1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк алаяқтық схемалардан сақ болуға шақырады

Ұлттық Банк жеке тұлғаларға қызмет көрстепейді және халықпен ақшалай есеп айырыспайды

Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) өздерін инвестициялық компания ретінде таныстыратын алаяқ топтардың белсенді әрекетке көшкенін хабарлайды. Қаскөйлер түлі сайт құрып, жарнамалық роликтер, сондай-ақ, құрылғыға қондырып алуды ұсынатын мобильді қосымшалар жасауға бейімделген.

Алаяқтықпен айналысатын мұндай ресурстар екінші деңгейлі банктермен, ҚҰБ-пен немесе басқа да мемлекеттік органдармен әзірленген жеке тұлғалардың қаражатын басқаруға салу секілді бағдарламаларға қатысуға үндейді.

Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жасаспайды, сол сияқты табыс табуға негізделген қандай да бір платформаларды әзірлеуге қатыспайды.

Алаяқтардың сайтында өтініш қалдырған кез келген интернет-қолданушы ақшасынан айырылатындай тәуекелге барады: алаяқтар оның жеке деректерін қолға түсіреді, телефон арқылы хабарласып, ақшаны өз реквизиттеріне аударып алудың айласына кіріседі. Ал, олардың қолына түскен қаражатты кері қайтару процедурасы ұзақ та күрделі болады, ал кей жағдайда қайтпай қалып жатады. Сөйте тұра, салынған сомманы кері қайтару үшін алаяқтар қолданушыны қосымша ақша салуға тағы мәжбүрлеуі мүмкін.

Алаяқтарды қалай анықтауға болады:

  • ондай сайттар аз уақыт ішінде инвестициядан көп әрі тұрақты пайда табуға кепілдік береді;
  • қандай да бір байланыс дерегі болмайды;
  • ресми мемлекеттік тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұлттық компания басшыларының фотосуреттері мен ойдан құрастырылған мәлімдемелері келтіріледі; жалған лицензияларды немесе құқық белгілейтін құжаттарды пайдаланады;
  • мемлекеттік органдардың, екінші деңгейлі банктердің немесе ұлттық компаниялардың логотиптері мен атаулары шын болуы мүмкін. Алайда, ол заңды тұлғалардың, оның ішінде Ұлттық Банктің мұндай алаяқтардың платформасына қатысы жоқ.

Жарияланған ақпаратты, сырттан түсетін сұрауларды немесе қандайда да бір әрекетке қойылатын талаптарды тексеру үшін қаржы институтының немесе банктің ресми нөміріне қоңырау шалу керек, ал күмән күшейген жағдайда қаржы мекемесіне барып, оның қызметкерімен сөйлесу керек.

Активтерді инвестициялық басқаруға лицензиясы бар ұйымдардың тізімі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жарияланған https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/financial-organizations/50?lang=ru.

Егер сіз немесе сіздің таныстарыңыз осындай сайттарға, мобильді қосымшаларға тап болса немесе телефон-алаяқтарының құрбаны болса – алаяқтық фактісі бойынша құқық қорғау органдарына арыз жазуға кеңес береміз.

Кеңес алу үшін Ұлттық Банктің ресми байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі арқылы (ұялы телефоннан тегін) хабарласуға болады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға