АҚШ долларына жетті. Тауар экспорты сыртқы сұраныстың тұрақты деңгейінен және шикізаттың, әсіресе, мұнай бағасының өсуінен қолдау тапты. Атап айтқанда, мұнай мен газ конденсатының экспорты 63,4%-ға өсіп, 36,4 млрд АҚШ долларын құрады. Өз кезегінде, тауар импорты, 16,4%-ға өсіп, 34,6 млрд АҚШ долларына шықты. Өсім аралық тауар (21,6%-ға немесе 3,1 млрд АҚШ доллар) мен азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарлары (23,2%-ға немесе 1,5 млрд АҚШ доллар) импортының арту себебінен болды.

Жеке тұлғалардың трансшекаралық электрондық коммерцияға және ЕАЭО елдерінен автокөліктердің «сұр» импортына байланысты транзакциялары 2022 жылдың 3-тоқсан қорытындысы бойынша 318,8 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде интернет арқылы сатып алынған тауарлар импорты 262,1 млн АҚШ долларына теңесті. Ал, 56,7 млн ​​доллар – автомобиль импортына тиесілі. 2022 жылдың 9 айында осы транзакциялар бойынша түзетулердің жалпы сомасы 1,1 млрд АҚШ долларын құрады.

Тікелей шетелдік инвесторлардың кірісі де есепті кезеңде 22,5%-ға (немесе 3,7 млрд АҚШ доллары) өсіп, 20,2 млрд АҚШ долларына теңесті. Тауар экспортының өсуі шетелдік инвесторларға түсетін кіріс төлемдерінің ұлғаюымен қатар жүреді. Қаржы шотында (резервтік активтерді қоспағанда) 9,0 млрд АҚШ доллары көлемінде оң сальдо қалыптасып, сыртқы активтердің таза ұлғаюын және сыртқы міндеттемелердің азаюын көресетті (2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 6,3 млрд АҚШ доллары таза кіріс болды). Қаржы шотының оң сальдосы негізінен мемлекеттік сектордың операцияларымен қамтамасыз етіледі.

Резервтік активтер (ҚР Ұлттық қорының активтерін есепке алмағанда) 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 32,6 млрд АҚШ долларына бағаланды, бұл Қазақстанның тауарлар мен қызмет импортын 7,1 ай бойы қаржыландыру қажеттілігін өтейді.

Статистикалық мәліметтермен мына сілтемеге өтіп танысуға болады: https://nationalbank.kz/ru/news/platezhnyy-balans-vn-sektora

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға