1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылдың наурыз айындағы іскерлік белсенділік индексі туралы

2022 жылдың наурыз айындағы іскерлік белсенділік индексі туралы ҚРҰБ ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің түсіндірмесі  

Наурыз айында геосаяси жағдайдың күрт өзгеруінен және экономиканың одан әрі дамуына қатысты белгісіздіктің жоғары деңгейінен іскерлік белсенділік қысымға тап болды.

Іскерлік белсенділік индексі (ІБИ) наурызда айтарлықтай төмендеді – 48,3 (ақпанда – 50,6). Іскерлік белсенділіктің төмендеуіне өнеркәсіп пен қызмет көрсету секторындағы субиндекстің 48,2-ге және 48,4-ке құлдырауы (ақпанда – тиісінше 51,4 және 50,6) түрткі болды. Дегенмен сол аралықта құрылыс саласында индекс мәні 47,1-ге дейін өсті (ақпанда – 46,0), бірақ сонда да төмендеп келеді.

Аймақтар арасында ІБИ-дің ең төмен мәні Солтүстік Қазақстан облысында (40,0), ең жоғары мәні Түркістан (55,4) мен Маңғыстау (54,2) облыстарында тіркелді.

2022 жылдың наурыз айында кәсіпорындардың бағалауы бойынша, бизнес жүргізудегі қазіргі ахуал нашарлай түсті: оң және теріс пікірлер арасындағы жауап теңгерімі (-)9,3 құрады (ақпанда – (-)2,4), жағдайдың нашарлағаны барлық секторда байқалды. Бизнес-ахуалды бағалаудың барлық факторы бойынша теріс жауаптардың легі басым болды. Салық жүктемесінің бағасы ақпан айындағы (-)5,5-тен (-)3,4-ке дейін жақсарды, бірақ әлі де теріс мәнде. Сұраныс айтарлықтай өзгерген жоқ (-3,8). Респонденттердің бағалауы бойынша, қалған факторларда (инфрақұрылым, қаржы/несиенің қол жетімділгі және бизнесті қорғау мәселелерінде) жағдай біршама мүшкіл.

Кәсіпорындардың алдағы 6 айғадағы болашақ бизнес-ахуалға қатысты сенімділігі айтарлықтай төмендеді: болашақ ахуалдың бағасы 2021 жылғы қаңтардан бері алғаш рет теріс мәнге ие болып, (-)5,2 болды (ақпанда – 21,5). Сайып келгенде, қазіргі және болашақ бизнес-жағдайлардың орташа бағасы саналатын бизнес-климат индексі экономикада айтарлықтай нашарлап, (-)7,2 құрады (ақпанда – 11,4).

2022 жылдың наурыз айында сауалнамаға 465 кәсіпорын қатысты: құрылыста – 71, өнеркәсіпте – 177, қызмет көрсетуде – 217.

Толығырақ

Жоғарыға